Бүгін Сыр елінің талантты перзенті, қазақ музыка өнерінің қайраткері, күйші-композитор, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, академик Төлепберген Тоғжановтың 60 жас мерейтойына арналған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің «Сыр ана» атты күй кеші өтті.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі — Мәдениет саласының үздігі Самат Абылаев.
Бас дирижері — ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кеулімжай Ботабаев.
Сыр топырағы тудырған талант иесінің өнердегі алғашқы жолы Тасболат Ысқақовтың ұстаздық етуімен басталып, Қызылорда музыкалық училищесінде жалғасын тапты. Төлепберген Төрахметұлы мемлекеттік «Салтанат» ән-би ансамблі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінде еңбек етіп, бүгінде Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында дәріс беруде.
Ұлттық музыка кешінде сөз алған Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Жомартқызы мерейтой иесіне ақжарма ақ тілегін жеткізіп, аймақ басшысының Құттықтау хатын табыстады.
Кешке арнайы қатысқан Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры, Мәдениет қайраткері, «Көне музыкалық аспаптар» кафедрасының меңгерушісі Зәмзәгүл Ізмұратова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе өнер иесіне ізгі тілектерін айтып, сый-сияпаттарын табыстады.
Рухани кеште «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әлімжан Әбсадықов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кеулімжай Ботабаев, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры Еркін Нұрымбетов, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Сымбат Тасбергенова, Бақдәулет Қарғабаев, Біржан Серік, Бақытжан Дүйсенғазиев (домбыра), Тоқтар Ағыраев (қобыз) өнер көрсетті.
Ұстазының мерейтойлық кешіне ыстық лебіздерін жеткізе келген Әділбек Тәшимов, әнші-күйші композитор, «Тұран» сыйлығының иегері Үкітай Ерниязов қос ішектен күмбірлеген күй төгіп, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сонымен бірге, күні кеше өткен «Туымы бөлек тұлпар» атты облыстық күйшілер байқауында бас жүлде иеленген Жақсан Мұқағали күй тартты.
Кеш соңында жиналған көрермен өнер иесімен суретке түсіп, гүл шоқтарын табыстады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!