Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысының даму қарқыны жоғары

06.11.2025, 11:40 173

Қасым-Жомарт  ТОҚАЕВ,

ҚР  Президенті:

Өткен  аптада  мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр  еліне  жұмыс  сапарымен келді.  Бірден  айта  кетейік, ел президенті  Қызылорда облысының қарқынды  дамып  келе  жатқанын айтып, атқарылған  жұмыстарға  оң бағасын  берді. Ақмешіттегі  айтулы әрі  ақжолтай  жаңалықтың  көптігі  сонша,  жергілікті  билік  те  мемлекет басшысының  жұмыс  кестесіне  сай  барлығын  бір  күнде  көрсетіп  қалуға тырысты.  Сол  себепті, Қасым-Жомарт  Кемелұлының  Сыр  бойына  сапары  тығыз  әрі  қауырт  болды.

ЖАҢА  ТЕРМИНАЛ  –  ҮЛКЕН  МҮМКІНДІК

Мемлекет басшысының Қызылорда облысы­на сапары «Қорқыт ата» халық­аралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан басталды. Президентке ең бірінші әуежай қызметі, ішкі және халық­аралық әуе рейстеріне қызмет көрсету процесі жөнінде баяндалды. Сондай-ақ, жолау­шыларды тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы, автоматтандырылған жүк беру жүйесі  көрсетілді.

Жаңа терминал былтыр қараша айында ашылған болатын. Жобаға 16,6 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция салынса, жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізуге 4,3 миллиард теңге бөлінді. Әуежайдың өткі­зу қабілеті жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушыға дейін ұлғайды. Нысан бүгінде Халықаралық азаматтық авиация комитеті (ICAO) мен Халықаралық әуе көлігі қауым­дастығының  (IATA) жоғары стандарттарына сәйкес  жұмыс  істеп  тұр.

«Қорқыт ата» әуежайынан Air Astana, FlyArystan және Qazaq Air әуе компаниялары аптасына 29 рейс орындайды. Қазіргі кезде терминал жанынан «Қазаэронавигация» РМК жаңа диспетчерлік мұнара мен әкімшілік-техникалық ғимараттың құры­лысын  жүргізіп  жатыр.

Жобаның іске асуы Сыр өңірінің көлік инфрақұрылымын дамытып ғана қоймай, туристік әлеуеті мен инвестициялық тартым­дылығын да арттыруға оң септігін тигізері  сөзсіз.

ОҢ  БАҒАСЫН  БЕРДІ

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет басшысына Қызылорда облысы­ның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыс­тар, сондай-ақ облыс орталығы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде мәлімет берді.

Облыс әкімінің сөзінше, соңғы 4 жылда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 233 пайызға артқан. Биыл 720 мил­лиард теңгеден аса қаржы тарту жоспарланған. Оның арасында жеке инвестицияның  үлесі  70  пайызды  құрайды.

Экономиканы әртараптандыру мақсатында  алдағы 3 жылда аймақта құны 2 триллион теңгеге жуық­тайтын 90 инвестициялық жоба жүзе­ге асырылады. Бұл өз кезегінде 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл жалпы құны 302 миллиард 500 миллион теңге болатын 27 нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде оның тоғызы пайдалануға беріліп те үлгерді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, With You қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорны, Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар өндірісі және басқа да жобалар жөнінде баяндалды. Сонымен қатар, шыны кластерін дамыту және бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода өндіру зауыты, тауарлы сүт фермасы жобаларын іске асыру жоспары жайында айтылды.

Мемлекет басшысы алға қойған жоспарларды уақытылы және сапалы іске асырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа инвес­тициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды  тапсырды.

ЕЛ  ИГІЛІГІНЕ  ТАБЫСТАЛҒАН  МӘДЕНИЕТ  ОШАҒЫ  КӨП

Қасым-Жомарт Тоқаев Өнер орта­лығына да арнайы аялдады. Онда­ғы көрермен залын аралап көріп, облыстық симфониялық ор­кестр­дің  дайындық  барысын  тамашалады.

Мың орынға арналған көп функционалды кешен былтыр ашылған. Кең әрі заманауи үлгідегі ғимарат құрылысына 3,7 миллиард теңге жұмсалған. Мұнда концерттер, шығармашылық кештер мен түрлі қоғамдық іс-шаралар ұйымдас­тырылады. Орталықта бірнеше шы­ғармашылық   ұжым   орналасқан.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылдан бері облыста 18 мәдениет нысаны ашылғаны туралы мәлімет берілді. Мысалы, 7 заманауи «Руха­ният» орталығы, музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен шалғай елді  мекендерде  мәдениет үйлері салынды.

Әкімдік мәдениет саласы қызметкерлерін баспанамен қамту, мамандардың біліктілігін арттыру және озық тәжірибені енгізу бағыттары бойынша  жүйелі  жұмыс жүргізіп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев балалар мен жас­өс­пірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары»  шығармашылық-инновациялық академиясының жұмысымен таныс­ты. Бұл нысан биыл мамыр айында ғана  пайдалануға  берілген  еді.

Президентке академия қызметі өңір жастарының зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталғаны жөнінде баяндалды. Кешенде бассейн, спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, шығармашылық студиялар мен зертханалар  бар.

Қызылорда облысында қосымша білім беру жүйесін дамыту аясында 2022 жылдан бастап Жаңақорған, Жалағаш және Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Шығармашылық мектептері  бой  көтерді.

Былтыр облыс орталығында заманауи Оқушылар сарайы ашылды. Бұдан бөлек, Қызылордада Кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандықтары бойынша құзыреттілік орта­лығының құрылысы басталды. Бүгінде Президент саябағында уақыт талабына сай балалар сауықтыру лагері  мен  қысқы бақ салынып жатыр.

Сондай-ақ, президент өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен танысып, археология, этнография, Қазақстанның бұрынғы және қазіргі тыныс-тіршілігінен хабар беретін залдарды  аралап  көрді.

Биыл жазда бой көтерген музейде 12 тақырыптық зал жабдықталған. Қазір мекеме қорында 70 мыңға жуық  жәдігер  бар.

«ТАЗА»  ДЕГЕН  – ЖАҚСЫ  СӨЗ»

Қасым-Жомарт Тоқаев Қызыл­орда облысына жұмыс сапары ба­рысында өңір жұртшылығымен әң­гіме­лесті.

Президент аймақтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылатынын айтты. Сондай-ақ, бірқатар мәселе бойынша пікірімен бөлісті.

– Дүниежүзіндегі ахуал баршаңыз­ға жақсы мәлім. Әлемдегі жағдай бұлыңғыр, құбылмалы. Сондықтан, ең алдымен, жастарға көңіл ау­дару қажет. Жастарымыз – дарынды, қабілетті. Оларға дұрыс бағдар көрсетіп, жақсы тәрбие, тәлім беру – маңызды. Қазіргі заманда есірткі, нашақорлық секілді сын-қатерлер аз емес. Жастардың болашағы – білімде. Ойы ұшқыр, көкірегі ояу, көзі ашық жастар – біздің келешегіміз. Бәріміз бір ұлт болып, ел үшін, халық үшін жұмыс  істеуіміз  керек, — деді  прези­дент.

Мемлекет басшысы елімізді өркендету жолында қолға алынған бас­тамалар  жөнінде  әңгімеледі.

– «Таза  Қазақстан»   акциясы   кең  ауқымда  жүргізілуде. «Таза»  деген – жақсы сөз. Ең алдымен, арымыз, ниетіміз таза болуы керек. Жалпы Қазақстан  таза  болуы  қажет. Бұл – болмысымызға  әсер  ететін  үлкен  іс. Екінші, цифрлық мемлекет құру. Заманауи, озық елге айналуымыз керек. Әйтпесе дамыған елдер көшінен қалып қоямыз. Сондықтан цифрландыруды, жасанды интеллектіні міндетті түрде дамыту қажет. Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Бұдан бөлек, атом стансаларын салуымыз керек. Қазір бірінші стансаның құрылысы басталды. Таяу арада екінші АЭС жоба­сын қолға аламыз, — деді мемлекет  басшысы.

Президент өңір үшін су тап­шы­лығы өте өзекті мәселе екенін жет­кіз­ді.

– Су тапшылығына баса назар аудара­мыз. Келешекте де су мол болады дей алмаймыз. Оған дайын болуы­мыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр. Биыл  ауыл  шаруашылығына 1 триллион теңге берді. Бұл – үлкен мүмкіндік, — деді  мемлекет  басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәде­ниет, өнер саласына мән беретініне тоқталды. Астана мен Алматы қалаларында тәулік бойы қызмет көрсететін екі бірдей Президенттік кітап­хана салынып жатқанын жеткізді. Болашақта  осы секілді үшінші кітапхана Қызылорда қаласында ашылуы мүмкін  екенін  айтты.

МЕМЛЕКЕТ  БАСШЫСЫ  ТАҒЫ  БІРНЕШЕ  НЫСАНДЫ  АРАЛАДЫ

«Қызылорда-нан» ЖШС-ның нан-тоқаш, кондитерлік және мака­рон өнімдерін өндіретін кешені биыл  қазан  айында  ғана  іске қосыл­ды. Жобаның жалпы құны – 5,6 мил­лиард теңге. Өндіріс толығымен автом­аттандырылған.  Өнімдердің  30 пайызға жуығы кәсіпорынның жеке сауда желілері арқылы саты­лады, ал 70 пайызы қала аумағындағы және маңындағы  дүкендерге  жеткізіледі.

Ал жаңа жылу электр стансасы мемлекет басшысының оңтүстік өңірлерде халық пен экономика сұранысын қамтамасыз ету жөнін­дегі тапсырмасын орындау мақсатын­да салынып жатыр. Орталық 240 мегаватт электр қуатын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Жобаның жалпы құны – 215 миллиард теңге. Жылу электр стансасы түркиялық Aksa Energy компаниясының инвестициясы есебінен бой көтерді.

Қазіргі кезде негізгі агрегаттар, атап айтқанда, әрқайсысының қуаты 176 мегаватт болатын екі газ турбинасы, қуаты 95 мегаватт бу турбинасы, өнімділігі сағатына 120 тоннаға жететін екі бу қазандығы, қуаттылығы сағатына 150 гигакалорияны құрайтын төрт су қыздыру қазандығы орнаты­лып,  толық  монтаждалған.

Әлбетте, Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Сыр өңіріне жұмыс сапарына көпшілік  те  қызыға  қарады. Кейбірі президенттің  облыстарға жасаған сапарының мұндай тығыз кестеде өткенін  бірінші  рет  көргенін жазуда.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс қарқынын  әлі  де  арттыратынын  жеткізді.

– Мемлекет басшысының жоғары бағасы бірлесіп атқарған жұмысы­мызға, елдің бекем бірлігіне берілді. Жүктелген міндеттер ауқымды, сондықтан жұмыс қарқынын бұрынғыдан да  күшейтуіміз  керек, — деді  ол.

СПОРТТЫҚ  НЫСАНДАР  ДА  НАЗАРДАН  ТЫС  ҚАЛМАДЫ

Президент Қызылорда қаласындағы 11 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионын аралап көрді. Нысанның құрылысы биыл қазан  айында  аяқталған. Жаңа спорт кешені UEFA талабы бойынша IV санатқа сай келеді. Аренада халықаралық  сайыстармен  бірге мәдени іс-шараларды өткізуге мүмкін­дік бар. Кешенде бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика және басқа да спорт түрлеріне арналған  залдар  орналасқан.

Мемлекет басшысы «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен әңгімелесті.

– «Қайсар» – елімізде жекеменшікке өткен алғашқы клубтардың бірі. Алдағы уақытта футбол академиясы салынады. Клубтың келешегі жарқын болады деп ойлаймын. Баршаңызға табыс тілеймін, — деді Қасым-­Жомарт  Тоқаев.

Кездесу  соңында  Президент футбол  добына  қолтаңба  қойды.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қызылорда қаласындағы Үстел теннисі орталығын аралап көрді. Кешен­ді салуға облыс бюджетін оңтайландыру барысында үнемделген қаражат есебінен  2,5 миллиард теңге қаралып, құрылыс былтыр қазан айында аяқталды. Сондай-ақ, «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900  миллион  теңге  қаржы  бөлген.

Заманауи үлгіде салынған орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Мұнда  52 қызметкер жұмыс істейді. Бүгінде онда 280 бала үстел теннисімен тұрақты  түрде  шұғылданады.

«Президент атқарылған істерге «Облыс жақсы дамып келе жатыр. Қарқыны жоғары» деп оң баға берді. Бұл – мемлекет басшысының биік сенімін ақтап, халыққа адал қызмет жасаудың, елдік мұрат жолында білімі мен білігін жұмсаудың, ел үшін аянбай еңбек етудің үлгісін танытқан, барша жерлестерімізді береке-бірлікке ұйытқан аймақ басшысының  қыруар жұмысты ұтымды  ұйымдастыруының нәтижесі» деді Қызылорда облысы  әкімінің  бірінші орынбасары Данияр  Жаналинов.

Жұрт  айтып жүрген «Әкімді алып кетеді» деген ақпараттың жай сөз екенін байқадық. Бір жағынан, сырбойылықтардың  да Машбекұлын  ешқайда жібергісі   жоқ  сияқты.

Қорытындыласақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңіріне жұмыс сапары сәтті аяқталды. Президент аймақтағы жаңа әлеуметтік, инфрақұрылымдық, өндірістік нысандарға табан тіреді. Бірқатар ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысымен танысты, облыс жұртшылығымен емен-жарқын әңгімелесті. Ең бастысы, Қызылорданың қарыштап дамып келе жатқанын байқады. Сыр  елінің  болашағына  сенім  білдірді.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: