HALYQLINE.KZ Қызылордада «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXVIІ конференциясы өтті. 120-дан астам партиялас бас қосқан алқалы жиында партияның Қызылорда облысы бойынша сайлауалды бағдарламасы мен облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне үміткерлер арасында пікірсайыс ұйымдастырылып, қатысушы делегаттар таңдау жасады. Облыстық филиалдың Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізіліп, өңірден партияның ХХ Съезіне қатысатын 20 делегат сайланды.
Жиынға төрағалық еткен облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова күн тәртібіне сәйкес, бірінші болып бектілген сайлауалды бағдарламаның маңыздылығын атап өтті.
– 7 негізгі бағытты қамтыған сайлауалды бағдарлама – партия қызметінің алдағы мақсат-міндеттерін белгілеп, олардан күтілетін нәтижені айқындайтын құжат. Бағдарлама жобасы праймериз кезінде ресми сайтта жарияланып, 1 жарым ай көлемінде ашық талқыланды. Талқылау барысында тұрғындардан мыңға жуық ұсыныс түсіп, олардың 83 пайызы бағдарламаға енгізілді, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында ең жоғары рейтингісі бар праймеризге қатысушылар қатарынан Қызылорда облыстық мәслихатына 53 кандидаттан тұратын партиялық тізім түзілді. Ондағы әйел азаматтардың саны 3 есе артқан. 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 0-ден 15 пайызға жетіп отыр. Үміткерлердің орташа жасы 8 жасқа төмендеген. Ал қызметтегі депутаттардың 12-сі ғана жаңа тізімге енгізілген.
Конференция барысында Мәжілістегі партиялық тізімге үміткерлер арасында пікірсайыс өтті. 11 үміткердің ішінен партиялықтар «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өңірдің өкілдік квотасына сәйкес 3 үміткерді таңдады.
Көп дауыс жинағандар қатарында қызметтегі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева, СПК «Байқоңыр» АҚ-ның тәуелсіз директоры Ғалым Әмреев, «ҚазПочта» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Аида Әбибуллаевалар бар.
Олар конференция шешімімен мәжілістің партиялық тізіміне енгізілуі үшін Съезге ұсынылатын болды.
Жиын соңында басқа жұмысқа ауысуына байланысты «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы Саяси кеңес құрамынан Ақмарал Әлназарова, Сұлтан Мақашов және Талғат Тілестер шығарылып, «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова, «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Талғат Дүйсебаев және «Jas Otan» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әлішер Қардашов енгізілді.
Конференция жұмысына Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандық филиалдарынан сайланған делегаттар бейне-байланыс жүйесі арқылы қатысты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!