Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкім төрағаны қабылдады

07.12.2020, 11:15 601

HALYQLINE.KZ Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Арал аудандық филиалы төрағасы Рысқали Махановты арнайы қабылдады.

– Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүгедектерге деген қарым-қатынасымен айқындалады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні туғанынан өмірдің азабын тартқан жандарға тағы бір көз қырымызды салып, жанына желеу болуға мүмкіндік жасайды. Осы орайда қазіргі елдіміздегі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, осы атаулы күн аясында өзіңізбен жүздесіп, ауданымыздағы барша мүмкіндігі шектеулі жандарға ыстық ықыласымыз бен жылы лебізімізді білдіруді жөн көрдім. Жалпы, ортамызда жүрген мүгедек жандардың ел дамуы жолындағы еңбектері ерен, қосар үлестері зор деп санаймын», – деген аудан басшысы өңіріміздегі мүмкіндігі шектеулі белсенді жандардың еңбегіне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ олардың жасап жатқан қызметі, өмірге деген құлшыныстары әрбір жанға үлгі боларлықтай екендігін ерекше атап өтті.

Басқосу барысында аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Рысқали Махановқа аудан көлеміндегі ең үлкен марапат – Арал ауданының Құрмет грамотасын табысталды. Еңбек жолын 1965 жылы аудандық балықшылар тұтыну одағында есепші маманы болып бастаған Рысқали Маханов бірқатар мекемелерде экономика саласы бойынша елеулі қызмет жасап, 2012 жылдан бастап аудандық мүгедектер қоғамына төрағалық етіп келеді.

Көрсетіліп жатқан құрмет пен ілтипатқа ризашылығын жеткізген Рысқали Маханов жылдан жылға ауданымызда өркенді істер мен ілкімді жұмыстар атқарылып жатқаны көңілге қуаныш ұялататынын жеткізді. Сонымен қатар, ел игілігі жолында жасалып жатқан жұмыстарға қолдауын білдіріп, ақ батасын берді.

Атап өту қажет, мүгедектерді оңалту бағдарламасы бойынша аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті құралдармен қамтамасыз ету шаралары аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы іске асырылуда. Осы бағытта бүгінде 186 жүріп-тұруы қиын 1 топ мүгедегіне – 183 жеке көмекші, 34 тіл-құлақ кемістігі бар мүгедекке – 3 ымдау тілі маманы қызмет көрсетеді. Аталған мүгедектерді оңалту бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 153 мүмкіндігі шектеулі жанға протездік-ортопедиялық көмек көрсетілсе, 30 адамға тифлотехникалық құралдар, 4 адамға сурдотехникалық құралдар және 77 адамға санаториялық курорт, 2 адамға кресло-арбалар табысталған. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында орналасқан «Талсуат-мүгедектерді оңалту орталығына» ем алуға 24 мүгедек жолданған.

Бұдан бөлек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен «Арал ауданы мүгедектер ұйымы қоғамдық бірлестігі» 2020 жылдың 10 айында 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 28 балаларға күндіз болу бөлімшесі бойынша жартылай стационар жағдайында қызмет көрсетіп келеді.

Айта кетейік, үйден әлеуметтік қызмет көрсету бойынша 127 мүмкіндігі шектеулі балаға 29 әлеуметтік қызметкер, 83 жалғызілікті қарт пен мүгедекке 14 әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: