Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЗЫНАЛЫ ҚАЗАЛЫ, ОРТАЙМАҒАН ҚАЗАНЫ

18.08.2022, 11:00 726

«Жақсыны – көрмекке». Ықылым заманнан бері жақсылықты көріп,  оны тарату дәстүр есебінде саналады.  Дегенмен де бұл тілшілердің негізгі кәсібіне айналған, сонымен қатар,  цифрлы заманның бірегей ақпарат жаршысы бола білген журналистердің арқауына айналатын тақырып төңірегі ұлғайған, мәселе өрісі де кеңеюде.  Қолынан микрофоны мен қойындәптері түспейтіндер де ақпарат майданында негізгі рөлге ие. Және олар күннің өзекті тақырыбын назардан қалт жіберген емес.  Әрі қоғамның үн-зарын мінбердегілерге жеткізіп,  мәселесін шешіп беріп жатыр. Ізінше шешілген ақпаратты да оқырманға жариялап үлгеруде. Жан-жақта жүріп жаңалық жинайтын журналистер өткен аптаның жұма-сенбі күндері облыстық өңірлік коммуникациялар қызметімен бірге шалғайдағы Қазалы, Арал ауданына табан тіреп, тұрғындардың тұрмысын, ауданның экономикалық әл-ауқатын, кәсіпкер жастары мен түйінді түйткілін тілге тиек  етіп қайттық.

ҚҰРЫЛЫС   САЛАСЫ ҚИМЫЛСЫЗ  ЕМЕС

Ең бірінші, жақсы жаңалығымен таныстық. Қазалы ауданында 250 орынды мектеп бүлдіршіндер мен білімгерлерге пайдалануға берілмек.  Құрылысы былтыр басталған нысанның тапсырыс берушісі – облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Екі қабатты мектептің жылу қазандығы, баскетбол алаңы, 1-9-сыныпқа арналған гимнастика алаңы, 2-4-сыныпқа арналған ойын алаңы, асхана, спорт залмен қамтылған. Сонымен қатар, қоқыс төгетін жер мен автотұрақ та қа­растырылыпты. Жалпы нысанның сметалық құны 1 009 542,0 мың теңгені құраса, келісім-шарт құны – 847 281,886 мың теңге. 2021 жылдың қыркүйек айында кірпіші қаланған нысанның жер көлемі – 1,08 гектар. Ал, құры­лыстың  жалпы  ауданы  – 2 659,28 м2.

– «Жұмыспен қам­тудың  жол картасы» бағдарламасы шеңбе­рінде республикалық бюджеттен 471 млн теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алудан ұтып алған мердігер меке­меге жергілікті жердің жұмыспен қамту орталығының жолдамасы ар­қылы жұмысшылардың  кемінде 50 па­йызы  жергілікті жұмыссыз азаматтар болу керектігі міндеттелген. Және бұл өз кезегінде жүзеге асты. Мектепті ағымдағы жылдың қараша айына дейін аяқтап, пайдаланауға беруді жоспарлап отырмыз, – деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Қуанық Іскендір.

Жалпы, биыл ауданда 17 нысанның құ­ры­лысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде  7  объек­ті толық аяқталып қолданысқа берілсе, қалған 10 нысан­ның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл құрылыс нысандарына республика­лық, облыстық бюджеттерден 2,1 млрд  теңге қаржы қарас­тырылған.  Ол он нысанның ішінде өзге де ауыл-аймақтағы балабақша, спорт кешені, газ жүргізу жұмыстары да  қамтылған.

Аймақта тек ғимараттың емес, көпір салу жұмысы да қарқынды жүруде. Мұны «Қарлаң» көпірінің  құрылысынан байқадық. Қазалы аудандық маңызы бар «Қазалы-Қожа­бақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16-шақырымындағы Қарлаң учаскесінен Сырдария өзені арқылы көпір өткелін салу жұмыс­тарын жүргізуге 95,381 млн теңге қаржы қаралып, 25.06.2022 жылы №01-0339/21 мемлекеттік сараптама қорытындысын алған. Жобаның жалпы құны 4 млрд  484,7 млн теңгені құрайды. Құрылысы 17 айға жалғасатын көпірдің ұзындығы 248,29 метрді құраса, нысанның жалпы ұзындығы 2,5 шақырымға жетіп, ІІІ автожол санатын қатиды. Бұл жобаның құрылыс жұмыстарын бастауға 2021 жылы облыстық бюджеттен 1,0 млн теңге қаржы бөлініп, өткен жылдың 27 қыркүйек күні мемлекеттік сатып алу ашық  конкурсы жарияланған.

ЖАҢА  ЕМХАНАДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚ

Қазалы ауданының халқы осы жылдың 20 маусымынан бастап, жаңа емхананың ем-шарасын көруде. Бір ауысымда 250 пациентті қабылдауға қауқарлы емханада 52 дәрігер, 120 орта буын қызметкері жұмыс істейді. Тілшілермен бірге табалдырығын аттап, жаңадан алынған заманауи техникаларының жұмысына куә болдық. Мұнда лор комбайн, фиброгастроэндоскопия-мониторымен және электроэнцефалография сынды соңғы үлгідегі аппараттар жетерлік. Тіпті осы техникалардың жұмыс процесін де көзбен көрдік, сонымен бірге, науқастарға жасалған жағдайға қуанышымызды білдірдік. Аудан тұрғындары да жаңа емханадағы жаңашылдыққа  дән  риза.

– Жаңа емханаға кіріп, еңсеміз тіктеліп, заманауи құрылғылардың көмегімен ауруымызды дәл анықтап, оған қажетті ем-шараларды істеп жатырмыз. Бұған дейінгі емхана тарлық етіп, денедегі дертімізді толық тексертуге мүмкіндік аз еді, соның салдарынан облыс орталығына барып, көрінуге тура келетін. Осындай жаңа емхана үшін биліктегілерге алғысым шексіз, – деді зейнеткер Күнжарқын Дабылова.

Жаңа емхананы аудан халқы да, дәрігерлер де көптен күтті. Және бұл дәрігерлерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазіргі таңда екі ауысымды қосқанда 500 адамды бір уақытта қарауға қауқарлы емхананың дәрігерлері қаралушыларды бар ынтасымен қабылдап, тиісті көмек көрсетеді екен. Пациенттердің пейілі осындай.

ЖОЛ  САЛУ  –  ЖАУАП,  СУ  ШЫҒАРУ  –  САУАП

Емханадан кейін жол жөндеу жұмыстарының барысын байқадық. Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің арасына күре жол салынуда.  2019 жылы «Әйтеке би-Қазалы» 7 шақырымдық аудандық маңыз­дағы автомобиль жолын 4 жолақты жол жобасы әзірле­ніп, мемлекет­тік сараптамадан өткізілді. Жалпы жоба құны – 2,4 млрд теңге. Бағдарлама­ның тапсырыс беру­ші­сі – облыстық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесімен «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС жеңімпаз атанған. Жоба барысында 7 шақырым автомобиль жолын 4 жолаққа дейін кеңейту, 2 темірбетон көпірін, 2 су өткізгіш құбырын қайта жаңғырту, сонымен бірге түнгі жарықшамдар мен аялдамалар орнату жұмыстары жүргізілетін болады. Және әрбір жүру жолағы 3,5 метр және автобус аялдамасына арналған алаң, жол қиылыстарын салу көзделген. Жол құрылысы 2020 жылы басталып, осы жылға 1,6 млрд теңге қаралған. Нәтижесінде осы жылдың аяғына дейін бұл жол пайдалануға беріледі  деп  жоспарлануда.

Қазалыдағы су тапшылығының салдарын жою  үшін Жалаңтөс батыр ауылының  кіреберіс  батыс  бет­кейін­де  орналасқан  су   ұңғымасына  жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 16 млн 573,1 мың теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысымен  15 млн 400,0 мың теңгеге «PRIDE  LTD» ЖШС жеңімпаз атанып, аталған жұмыстарды тамыз айының  1-і  күні  бастап  кетті.

Сонымен қатар, шалғайдағы жайы­лымдық жерлерді сулан­дыру өзекті мәселеге айналуда. Мұнда соңғы 40 жыл шамасында бірде-бір бұлақ немесе құдық қазылмаған. Бұған дейінгі су көздері істен шығып, пайдалануға жарамай тұр. Аталған қиындықтардың алдын алу мақсатында осы жылы үш ұңғыманы қаз­дыруға республикалық бюджеттен 61,8 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі  күні Қарашеңгел ауылдық округінде су  ұңғымасын қазу жұмысы жүріп жатыр. Тұрғындардың басты уайымына айналған шалғынды жердің жайы енді жақын арада шешімін тауып, суару процесі  басталады  деген  ойдамыз.

– Ауылымызда ауызсу бойынша ешқандай мәселе жоқ. Тек былтырғы уақытта аздап қуаңшылық болып, мал басына қиыншылық туған еді. Қысқы мезілде ірілі-уақты қара малдың су ішуі қиямет-қайымға айналды. Сол үшін әкімшілікке су ұңғымасын қазып беру туралы өтініш тастадық, нәтижесі болып жатыр. Егер бұл толыққанды жүзеге асса, ауылымыздың негізгі мәселесі шешімін тапқан болар еді, – дейді Қарашеңгел ауылының ақсақалы Оңғарсын  Елеу.

 Ал Арықбалық және Шәкен ауылдық округтерінде қазу жұмысын жүргізетін мердігер мекемелер анықталып, келісімшартқа отырды. Қазу жұмыстары тамыз немесе қыркүйек айында басталады деп күтілуде.

КЕРЕКТІ  ОТЫҢ  –  «КӨГІЛДІР  ОТЫН»

Қазалы ауданына қарасты ауылдардың біршамасы көгілдір отынның рақатын көруде. Сонымен қатар биылдың өзінде көптеген ауылға газ желісінің құрылысы басталып, тұрғындардың игілігіне беріліп жатыр.

Жалаңтөс елді мекеніне су ұңғымасын қазып ғана қоймай, орамішілік газ желілерінің құрылысын жүргізген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2022 жылға 414,311 млн теңге бөлінген. Ағымдағы жылы сәуір айында басталған қарқынды құрылыс осы жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Бас мердігер – «Ремстрой» ЖШС. Құрылыс нәтижесінде 10 әлеуметтік нысан, 261 тұрғын үйдегі 1595 адам «көгілдір отынның» игілігін пайдаланбақ.

Қ.Пірімов ауылы да алдағы уақытта сүйіншіленгелі тұр. Себебі «көгілдір отынның» жұмысы мұнда да қарқынды жүріп жатыр. Нысанның жалпы құны 172,759 млн теңгені құрайды. Бұл елді мекендегі құрылыс та осы жылы сәуір айында басталып, келер айда аяқталады деп күтілуде.

Жоғарыда айтқанымыздай, «көгіл­дір отыннан» Басықара елді мекені де шет қалмады. Жоба құны 283,196 млн теңгені құрайтын газ құрылысы нысаны қазан айында аяқталады деп күтілуде. «Ремстрой» ЖШС аталған ауылдардағы газ желілерін орнатуға бас мердігерлік етіп, құрылысын қарқынды жалғастырып келеді. Және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы осы шаруалардың ширай түсуіне басты себепкер болған.

– Мұнан бөлек, Сарыкөл, Абай елді мекендеріне орамішілік газ желілерінің құрылысын жүргізуге 2022 жылға аудандық бюджеттен 10,2 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. ЖСҚ-сы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін, құрылысын қаржыландыру мақсатында тиісті басқармаларға бюджеттік ұсыным тасталатын болады, – деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы  Қуанық  Іскендір.

 «ЮгГазПроект» ЖШС-нің дирек­торы Ж.Тәңірбергеновтың де­меу­шілі­гімен Қазалы ауданының Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекеніне магистральді жоғары қысымды газ құбырларын жеткізу мақсатында жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілу­де.

Бәрін айт та, бірін айт. Қазалы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен «Қазалы ауданы, Қазалы қаласын газбен жабдықтау» нысанының құрылысы 2022 жылдың сәуір айында аяқталған. Жалпы құны 1 млрд 026,907 млн теңгені құрайтын құрылыс 2020 жылдың желтоқсан айында бастау алды. 2020 жылы 200 млн теңге қара­жат бөлініп, 2021 жылы бұл сома 663,850 млн теңгеге ұлғайды. Ал биыл 19,391 млн теңге қаржы бөлінген. Жалпы, Қазалы қаласы бойынша 1558 тұрғын үй, 5 көппәтерлі тұрғын үй, 28 мекеме-кәсіпорын, 51 кәсіпкерлік нысан  табиғи  газбен  қамтылды.

ЕГІН  ЕКСЕҢ  ЕРІНБЕЙ…

Аудан  бойынша  биыл  барлығы 17 402 гектар жерге ауыл шаруа­шылығы дақылдарын орналастыру межеленіп, бүгінде ауданда егін жұмыстары толық аяқталған. Оның ішінде 330 гектарға картоп, 970 гектарға көкөніс, 1064 гектарға бақша дақылдары  орналастырылды.

Мемлекет басшысының тапсыр­маларын орындау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі Н.Нәлібаев әр отбасының өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, аудан бойынша қосымша 114 га жер дайындалып, 30 гектар картоп, 70 гектар көкөніс және 14 гектарға бақша дақылдары егілген. Сондай-ақ аталған тапсырманы орындау мақсатында Соркөл ауылдық округінен Түркіменбай Таубаев 7 гектар, Алға ауылдық округінен Бұқарбай Келес 2 гектар және Майдакөл ауылдық округінен Жеткерген Өтемісов 3 гектар жерге картоп, бақша, көкөніс дақылдарын орналыстырыпты.

Ауданға барғаннан кейін алқапқа да баруды жөн санадық. Егіс даласын өз көзімізбен көру мақсатында Қазалы қаласы тұрғындарының егінжайына келдік. Көліктен түсе сала базардағы бас айналдыратын бағадағы көкөністердің көптеп тұрғанына қызыға да, қызғана да қарадық. Қызғанды дегенде, «сатып алғанша осылай еңбек етіп, егуге болады екен ғой» деп, ой түйгеніміз жасырын емес. Біз барған егінжайдың егесі де осы ұстанымды ұстанады екен.

– Бұлай  егін  егіп  келе  жатқаныма   5 жыл болды. Қазір барлық көкөніс түрін егемін. Оның ішінде қызанақ, тәтті бұрыш, қияр, асқабақ, баялдыр, қызылша, сәбіз, пияз, қырыққабат тағы басқа түрін егіп, піскенін күнделікті өмірде тұтынып жүрміз. Сонымен қатар картопты да көлемді жерге орналастырып, алғашқы салқын түскеннен кейін қазып аламыз деген жоспар бар. Жалпы, қалауын тапсаң кез келген істің қисыны мен жолын, нәтижесін көруге болатыны сөзсіз. Жер-Анаға қалай тер төксе, ол да солай жемісін жегізеді, мен оның куәгерімін, – дейді диқан Сақи  Татаев.

Диқаншының басты ұстанымы – «егін ексең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Бұл қазіргі «жұмыс жоқ» дейтін жастарға біраз ой саларлық мәтел екен.

ЖАСТАР   СЫЙЛЫҒЫ  ТАБЫСТАЛДЫ

12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай, Қазалы ауданының орталық алаңында республикалық «Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығы» табысталды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған әр сала майталмандары қызыл кілемнің үстінен өтіп, өз саласында жеткен жетістігі бойынша жастар сыйлығын иемденді. Айтулы іс-шарада көрермен қатарынан көрініп, облыс орталығынан келген журналистер ары қарай Арал қаласына жолға шықтық.

Қазыналы Қазалының тарих пен тағылымға, даңқты тұлғаларға бай екеніне тағы бір көз жеткіздік. Ізінше, ауданның бүгінгі динамикасы өзге аудандарға қарағанда қарқынды түрде ілгерілегені байқалды. Мұнда кәсіпкерлікке айрықша көңіл бөлініп, тұрғындардың әл-ауқаты жоғарылағаны айтпаса да көрініп тұр. Ол енді басқа әңгіме. Дегенмен, бес саусақ бірдей емес, қай мақтаулы жер болсын, кем-кетік тұстары да болып жатады. Қазалы ауданына ұйымдастырылған баспасөз туры біраз мәлімет көзін жинақтауға сеп болды. Шалғай аудандағы шаруасы шираған ағайынның кәсіп көзі мен Арал қаласының қазіргі ахуалы туралы газетіміздің алдағы санынан оқи  аласыздар.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Қызылорда – Қазалы – Қызылорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: