Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құпия Санта: мерекелік ойын ба, алаяқтыққа жол ашқан тәсіл ме?

06.01.2026, 10:00 55

Жаңа жылды қарсы алып, ескі жылмен қоштастық. Иә, жыл са­йын 31 желтоқсан адамдар асыға күтетін, қуаныш пен үмітке толы мерекеге айналады. Бұл күні әр адам өткен жылға көз жүгіртіп, алдағы күндерге жоспар құрып, жақындарына жылулық танытып, ізгі тілектерін арнайды. Осындай сәттерде адамдарды бір ортаға ұйыс­тыратын  дәстүрлер мен ортақ  ойындардың  маңызы  ерекше.

Соңғы жылдары Жаңа жыл қарсаңында «Құпия Санта» ойы­ны кеңінен танымал болды. Бас­тап­қыда бұл ойын адамдар арасын­дағы сыйластықты арт­тырып, мерекелік көңіл күй сыйлауды мақсат еткенімен, уақыт өте келе оның  көлеңкелі  тұстары да байқала бастады. Әсіресе, биылғы жаңа жылда «Құпия Санта» атауын жамылып, алаяқтыққа барғандардың көбейгені белгілі. Әлеуметтік желілерде ұйымдастырылған кейбір  ойында  қатысушылардан ақша жиналып, уәде етілген сыйлықтың орнына байланыссыз және  үнсіз қалған жағдайлар көбе­юде. Бұл  қалай дейсіз ғой?

Әлеуметтік желіде белсенділігі артқан «Threads» платформасында «менің құпия сантам кім болар екен?» деген ниетпен жеке банк карта нөмірі мен жеке деректерін қалдырған азаматтардың шотына алаяқтар қол салғаны жасырын емес. Нәтижесінде сыйлық күткен жандар керісінше қаржылай шығынға ұшырап, мерекелік қуаныш өкінішке ұласты. Осылайша, адал ниетке құрылған ойын кейбір пысықайдың пайда табу құралына айналып, көпшілікке сақ болудың маңызын тағы бір мәрте еске салды.

Сондықтан алаяқтардың құрбаны болып қалмау үшін бірнеше қарапайым қағиданы есте ұстаған жөн. Ең алдымен, банк деректемелерін, телефон нөмірін, ЖСН мен басқа да жеке мәліметтерді әлеуметтік желілерде немесе ашық алаңдарда қалдырмаңыз. Карта нөмірі арқылы тікелей ақша алу мүмкін болмаса да, бұл деректер фишингтік шабуылдар мен алаяқ­тық қоңырауларға  пайдаланылуы   мүмкін.

Сондай-ақ бейтаныс адамдардың өтініші бойынша, тіпті «қайы­рымдылық» деген желеумен де ақша аударудан бас тартқан дұрыс. Мұндай әрекет сізді дропперге айнал­дыруы ықтимал, ал қаржылық операциялар үшін заң алдында жауапкершілік шот иесіне жүктеледі. Егер бейтаныс тұлғадан ақша түссе, оны өз бетіңізше қайтармай, міндетті түрде банкке хабарласып, нұсқау алғаныңыз жөн.

Бұған қоса, балалармен және егде жастағы туыстарыңызбен түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Оларға интернеттегі «тосын сый» мен «ғажайып уәделердің» артында алаяқтар тұруы мүмкін екенін айтып, сақ болуға үйреткен абзал. Цифрлық және қаржылық гигиенаның қара­па­йым талаптарын ұмытпаңыз: карта нөмірін, жарамдылық мерзімін, CVV-кодты, PIN-кодты, SMS ар­қылы келетін құпия кодтарды, логин мен құпиясөздерді ешқашан бөгде адамға бермеңіз. Егер осындай мәліметтерді сұраса, сіздің алаяққа  тап  болғаныңыз  анық.

Дегенмен, «Құпия Санта» бастапқыда алаяқтыққа емес, керісінше адамдар арасындағы жылылық пен сыйластықты арттыруға бағытталған ойын ретінде пайда болған еді. Бұл дәстүр өткен ғасырларда Батыс елдерінде қалыптасып, Рождество мен Жаңа жыл мерекелері қарсаңында кеңінен таралған. Ойынның мәні қатысушылардың бір-біріне жасырын түрде сыйлық жасап, тосын қуаныш сыйлауы болатын. Әр адам кімге сыйлық дайын­дағанын ашып айтпай, тек ізгі ниетпен әзірлеген  сыйын табыстауды мақсат  етті.

Уақыт өте келе бұл ойын түрлі елге таралып, формасы өзгеріске ұшырады. Бұрын тек шағын отба­сылық немесе достар арасында ойналса, кейін мектептерде, жұмыс ұжымдарында, тіпті онлайн форматта ұйымдастырылатын болды. Алайда кең таралуымен бірге оның мәні де кей жағдайда бұрмаланып, шынайы ықыластың орнына міндеттеу, ысырапшылдық немесе пайдакүнемдік белең ала  бастады.

Осы тұста «Құпия Санта» ойынының қаншалықты орынды, оны қандай шарттармен өткізу қажет екені жөнінде түрлі пікір айтылды. Әсіресе діни және ұлттық құндылықтар тұрғысынан бұл мәселеге байыппен қарау қажеттігі жиі көтерілді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымына сәйкес, «Құпия Санта» дәстүрі ұлттық мәдениетімізге жат екені айтылып, оның орнына халқымыздың салт-дәстүрлерін және ислам құндылықтарын насихаттаудың маңыздылығы ескертіледі. Сонымен қатар, ойында ақша тігу, біреуді келемеждеу немесе өзге діннің ғибадат элементтерін дәріптеу болмауы керектігі атап өтіледі. Мамандардың пікірінше, жастар арасында кең таралған мұндай ойындардың орнына ұлттық салт-дәстүрлерге негізделген іс-шараларды дамыту маңызды. Мысалы, бата беру, көрімдік ұсыну, сый-сияпат жасау, үлкен­дерге құрмет көрсету секілді дәс­түрлер де адамдар арасындағы жылылықты  арттыра  алады.

Исламда сыйлық беру – құптарлық іс. Ол адамдар арасындағы сыйластық пен бауырмалдықты жетілдіреді. Алайда кез келген ойын мен іс-шара жақсы ниетке негізделіп, шариғат талаптарына қайшы  келмеуі  тиіс.

Сондықтан «Құпия Сантаны» ұйымдастыру барысында бірнеше маңызды жайтты ескеру қажет. Ең алдымен, ойын ерікті түрде өтуі тиіс, яғни ешкім қатысуға мәжбүрленбеуі керек. Бұл адам құқығын сақтаумен қатар, моральдық және діни  талаптарға  да  сай  келеді.

Екіншіден, сыйлықтың құны алдын ала белгіленгені жөн. Бұл қатысушылар арасында ыңғайсыз жағдай туындамауы үшін маңыз­ды. Діни басқарма да мұндай ойын­дарда ысырапшылдыққа  жол  бермеуге  шақырады.

Үшіншіден, сыйлықтың маз­мұны әдепті әрі пайдалы болуы қажет. Кемсітетін, келеке ететін немесе діни сенімге қайшы заттардан аулақ болған жөн. Сыйлық адамның көңілін көтеріп, жақсы әсер  қалдыруы  тиіс.

Төртіншіден, ойында құмар ойын белгілері болмауы шарт. Ақша тігу немесе негізделген шарттар ислам қағидаларына сай келмейді. Сондықтан ойын тек сыйлық алмасу мен жылы тілектерге  құрылуы  керек.

Соңында, әр адамның көз­қарасы мен сеніміне құрметпен қарау маңызды. Егер кейбір қатысушы «Құпия Сантаға» қарсы болса, оларды түсіністікпен қабыл­дап, басқа балама мерекелік кештер ұсыну орынды. Осы талаптар сақталған жағдайда, ойын мазмұны әдепке сай, қауіпсіз әрі шынайы ықыласқа негізделгенде ғана ол Жаңа жыл мерекесінің мәнін арттырып, адамдарды жақындастыратын, достық пен сыйластықты нығайтатын  мәдени  дәстүр  ретінде  өз  орнын  сақтай  алады.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: