Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесін күзетіп, әскери міндеттерін өтеген Ұлттық ұлан №5547 әскери бөлімінің 50 сарбазы Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті №60 мекемесі бастығының алғыс хатымен марапатталды. Әскери бөлімінде өткізілген шараға №60 мекемесі бастығының орынбасары Өскенбаев Алтынбек және кадр саясаты тобының қызметкері Мулдашов Айбек қатысты.
– Түзеу мекемесіндегі тыныштық пен тәртіптің сақталуы – ең алдымен қарауыл күзетінде қалтқысыз қызмет атқарған қырағы жауынгерлеріміздің арқасы. Сіздер өз өмірлеріңізге төнген қауіпті ойламай, түзеу мекемесіндегі ішкі тұрақтылықты сақтауда міндеттеріңізді адал атқарып, жинақылық пен әскери тәртіптің жақсы үлгісін көрсеттіңіздер. Отанға адал болуға әскери Ант берген күннен бастап, күні-түні қырағылық пен сақтықты, ерекше жауапкершілікті қажет ететін осы қызметті адал да абыроймен атқарған сазбаздарымыз алдағы уақытта да отансүйгіштіктің жарқын үлгісін көрсете береді деп сенемін, – деді Өскенбаев Алтынбек.
– Түзеу мекемесін күзетуге жіберер алдында командирлеріміз бізді психологиялық және күшейтілген әскери дайындықтан өткізді. Олар бізді кез келген жағдайға әзір болуға, шапшаң ойлауға және тез қимылдауға, моральдық-психологиялық тұрғыдан мықтылыққа үйретті. Өз басым әскери міндетімді түзеу мекемесінде атқарып шыққаныма еш өкінбеймін. Өйткені бір жылдың ішінде мен жинақылыққа үйрендім, уақыттың қадірін білдім, өз ісіме жауапкершілікпен қарауға машықтандым, батыл бола түстім. Ең бастысы – Отанды сүю, елге қызмет етудің ережесі де қарапайым болатынына көзім жетті, – деді бірінші атқыштар ротасының сарбазы Елдосұлы Ердаулет.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!