Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қожаниязов қордаланған мәселелерді шешуді тапсырды

16.10.2022, 20:30 386

Мемлекет басшысының тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында және аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасы аясында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов құқық қорғау органдарымен құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және тағы да басқа мәселелер бойынша аудан тұрғындарымен қабылдау өткізу үшін Жаңақорған, Шиелі ауданындарына барды.

Серік Қожаниязов жұмыс сапарын Бірлік елді мекеніндегі №55 орта мектептің күрделі жөндеу және Бірлік елді мекенін газдандыру жұмыстарымен танысудан бастады. Мұнан соң Жаңақорған ауданы әкімдігінің мәжіліс залында қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауға облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегенов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әміржан Өтегенов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының орынбасары Сабыр Түменбаев және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті бастығының бірінші орынбасары Асылхан Ашықов қатысты.

Қабылдау барысында тұрғындар аяқ су, мал азығын сатып алу шығындарының бір бөлігін субсидиялау, селекцияға қатысты ірі қара мал мен қойдың төліне қойылған шектеуді төмендету, лизинг арқылы берілетін техникалардың лимитін көтеру резервке қалдырылған 20 пайыз жер үлесін ауыл тұрғындарын бөліп беру мәселелерін жеткізді. Көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, құқықтық кеңестер айтылды. Әрбір мәселе бойынша жеке-жеке тоқталып, тиісті жазбаша жауап берілетіндігі жеткізілді.

Әрі қарай облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Салауатұлы Байкенже ауылына барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, толғандырып жүрген мәселелерін талқылады. Қожамберді ауылдық округіндегі «Қожамберді-Бірлестік» АӨК электр жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстарын көрді. Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында құқық қорғау органдарымен құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және тағы да басқа мәселелер бойынша аудан тұрғындарымен қабылдау өткізді. Қабылдау барысында тұрғындардың жеке әлеуметтік мәселелерімен қоса Майлытоғай, Қоғалы ауылдық округтері бойынша «Жаңарық» каналын және «Итаяқ» көлін тазарту, Ақтоған, Жаңатұрмыс ауылдық округтеріндегі жер мәселесі, Қарғалы ауылдық округі, Бұланбай бауы елді мекеніндегі ауыз су мәселелері көтерілді. Барлық сұрақтар бойынша тиісті қолданыстағы заңдылықтармен түсіндірме берілді. Көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, құқықтық кеңестер айтылды. Әрбір мәселе бойынша жеке-жеке тоқталып, тиісті жазбаша жауап берілетіндігі жеткізілді. ​ Мұнан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шиелі кентінде салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен, «Ы.Жақаев» атындағы саябақта көркейту көгалдандыру барысын, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Н.Бекежанов елді мекеніндегі 14,6 шақырымды құрайтын орташа жөндеуден өткен 15 көшенің жұмысымен танысты.

Серік Қожаниязов іссапары барысында қамтылған барлық нысандар бойынша жауапты мердігерлер мен тиісті сала басшыларына құрылыстарды уақытында аяқтап, сапасына жауапкершілікпен қарауды жүктеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: