HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен елімізде 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұсынысы негізінде алдағы 3 жылда Қызылорда облысында 15100 орынға арналған заманауи 21 мектеп салынады деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны – 100 млрд. теңге. Атап айтқанда: Қызылордада – 8, Аралда – 4, Қазалыда – 2, Қармақшыда – 2, Жалағашта – 1, Сырдарияда – 1, Шиеліде – 1 және Жаңақорған ауданында заманауи 2 мектеп бой көтереді.
Облыстық білім басқармасының басшысы жоба аясында биыл өңірде 10 мектептің құрылысы басталатынын айтып, олардың өзге мектептерден айырмашылығын сөз етті.
«Мамыр-маусым айында 10 мектептің құрылысын бастаймыз. Бүгінде барлығының жері рәсімделді. Сметалық құжаттары дайындалды. Жалпы ерекшелігіне келсек, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқитын болады. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Сондай-ақ бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады, заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдай жасалады», – деді М.Шермағанбет.
Жалпы, 2023 жылға білім саласына 260 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Алдағы 3 жылда облыстағы үш ауысымды және апатты мектептердің жағдайы толық шешіледі деп күтілуде, ауылдық елді мекендердегі мектептер жаңғыртудан өтеді.
Былтыр апатты деп танылған 6 мектептің үшеуінің мәселесі шешімін тапты, ал қалған 3 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын болады. Бұдан бөлек, биыл 5 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ ағымдағы жылы жоспарға сәйкес ауылдық елді мекендегі 47 мектеп жаңғыртудан өткізіліп, 51 мектепке пәндік (физика, химия, биология) кабинеттер алынатын болады.
Білім саласындағы тағы бір қуанышты жаңалық, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл 1-4 сынып оқушылары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Бұл облыс бойынша алғаш рет жүзеге асырылып отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!