Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: Жылу жүйесі 72 пайыз жаңартылған

04.08.2020, 9:30 683

 HALYQLINE.KZ Кеше Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті.

Шаһар басшысы күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқыламас бұрын, кадрлық өзгерістерге тоқталды. Жаңа қызметке тағайындалған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиев, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы лауазымына келген Ғабит Тобажанов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінінің басшысы Мұхтар Ниязов, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова, қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаева мен қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Бахыт Жанәліні таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Келесі кезекте, мәжілісте бекітілген күн тәртібіне сәйкес «Алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары» мен «Жаңа оқу жылына дайындық барысы» және «Жол қауіпсіздігін алдын алу мақсатында атқарылған шаралар туралы» мәселелер қаралды.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесі директорының міндетін атқарушы Наурыз Сатханов жылу маусымына дайындық жұмыстарының жоспарлы түрде бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Қала бойынша алдағы жылу беру маусымының дайындығына қатысты хабарламаны тыңдаған шаһар басшысы жауаптыларға барлық әлеуметтік нысандарды резервтік автономды электр қондырғыларымен қамтамасыз ету, мемлекеттік бағдарлама бойынша жүргізіліп жатқан жобалардың мерзімінде және сапалы аяқталуын қатаң бақылауға алып, қала аумағындағы әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығы бойынша тиісті жұмыстарды үйлестіріп, дайындық паспорттарын 1 қыркүйекке дайын болуын қадағалау сынды бірнеше тапсырмалар жүктеді.

Сонымен бірге қатты және сұйық отынның тұрғындарға делдалсыз, тікелей отын тасымалдаушы кәсіпкерлерден жеткізілуін, елді мекендерде қатты және сұйық отындарға тапшылық орын алмауын қатаң бақылауға алу керек екенін ескертті.

Берілген тапсырмалардың сапалы және мерзімінде орындалуы мен ұйымдастырылуын қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжановқа тапсырды.

Айта кетейік, Қызылорда қаласындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 186,8 шақырымды құрайды. Оның 35,7 шақырымы магистральды жылу желілері болса, 151,1 шақырымы кварталаралық желілер. Биыл қала бойынша кварталаралық жылу құбырларының 12 шақырымы жаңалануда. Жалпы соңғы 7 жылда жылу жүйесін жаңғыртуға 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, қаладағы 72 пайыз магистралды жылу желілері ауыстырылған.

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: