Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазіргі әлемдік тарихи процестегі Қазақстанның орны

23.10.2025, 10:40 145

«Қазір дүниежүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басты».

(Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты  2025  жылғы  Жолдауынан)

Президент өзінің Жолдауын «Жаңа тарихи дәуір» деген ұғымды атап өтуден бастады… Жолдау жарияланғаннан бері оған қоғамдық талқылаулар өтуде. Бірақ, соның ішінен біз «Жаңа тарихи дәуір» ұғымын талдау, оның мағынасына үңілу мысалдарын байқай алмадық. Соған қарағанда, бұл ұғым бәріне де априори түсінікті, талдауды қажет етпейтін, тек қана ескере кетерлік термин бе деген ойға келеміз.

БІРАҚ,  ШЫНДЫҒЫНДА  СОЛАЙ  МА?

Меніңше, шындық басқаша ма деймін: көпшілік  бұл  ұғымның астарын интуитивті түрде сезеді, бірақ толық түсінбейді. Сондықтан, осы сұрақты айналып өтіп, келесі ел дамуына тікелей нұсқау болатындай «цифрландыру», «бірлік», «ғылым – білім құндылығы» және т.т. мәселелерге  ойысатын  сыңайлы.

Ал, шынтуайтында, «Жаңа тарихи дәуір» ұғымы  Жолдаудың  басты  парадигмасы  саналады.  Себебі:

Біріншіден, бұл ұғым биліктің барлық деңгейіндегі қызметкерлерін «өздерінің жұмысы мен мақсатын «жаңа дәуір» сипатына сай атқаруы  керек»  деген  ережеге  бағыттап  тұрады;

Екіншіден, әрбір шенеунік «жаңа тарихи дәуірдің» еліміз үшін пайдалы жағы мен қауіп-­қатерін толық түсінсе ғана өз қызметінің мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін, одан өзге мақсат болмауы тиіс екенін ұға алады;

Үшіншіден, «жаңа тарихи дәуір» – мемлекеттің сыртқы саясатының, оның барлық елмен қарым-қатынасының басты сипатын анық­тайтын ұғым. Оны білу, елдің ішкі жағдайын соған сай үйлестіріп отыру – бүгінгі күннің аса өзекті мәселесі;

Төртіншіден, «жаңа тарихи жағдайды» объектив­ті саралай алған қоғам оның пайдалы жағын өз игілігіне жарата алады және қауіп-­қатерінен  қауымдасып  қорғана  алады.

Міне, бұл сұрақтың астарында осындай көптеген терең мағына бар. Мәселен, аталған  «жаңа  тарихи  дәуір»  ең  алдымен:

1. Әлемдік глобалды мәселелерді қамтиды: геосаяси не империялық мүдделер қақтығысы, экономикалық астыртын майдан, әлемдік азық-түлік қауіпсіздігі, әлемдік экологиялық мәселелер, демография мен жұмыссыздық, миграциялар, аштық пен эпидемиялар қаупі, ғылым мен технология, дін мәселесі және т.т.;

2. Континенттік мәселелерді қамтиды: локалды соғыстар, санкциялар, қару-жарақ өндірі­сі, саясат, дипломатия, мәдени байланыстар және  т.т.;

3. Аймақтық мәселелерді қамтиды: көршілік қарым-қатынас, экономикалық, экологиялық, этникалық, шекара, кеден, сауда-саттық, туризм  және т.т.

Осы мәселелер еліміздің сыртқы және ішкі қарым-қатынасының өзегін құрайды. Ол ерекшеліктер Қазақстанның аймақтық даму жағдайында да көрініс табуда: мысалы, Оңтүстік Қазақстан көрші Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Түркіменстан мемлекеттерімен интег­рациялық процестері территориясында тұр. Ал, Оңтүстік және Шығыс облыстар көрші Қытай мемлекетінің интеграциялық мүдделері аумағында жатыр. Солтүстік облыстар Ресеймен қарым-қатынастың драйвері десек болады.

Сөзіміз  жалаң  болмас  үшін осының  бірнеше  нақты  көрінісін атап өтелік. Мәселен, Алматының Көк базары жанына күнделікті туристік автобустар келеді. Олардан түскен үндістандықтар, қытайлар және басқалары сол маңайдағы «Рахат» кондитерлік фабрикасының дүкеніне лап қояды. Сөйтіп, қорап-қорап тәттілерді, неше түрлі конфетті көтеріп алып кетіп жатады. Яғни, бұл біздің «қазақстандық кондитерлік тауарлардың» ол елдерде жоғары сұранысқа ие екендігін білдіреді. Мәселе біздің өнімнің экологиялық және табиғи тазалығында болса керек. Неге десеңіз, осыдан бірнеше жыл бұрын бізде «Қант кризисі» болғаны есте. Сол кезде Үндістаннан түсі қоңыр боп келетін қант тасыдық. Ал, оның сапасы бізге ұнады дей алмаймыз… Ендеше, үнділердің біздің «кәмпитімізге» қызығуы түсінікті. Сонымен бірге, кондитерлік өнімнің Қазақстанда тым  қымбаттап  кеткені  де түсінікті…

Сол сияқты, өткен жылы Украинамен АСҚ (арнайы соғыс қимылдары) өткізіп жатқан Ресей­де «картоп кризисі» болғаны белгілі. Нәтижесінде, аз уақыттан кейін бізде де картоп бағасы астрономиялық деңгейге жетті… Сөйтіп,  біз еліміздегі қымбатшылықтың қарқынды өсуіне, ең алдымен, ішкі сұраныстың артуы емес, сыртқы факторлар әсер етіп отырғанын мойындауға  мәжбүрміз.

Осылай тізе берсек, біз экономикамызға, әлеуметтік және мәдени дамуымызға алыс-жақын елдердегі жағдайлар тікелей әсер ете алатынын, әсер етіп отырғанын көреміз. Сол себепті де, президенттің өз Жолдауын «Қазіргі дүниежүзіндегі  жаңа тарихи дәуірді» атап өтуден  бастағаны «қазіргі заманғы тарихи логиканы  білу  керек» деген ишара десек, қателес­пейміз.

Олай болса, бізде ел басқаруға жауапкершілікті әрбір билік тармағы өзінің «жергілікті басқару стратегиясы мен тактикасын» әлемдік саяси, экономикалық, демографиялық, экологиялық және т.т. жағдайлардан хабардар бола отырып, соған сай өз білімін «өзіндік қауіп-қатер­ден қорғау» әрекетімен ұштастыра алатындай біліктілікке ие болуы тиіс. Қазіргі заман  талабы  осы.  Бірақ  ондай «біліктілік» бізде бар  ма – мәселе  осында!

Енді, осының ең бір тиімді тетігі ретінде президент цифрландыру мен «жасанды интел­лект» мүмкіндігін мейлінше кеңейту талабын қойып отыр. Бірақ оның себебі «ел экономикасына қарқын беру» деп біржақты ойлау қате. Өйткені, еліміздің экономикалық жедел дамуы­на басты кедергі «басқару жүйесіндегі ретсіздік» екенін мықты сарапшылар айтып келеді.  Оны  мойындау  керек.

Ал, сол «ретсіздікті» тудырушы негізгі фактор­лар – «сыбайласқан жемқорлық пен коррупция» екені бүкіл әлемге белгілі мәселе. Ондай жағдайда, шенеуніктер армиясы «мемлекет­тік мүдде» деп емес, жұмысын өздері­нің жеке мүддесіне (қызмет, бизнес, пайда, тамыр-­таныстық, бюджетті талан-тараж­ға  түсіру  және  т.т.)  бұрады.

Осы сөздің дәлелі ретінде мен ғалым Төлеген  Қуанышевтың «жасанды интеллект» арқылы алынған «Қазақстанның экономикалық дамуы туралы»  ой-пікірін  ұсынғым  келеді:

1. Қазақстан экономикасы: өсу емес, бақылау  логикасы.

а) Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайын тек салық реформасы немесе Ұлттық банктің мөлшерлемесі арқылы түсіндіру үстірт талдау болар еді. Мәселе – көрсеткіштерде емес,  институттарда. Елдің экономикалық жүйе­сі даму­ға  емес, билікті сақтауға бағытталған.

ә) Билік ресурстарды – табиғи байлық, бюджет,  бизнестен алынатын әкімшілік рента – бөлуді басымдық санайды. Бұл – экономикалық  модельдің емес, саяси архитектураның салдары.

2. Экстрактивті  жүйенің  табиғаты.

Дарон Аджемоглу мен Джеймс Робинсон сипаттағандай, экстрактивті институттар – бұл қоғамның құндылық, яғни жаңа өнім тудыратын тетіктерін биліктің бақылауына бағындыратын құрылым.

Мұндай жүйе жаңа идеяларды көтермейді, өйткені, ол үшін «инновация» – бақылау үшін қауіп. Нәтижесінде экономика өздігінен дамымайды, тек реттеушінің шешімін күтеді. Қазақстанда осы модельдің белгілері айқын: мемлекеттік реттеу нарықтан басым, ал жеке бастама жүйелік кедергілерге ұшырайды. Экономи­калық шешімдер көбіне саяси контекстке  тәуелді.

3. Талдау  емес – әкімшілік.

Экономикалық блоктағы кадрлық саясат осы логиканы айқын көрсетеді. Мысалы, Қазақ­станда Премьер – заңгер, Ұлттық экономика министрі — инженер, кейін сырттай экономика оқыған, Қаржы министрі – салық жүйесі­нен   шыққан  технократ  және  т.т…

Әрине, бұл адамдардың кәсібилігіне күмән жоқ. Бірақ олардың ойлау жүйесі стратегиялық емес, әкімшілік сипатта. Өйткені, экономикалық саясаттың басты мақсаты – бақылау және есептілік. Мұндай ортада экономикалық шешім емес, «дұрыс жауап» маңыздырақ. (Ескерту: «дұрыс жауап» дегені «дұрыс, яғни, өзіне қолайлы есеп  беру»  дегені  болса  керек)

4. Шешім тудыра алмайтын механизм.

Кез келген дағдарыс – жүйенің бейімделу қабілеті  үшін  сынақ.

Инклюзивті институттар бұл жағдайда жаңа тетіктер іздейді – нарық ашады, ережелерді жеңілдетеді, жауапкершілікті  бөліседі;

Ал экстрактивті жүйе  керісінше  әрекет етеді – қорғанысқа көшеді, кінәліні іздейді, ал өзгеріс жасаудың орнына «түсіндіру жұмыс­тарымен»  шектеледі.

5. Негізгі себебі – бақылау тетігінен айырылудан  қауіптену.

Инновация жаңа орталықтар мен жаңа жауапкер­шіліктер тудырады, бұл бақылау логикас­ына қайшы. Сондықтан экстрактивті жүйе  өзін  реформалауға қабілетсіз, ол тек бейім­делген  имитация  жасай  алады.

6. Қабілетсіздік – жеке фактор емес, құры­лымдық  нәтиже.

Жүйедегі кәсіби әлсіздік кездейсоқ емес. Бақылауға негізделген институттарда қабілетті адамдар тұрақтамайды, өйткені олардың ойы иерархияны шайқалтады. Осылайша жүйе өздігінен «ыңғайлы» кадрларды сұрыптайды – бастама көтермейтін, бірақ бағыныштылықты жақсы меңгергендерді. Мұның салдары кадрлық айналымның тұйықтығына апарады. Аттар мен атаулар өзгереді, бірақ шешім қабылдау  логикасы  сол  қалпында.

7. Нарыққа  емес, фискалдық қысымға сү­йенген  саясат.

Қазіргі экономикалық саясаттың бағыты – шектеу және жинау. Салық өседі – өйткені алу оңай, ынталандыру қиын. Ставка көтеріледі – өйткені,  қысу  жылдам, бірақ  тиімді  емес.

Алайда, бұл әрекеттен инфляция төмен­демейді, себебі – оның түбірі сұраныста емес, биліктің өзі тудырған шығындарда. Мұндай орта­да экономика қысылып, сенім азаяды. Ал сенімсіздік – инвестицияның  басты  жауы.

8. Институттардың  айнасы.

Ұлттық даму – экономикалық емес, инс­титуционалдық  феномен.

Инклюзивті институттар бәсекені, жауапкершілікті және ашықтықты көтермелейді.

Экстрактивті – керісінше, лоялдық пен бағыныштылықты  марапаттайды.

Қазақстандағы саяси құрылым бәсекеден гөрі бақылауға бейім болғандықтан, экономикалық институттар да сол бағытта жұмыс істейді: егер шешім қорқыныштан туса, нарық еркін  бола  алмайды,.

9. Қайта  құру  қажеттігі.

Қазіргі дағдарыс – макроэкономикалық емес. Бұл – экономикалық ойлау дағдарысы: қоғамда білім марапатталмайды, жауапкершілік жүйеленбе­ген, ал бәсеке қауіп ретінде қабыл­данады.

Бірақ тарих көрсеткендей, ешбір экстрактивті жүйе ұзақ өмір сүрмейді.

Бақылау тиімділікті алмастыра алмайды. Кез келген жүйе бір сәтте таңдау алдында қалады: бақылауды күшейту ме, әлде ашықтыққа қадам жасау ма? Қазақстан дәл осындай бұрылыс нүктесіне жақындап келеді – экстрактивті модель өсімді тоқтатты, бірақ билікті әлі  ұстап  тұр.

Сұрақ – бұл ауысу қалай өтеді: дағдарыс арқылы ма, әлде саналы реформалармен бе? Тарихтың  жауабы  бір: реформаланғандар – өмір  сүреді,  қарсылық  танытқандар – күйрейді.

Міне, еліміздің болашағына үміт отын жағушы «Жасанды интеллект» бізге қазірден бастап осындай ескертулер айтып жатыр… Назар аударсақ, көбі шындыққа жанасып тұр. Ендеше, біз реформаларды декорациялық емес, мазмұнға сай өзгерістерге қол жеткізуге тырысуымыз  керек… ЖИ  осыған  меңзеп тұрған  жоқ  па  екен?..

Әбдірашит  БӘКІРҰЛЫ,

философ-публицист,

«Қазақ  әлемі»  РҚБ  вице-президенті

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: