Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: Жаңа кен орындарын іздестіру жұмыстары жүргізіледі

08.02.2023, 10:15 411

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевпен бірге өңірдегі мұнай кен орындарын аралады.

Нұрлыбек Нәлібаев пен Мағзұм Мырзағалиев Ақшабұлақ кен орнында болып, «Торғай-Палеозой» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Еске салсақ, «Торғай Палеозой» барлау алаңында 5 мың метрден астам тереңдікте көмірсутек шикізатына геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда Қызылорда облысында мұнай өндіру технологияларын жетілдіру және жаңа кен орындарын барлау-іздестіру жұмыстары қолға алынбақ.

Республикалық бюджет есебінен Шу-Сарысу және Арал бассейндерінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде, Сырдария шөгінді бассейнді зерттеуге республикалық бюджеттен қаражат бөлу сұратылды. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мұнай компанияларындағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен жаңа кен орындарын барлау бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Әрі қарай облыс әкімі мен ұлттық компания басшысы Құмкөл кен орнындағы мұнай барлау жұмыстарының негізін салған қайраткер Мұрат Саламатовтың ескерткіш бюстіне гүл шоқтарын қойып, кен орнындағы өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.Айта кетейік, өңірдегі жұмыс сапары аясында Мағзұм Мырзағалиев Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде Қызылорда облысының мектептеріне «National Geographic» журналына жазылуға сертификаттар табыстады. Ғылым әлемінде танымал басылым география, табиғат, тарих, ғылым және мәдениет туралы ақпараттық-танымдық материалдарды қамтиды және оқушылардың ақыл-ой қабілеттерін дамытуға әрі жалпы эрудициясын арттыруға мүмкіндік береді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: