Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоғам екіге жарылған сияқты…

20.01.2020, 14:24 665

Дос КӨШІМ,

«Ұлт  тағдыры»  қозғалысының  төрағасы:

Өткен аптада бас қалада ұлттық қоғамдық кеңесті­ң екінші отырысы өтті. Онда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «парламенттік оппо­зиция­  институтын», «митинг мәдениетін» қа­лып­тастыру, т.б. бірқатар саяси мәселелерді көтерді. Біз де көп жылдан бері елімізде демократия­ны тарату жолын­да тер төгіп жүрген белгілі қоғам  қайраткері Дос Көшімді едел-жедел сұхбатқа тартқан  едік.

– Кеше ғана ұлттық қоғамдық кеңестің екінші отырыс­ы  өтті. Жалпы, аталмыш  сенім  кеңесі  билік пен  бұқараның  арасын  қаншалықты  жақындата  алды? Үмітті  ақтады  ма?

– Меніңше, «билік пен бұқараның арасын жақындатқаннан» гөрі алшақтатқан сияқты. Бәрін жоққа шығаратын, «билікке сенбеушілер» пайда болды да, «билік осы жүйені өзгертуге тырысып жатыр» деген топ пайда болды. Қысқасы, қоғам екіге жарылған сияқты­… Қырық кісі жиналған Кеңесті қолдаушылар да болады, мойындамаушылар да болады. Әр тұлғаның соңында бір топ бар… Қырық кісі бұқара емес, өкінішке қарай, «бұқараның» көптеген адамдары бұл топқа кірмей қалды. Сайлау заңын белден баса отырып­, амалсыз 16 пайыз берген Әміржан Қосановтың қырықтың қатарына кірмей, 1,8 пайыз алған коммун­истің осы топқа енгені де – осының көр­сет­кіші. Сондықтан, бұқара өзінше, билік өзінше болып қалған  сияқты.

– Сол жолы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «парламенттік оппозиция институты» туралы бастама көтерді. Бұл нені білдіреді?

– Парламенттік оппозиция болуы үшін, өкінішке қарай, Президенттің көзқарасы, пікірі жеткіліксіз. «Парламенттік оппозиция» демократиялық құрылымдары орныққан елде ғана болады. Бұл – мызғымас шындық, ақиқат. Егер Қазақ елінің Президентіне парламенттік оппозиция керек болса, демократияның институттарын орнату керек. Онсыз, тек ғана қолдан жасалған «парламенттік оппозиция» өмір сүре алмайды.

– Елімізде жаңадан құрылып жатқан саяси партиялар мен  қозғалыс-ұйымдар қоғамға не береді? Сондай-ақ, әлгі кеңесте мемлекет басшысы «қоғамдық санаға митин­г  мәдениетін сіңіретін кез келгенін» айтты. Алдағы­  уақытта не күтуге болады?

– Екі сұраққа екі жауап беруге тура келеді. Бірін­шіден, жаңа ұйымдар елімізге жаңа идея, жаңа көз­қарас, қоғамды жақсартудың жаңа жолдарын ұсынады­, алып келеді. Ал таңдау – халықтың міндеті. Өкінішке қарай, бүгінге дейін біздер таңдау жасайтындай сан түрлі пікірлерді көрген жоқпыз… Осы уақытқа дейін біздер «Назарбаев деген дана адам, соның айтқаны дұрыс, ал басқалар онша жақсы адамдар емес» деген принциппен өмір сүрдік. Екіншіден, митингінің мәдениеті сол митингілерді ұйымдастыру, өткізу арқылы ғана келеді. Біз осы талассыз ақиқатты айтудан шаршадық. Сондықтан «қоғамдық санаға митингінің мәдениетін сіңіретін» кез баяғыда өтіп кетті. Ал шынын айтсақ, ол мәдениетті біздер 1990-1991 жылдары көрсеттік деп білемін. Алдағы уақытта сол 90-жылдардағыдай жағдайға жетсек болғаны деп білемін.

– Ақордада  соңғы  болған  ауыс-түйістер туралы  не айтасыз? Ендігі  жылы, жаңа онжылдықтың  басында Тоқаевтан  не  күтесіз? Саяси   реформалар  жасай  ала ма?

– Тағы үш сұрақ. Жақсы, жауап беріп көрейін. Біріншіден, өзің айтқандай «ауыс-түйіс» ғана болды. Бұл, әрине, ешқандай өзгерістерге алып келмейді. Бір шенеуніктің орнына екінші шенеунік келді. Ал Тоқаев­тан өзі айтқан «терең саяси реформаларды» батыл­ да, жылдам өткізуін күтемін. Ол, өкінішке қарай, ешқандай саяси реформаны жасай алмайды. Себебі – егер бұрынғы жүйені өзгертіп, қайта құрса, «кезінде сол жүйеге беріле қызмет еткен, ал қазір сол жүйені өзгертуші тұлға» есебінде екіжүзді болып шыға келеді. Ал жүйені өзгертпесе, «Назарбаевтың жүйесін жалғастырушы» болып қала береді. Меніңше, оның алдында бір ғана жол бар: ол – келесі келетін жаңа бағыттағы саяси күш үшін мүмкіншілік тудырып кетуі керек. Түсіне  білсе, бұл  – оның  жалғыз  жолы!

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Н.Нұрмағанбетов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: