Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құзыреттілер газет оқиды екен…

19.03.2020, 10:40 884

«Халықтың» коллажы

Біршама уақыт бұрын «Халық» газетінде (№4, 30.01.2020ж) «Аңдамай сөйлеудің ақыры» атты мақала жарияланғаны белгілі. Жаста болса қаламы қарымды журналист ретінде оқырмандарының ілтипатына бөленіп жүрген Рыскелді Жахман інім бұл жолы да дағдысынан жаңылмапты. Айтар ойын шашау шығармай, тайға таңба басқандай қылып дөп жеткізіпті.

Сүбелі сөзбен өрнектелген аталмыш мақаланың «Иә, кәсіпқой мен әуесқойды салыстыру – таудың биік екенін мойындамау. Рас, кейде туабітті талант иесі кәсіпқойдан асып түсуі мүмкін. Десе де, жұрттың бәрі жаппай дарынды емес. Ал, кәсіпқой мен әуесқойға баға беру – қылкөпірден оңай өтуге талпыну. Солай. Солай бола тұра блогерлерге бүйрегі бұратын Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Ғалым Әміреев БАҚ өкілдеріне баға берді. Ютуб каналдардың біріндегі сұхбатында журналистердің ақпарат беруіне мүлдем көңілі толмайтынын, жастардың кітап, газет оқымайтынын, теледидар көрмейтінін айтты. «Қазір инстаграм, фейсбук пен ютубтың дәуірі» деген басшының сөзі «журналистер мәселе көтермейді, ақпаратты жылдам тарата алмайды» дегенге саяды. Мамандығына деген адалдығынан айнымаған Сыр бойының журналистер қауымы бұл пікірге үзілді-кесілді қарсы шықты. Мәселенің ушығып бара жатқанын білген аппарат басшысы журналистермен кездесуге келісті. Жиын облыс орталығындағы «Достық» үйінде өтті. «Аппарат басшысы аңдамай сөйледі» деген қызылордалық тікентілді тілшілер кездесуге тегіс жиналды» деп басталуының өзі кез келген БАҚ өкілін елең еткізері анық болатын.

Соның бірі мен едім. Соңғы жиырма жылдан бері осы салада жүргендіктен жоғарыдағы пікірге қатты қиналдым. Тіпті, бұған дейін жан-тәніммен сүйетін мамандығыма деген құштарлығым суалған көлдей, ортайып қалғандай. Бәлкім, қалима болған балықтай мең-зең қалпымда жүре берер ме едім, кім білсін?!

Алайда облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың «Бұқаралық ақпарат  құралдары – қоғамның барометрі. «Ешкім газет оқымайды, телеарна көрмейді» деген сөз бекер. Жыл басында елді мекендерді аралағанымда ауыл адамдары үшін негізгі ақпарат көзі осылар екенін білдім» деген лебіз білдірді» дегенді оқығанымда өзімді құр атқа мінгендей сезіндім. Олай болмағанда ше?! Шерхан көкемнің журналистер туралы «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген керемет теңеуін білмейтіндер жоқ шығар. Өзіңіз ойлап көріңізші?!. Басқа мамандық иелеріндей жас журналистерге бір жолғы көтерме жәрдемақы, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие тағы басқа жеңілдіктер берілгенін өз басым естімеппін. Журналист ағайындарды қаншама «төртінші билік өкілдері» деп сөзбен әспеттегенімен олардың айтқаны ескеріліп жатқаны да шамалы…

Оны айтасыз, ауыл арасындағы әлдекімге ұсақ-түйек көрінгенімен, қарапайым бұқара үшін қажетті (көшенің батпағы, түнгі жарықтың жоқтығы, жолдың сапасыздығы, т.б.) түйінді түйткілді көпшілік назарына ұсынып көріңіз. Қып-қызыл өкпенің астында қаласыз. Оған мына оқиға айғақ болады. Жуырда әлеуметтік желіде, «Халық» газетінің бетінде Қазалы ауданындағы бір ауылда орын алған мал ауруы туралы оқырманның  жанайқайы  жарияланды. «Мал ашуы – жан ашуы». Күллі тіршілігі төрт түлікке байланысты ауыл адамының қорасындағы бір-жар малының амандығы үшін алаңдауы түсінікті де. Сол-ақ екен қалта телефоным, үй телефоныма қоңырау жауып кетті. Арасында жас балаша торсаңдағандар да, сөзін нығыздап, өзін салмақтап жатқандар да бар. Келесі жолы олардың атын атап, түсін түстеп, ҚР БАҚ туралы Заңының 7-тарауы, 25-бабы, 2-2-бөлімінің 3-тармағында «Журналистiң заңды кәсiптiк қызметiне кедергi жасау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады» деп жазылғанын қаперіне саламыз.

Сонымен… Осындайда «басшылар газет оқиды екен ғой» деп өзіңді жұбатып қоясың. Сенбесеңіз, өзіңіз байқап көріңіз…

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: