Мәдениет нысаны көпфунционалды, 1000 адамға арналған.
Жалпы, Сыр елінде биылғы жыл «Руханият жылы» деп жарияланған болатын.
Қызылорда облысында дәл осы уақытта құрылысы жүріп жатқан мәдени ғимараттар өте көп.
Бүгін Қызылорда қаласында «Өнер орталығы» салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева да қатысты. Салтанаты жиында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деген болатын. Сыр өңірі – шежіре тұнған, халықтың асыл мұралары сақталған алтын көмбелі мекен, қазақ театрының алғашқы қазығы қағылған жер. Аймағымыздың киелі сахнасынан мәдениет майталмандары мен өнер тарландары түледі.
Қызылордада осындай өнер ордасына қажеттілік заман үдерістері мен көрермен талғамына сәйкес туындады. Аз ғана уақыттың ішінде құрыш қолды құрылысшыларымыздың кәсіби шеберлігі арқасында көз алдарыңызда сәні мен сәулеті келіскен «Өнер орталығы» бой көтерді. Ғимараттың салтанатты ашылуын әйел-аналарымыздың құрметіне, Сыр сұлуларының мерекесіне арнаудамыз. «Өнер орталығы» еліміздің рухани қазынасын толтыруға, мәдениеті мен өнерін асқақтатуға қызмет ете берсін!, – деді аймақ басшысы.
Іс-шарада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматов сөз сөйледі.
Мұнан әрі қонақтар жаңа орталықты аралап, «Сыр өңірі өнер тұлғаларының экспозициялық картинасы» және «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің бесігі» атты көрмені тамашалады.
Облысымыздағы ашылып жатқан үлкен мәдениет ошағы – Өнер орталығы деп аталады. 1985 жылы Қызылордада Нартай Бекежанов атындағы театр пайдалануға берілген болатын. Бұл – содан кейінгі ең үлкен мәдени нысан. Ғимараттың ашылу салтанатында іне шаншар орын болмауын көпшіліктің өнерге, руханиятқа деген ықыласы деп айтуымыз керек. Мәдениеттің қалыптасуы үшін осындай ірі жобалардың көбейгенін қолдаймын. Өнер мен мәдениет үстемдік құрған кезде ғана қоғамдық сана қалыптасады. Сондықтан, халықтың игілігіне жұмыс істейтін орталық болсын деп тілеймін!, – дейді ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы Берік Саймағанбетов.
1000 келушіге арналған орталықтың іргетасы 2022 жылдың қыркүйек айында қаланған еді. Құны 3,7 миллиард теңгені құрайтын зәулім ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі. Нысан ерекше сәулет үлгісінде салынып, үлкен сахна, мәжіліс залы, үйірме бөлмелерімен қамтылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!