Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қытаймен визасыз режим – азаттығымызға орасан қауіп

27.04.2023, 12:20 570

Бұл  күндері  қазақ  қоғамы  Қазақстан  мен  Қытай  Халық  Республикасы арасындағы  визасыз режим туралы қаулы жобасын қызу талқылап, оған наразылықтарын  ашықтан-ашық білдіруде. Иә, Қазақстан мен Қытай Үкіметі екі  бағытта  да  өз азаматтары үшін визасыз режим енгізуді жоспарлап отырғаны баспасөзде  айтылған. Мұндай қаулының жобасын Сыртқы істер министрлігі әзірлегенінен  де  хабардармыз.

Қаулы  жобасына  сәйкес, қазақстандықтар  Қытайға, ал ҚХР азаматтары Қазақстанға  визасыз  бара  алады,  туристер  шекарадан  өткен  сәттен  бастап  30  күннен  және 180 күндік кезеңде  90  күннен  аспайтын  мерзімде бола  алады дейді.

Тараптар өзара визасыз режим туралы мәселені 2022 жылдың маусым айында талқылапты. Бұдан кейін Қазақстан біржақты тәртіпте Қытай азаматтары үшін 14 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге визасыз режим ашқан. Алайда бұл шешімді Қазақстан жұрты, оның ішінде мемлекет құраушы қазақ халқы қолдап отырған жоқ. Экономикалық, туристік байланыстардың визасыз режимге күні қарап қалмасы анық. Оның басқа да ондаған жол-жосықтары жетіп жатыр.

Ең бастысы, визасыз келетін елдер санын жүзге жеткіземіз деген ұмтылыспен министрлік мәселенің мәнісіне бойламай үстірт шешім қабылдау салдары ел тәуелсіздігіне қауіп төндіруі аса ықтимал! Әрине, шенеуніктер өз ұстанымын жан сала қорғап бағатыны түсінікті. Бірақ мәселеге байыппен қарайтын болсақ, Қазақстан  мен  Қытай  арасында  визасыз  режимнің  түкке  де  қажеті  жоқ!

Мұндай үстірт қадамның Қазақстан үшін экономикалық, демографиялық, саяси салдары болатыны анық. Қытайдың айналасындағы елдерге экспансиялық саясат ұстанатыны ешкімге құпия емес. Бүкіл Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қазір Қытайдың ықпал аясында. Қытайлықтардың бұл аумақтағы ең үлкен  500 компаниясының жалпы активі – 540 млрд доллар. Олар айғайлатпай, үндемей жүріп-ақ өз шаруасын бітіре береді. Айталық, түрлі жолдармен өтіп алған қытайлықтар Таиланд халқының 10 пайызын құрайды, бірақ елдің ЖІӨ-нің тең жартысы солардың  еншісінде.

Үңіліп зерттей берсең, небір сұмдық цифрлар алдан шығады. Қытайлар Малай­зия халқының үштен бірін құрайды, бірақ хуа­цяо-қытайлары  ел экономикасының  80 пайызына ие. Қытайлықтар Үнденезияда тұрғындарының  не­бәрі 3  пайызынан  аспаса да,  бірақ экономиканың 70 па­йызы – солардың қолында. Филиппин  еліне кірген  қытайлықтар  әзірге  1  пайыз­ға  да  жете  қойған  жоқ, бірақ аздығына  қарамастан  олар елдің  өндіріс  өнімінің 35 пайызын ұстап отыр. Ақша қаражатының көптігі, «арзан несие» мүмкіндіктері Қытайдың экспансиялық тәбетін ашқан үстіне ашып барады.

Бүгінгі таңда Африканың көптеген елдері – Қытайдың экономикалық бодандығында. Қытайдың Африка елдерінде ашқан компанияларының саны  4 мыңға таяу болса, салған инвестиция көлемі 50 млрд долларға жетіп қалды.  Қазір қара құрлық Қытайдың ашса – алақанында,  жұмса – жұдырығында.

Қытайдың Қазақстанға қатысты ресми саясаты достық пейілде болғанымен, бірқатар шенеуніктерінің ұлыханьдық ішкі ұстанымдары басым түсіп жатады. Экономикалық саясатпен ілесе демографиялық сая­сат та қосарлана жүреді. Бұған қоса Қытайдың хуацяо саясатын естен шығару­ға болмайды. Бөтен  елдерге  барып, сонда үйленіп, бала-шағалы  болып, бірақ Қытай мүддесіне жұмыс істеу құбылысы хуацяо деп аталады. Сол саясат дәл Қазақ­станға келгенде  тоқ­тап қалады дегенге кім сенеді? Визасыз режим ақшалы қытай азаматтарының қазақ қыздарына үйленуіне кеңінен жол ашқалы отыр. Олардың ұрпақтары жаңағы хуацяо саясатының нақты жемісі болмақ. Сөз арасында визасыз режимнің Қытайда тұратын қазақтарға да еш пайдасы жоқтығын айта кетейік. Өйткені олар паспортсыз болғандықтан Қазақстанға  келе  алмайды!

Тағы бір үрейлі жағдай, Қазақстан қоғамы Қытаймен визасыз режим құбылысына демократиялық тұрғыдан дайын емес. Қазақстан шенеуніктерінің мемлекетшілдік қасиеті мүлде төмен. Коррупция жайлаған елде мемлекеттік мүдде қолма-қол сатылып кете береді. Осындай жағдайда визасыз режим Қазақстан байлығының жасырын-көрінеу жолдармен Қытай меншігіне өтіп кетуіне даңғыл жол ашады. Визасыз режим – азаттығымызға қауіп! Сондықтан бұл – қазіргі жағ­дайда үзілді-кесілді тоқтау салатын құбылыс!

Осы жайттарды ескере келе Қазақстан Үкіметі Қытай елімен арадағы визасыз режимге қатысты қол қойы­луы ықтимал қаулы жобасын күн тәртібінен алып тас­тауға  тиіс!

Марат  БӘЙДІЛДАҰЛЫ,

жазушы-публицист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: