Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қызылорда-Жезқазған» жолын реконструкциялау барысы талқыланды

16.02.2023, 15:45 447

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңір халқының көптен күткен игілігі – «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолын жаңғырту барысы қаралды.

Аймақ басшысы Сыр өңірін елордамен, көршілес облыстармен байланыстыратын бұл жолды қалпына келтіру жұмыстары ел Президентінің тікелей бақылауында екенін айтты. «Қызылорда-Жезқазған» жолының жаңғыртылуы тек жолаушылар қатынасын ғана реттеп қоймай, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін атап өтті.

«Өткен аптада өңірімізге Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты Басшысының бірінші орынбасары Сыздықбеков Ғабит Әбдімәжитұлы жұмыс сапарымен келіп, «Қызылорда-Жезқазған» автожолы құрылысының барысымен танысты. Жоба айналасында бірқатар шешілмеген түйткілдер бар екендігі анықталды. Әлі күнге дейін 2 лот бойынша мердігер мекемелер анықталмаған. Оған қоса, өткен жылы республика бойынша битум тапшылығы күрделі мәселеге айналды. Қолдағы бар мәліметке қарағанда, «Қызылорда-Жезқазған» жолының конкурсы анықталған 4 лоты бойынша 50 мың тонна битум қажет болса, қазіргі таңда өңірге тек 13 мың тоннасы ғана жеткізілген», – деді облыс әкімі.

Мәжілісте «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалының директоры Ерұлан Жүнісов құрылыс жұмыстарының барысын баяндады.Облыс әкімі осы құрылысқа қажетті материалдарды Қызылорда қаласының жолдарымен, Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі көпір арқылы тасымалдау кезінде жергілікті жолдардың бұзылатынын ескертті. Сондықтан мердігер мекемелермен жолдарды қалпына келтіру жөнінде алдын ала келісімдер жасау қажеттігін баса айтты.

Жиын қорытындысында аймақ басшысы «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалына «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды қамтамасыз етуді, жұмыс сапасын Жол активтері Ұлттық сапа орталығымен бірлесіп қадағалауды тапсырды. Мұнан бөлек, мекемеге қажетті материалдардың жеткілікті көлемде жеткізілуі жөнінде тапсырма берілді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: