Қазақстанда суды басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастыру жұмысы жүріп жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында су саласындағы есепке алу жүйесі ескіргенін айтып, бұл бағыт ұлттық цифрлық жаңғырудың басты тармағы болуы керегін атап өтіп, су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасауды тапсырған. Осы саланы дамытуға арналған бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары әрі жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев су секторын цифрландыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында негізгі жоба ретінде Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын айтты.
– Ақпараттық жүйе электрондық үкімет, ведомствоаралық интеграция және ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес әзірленуде. Қазіргі кезде базалық функциялар жүзеге асырылып жатыр, аналитика мен болжау функциялары енгізілуде. 11 мемлекеттік ақпараттық жүйені интеграциялау есебінен суды басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігі қалыптасады, бұл деректердің дұрыстығын арттыратын болады, – деп түсіндірді Жаслан Мәдиев.
Оңтүстік өңірлер үшін, әсіресе су тапшылығы жиі сезілетін Қызылорда аймағы үшін маңызды жаңалықтың бірі ретінде биыл суару инфрақұрылымын автоматтандыру жұмыстары басталатыны айтылды. Жоспарға сәйкес, 2026 жылы 103 суару каналын автоматтандыру қолға алынады. Оның ішінде Қызылорда облысында да су бөлгіш бекітпелерді басқару жүйесін енгізу көзделіп отыр. Бұл су таратуды қолмен реттеу тәуелділігін азайтып, су қозғалысын тәулік бойы автоматты бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Ислам даму банкінің қолдауымен тағы 264 каналды цифрландыру жоспарланып отыр. Суды жоспарлау және басқаруға арналған арнайы бағдарламалық қамтылым енгізіледі. Қашықтан басқару жүйесі су мамандарының каналдарды аралап тексеруін алмастырып, судың әділ бөлінуін 24/7 режимінде бақылауға жағдай жасамақ.
Бұдан бөлек, электрондық шарт жасасу және су тұтынуды болжау жүйесі пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Министрдің айтуынша, бұл жүйені өнеркәсіптік пайдалануға беру жыл соңына дейін жоспарланған. Қызметті тұрғындарға ыңғайлы ету үшін eGov mobile, екінші деңгейлі банктер және 1С жүйелерімен интеграциялау қарастырылып отыр.
Коллаж автордікі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!