Соңғы жылдары Қызылорда облысының өзінде мұнай ұңғымаларының сулануы 95 пайызға дейін артты. Бұл өз кезегінде экономиканың жетекші саласына тікелей әсер еткені анық. Мәселен, өткен жылы аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 862,9 млрд теңгені құраған. Әрине, ауыз толтырып айтуға тұрарлық көрсеткіш, дегенмен 2018 жылдың көрсеткішінен 10,7%-ға төмен. Себеп сол, жекелеген мұнай ұңғымаларының сарқылуы мен сулануы. Нақты дерек керек болса, оны да айтайық. 2019 жылы мұнай өндіру көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 828,8 мың тоннаға кем өндіріліп, 5,6 млн тоннаны құраған. Бұған дейін де әлеуметтік-экономикалық даму жоспары аясында Сырдария, Шу-Сарысу, Оңтүстік Торғай шөгінді бассейндеріне кешенді геологиялық зерттеу жүргізу жоспарланған еді. Бүгінде республикалық бюджеттен 2020 жылға Шу-Сарысу шөгінді бассейнін зерттеуге қарастырылған 11 млрд теңгенің 600 млн теңгесі игерілуде. Бұйыртса, тиісті жұмыстар басталады. Бұл мәселе тек Қызылорда облысын төңіректеп тұрған жоқ, республика бойынша «таздың тақиясын» киіп тұрған секілді.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің статистикалық мәліметіне сүйенсек, еліміздің мемлекеттік базасында тіркеліп, жұмыс істеп тұрған 8 мыңнан астам кен орны бар. Оның 317-сі – мұнай, газ, конденсатқа (көмірсутек), 910-ы – қатты пайдалы қазбаларға, 3 мыңнан астамы – кең таралған пайдалы қазбалар мен 4 мыңға жуығы жерасты сулары кен орындарына тиесілі. Елдегі ішкі жалпы өнімнің коэффициентінің басым бөлігіне ие бұл мәселе үкімет үстеліне жайғасқандарды да бейжай қалдырмады. Бүрсігүні Үкімет сағатында премьердің қатысуымен 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасының жобасы қаралды. Министрлер кабинеті түгел жиналған жиында елдегі жерасты кен орындарының бүгінгі ахуалы мен болашақтағы мүмкіндіктері айтылды. Тіпті жақын жылдары қазба қорларының сарқылу қаупі төніп тұр.
– Соңғы онжылдықта Шығыс Қазақстандағы моноқалаларға жақын орналасқан Шемонаиха, Юбилейно-Снегирихин, Зырянов ірі қорғасын-мырыш кен орындары толықтай игерілді. 2025-2040 жылдарға таяу Орлов, Малеев, Тишин, Риддер-Сокольный секілді кен орындарында да пайдалы қазба қорларының толықтай сарқылуы күтілуде. Бүгінгі таңда «Қашаған» кен орнын есепке алмағанда, қорлардың өсім деңгей коэффициенті қатты пайдалы қазбалар бойынша – 0,13, ал көмірсутек шикізаты бойынша 0,9-ды құрауда. Соңдықтан да, жаңа кен орындарын ашу және оны іске қосу үшін кем дегенде 10-15 жыл уақыт керектігін ескеріп, геологиялық барлау жұмыстарын қазірден бастап жандандыру қажет, – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында.
Шынын айту керек, Қазақстан қай істе болмасын нарықтық экономикасы озық елдердің тәжірибесіне сүйенгенді тренд ретінде қабылдайды. Пайдалы қазба байлықтарын игеруде де тура осы жағдай. Соның нәтижесінде геологиялық барлауды жүргізуге инвесторларды тартуда оң тәжірибеге айналды. Алдағы бес жылдың ішінде дәл осы бағыттағы жұмыстарды толығымен атқару үшін еліміздің геология саласына 6 триллион теңгеден астам инвестиция тартылады деп күтілуде.
– Еліміздің кей аймақтарында мұнай-газ саласының өнімі 10-15 жылда тоқтап қалуы мүмкін. Мұнай-газ саласының әл-ауқаты үш алып – Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанның арқасында құрылады. Алайда олардың да әлеуеті шектеулі. 20-30 жылдан кейін бұл мұнай өндірудің табиғи құлдырауына әкелуі ықтимал, – деген пікірде Қазақстан мұнайшылар-геологтары қоғамының президенті Б.Қуандықов.
Қазіргі күннің өзінде жерасты суларының кен орындары 4000-ға жуықтайды. Гидрогеологиялық ерекшеліктеріне байланысты жерасты су ресурстары әр аймақта әркелкі орналасқан. Мәселен, 50%-ы – оңтүстік, 30%-ы – солтүстік, орталық және шығыс, 20%-ы батыс аймақтарында шоғырланған деген дерек бар.
– 90-жылдары жүргізілген заманауи сейсмикалық зерттеулердің нәтижесінде Қашаған, Қаламқас-теңіз, Солтүстік Трува секілді бірнеше кен орындары ашылды. Бүгінгі таңда ескі сейсмикалық мәліметтер көп болғанымен, оның сапасы мен нақтылығы қазіргі талаптарға сәйкес емес. Сол себепті, Каспийдің терең қабатының әлеуеті әлі толықтай бағаланған жоқ. Бұл бассейн – инвесторлар үшін тартымды аймақ. Қазір көптеген отандық және шетелдік компаниялар осы бассейнде геологиялық зерттеу жүргізуге ниет білдіруде. Сондықтан жаңартылған геологиялық ақпаратты алу үшін заманауи сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу қажет, – деді еліміздің бас геологы.
Сала мамандарының зерттеулеріне сенсек, Қостанай облысының, Орталық пен Шығыс Қазақстан арасындағы аумақтардың және Қырғызстанға іргелес еліміздің оңтүстігінің алтын кен орындарының әлеуеті зор. Ал алдағы уақытта қорғасын мен мырыштың жаңа кен орындарын Қазақстанның орталық, оңтүстік және де Кенді Алтай өңірлерінен ашу жоспары тұр. Өйткені бұл аумақтарда вольфрам, молибден, алюминий, қалайы және сирек кездесетін элементтер жиі кездеседі-міс. Сонымен 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезеңінде көмірсутегін барлауға шамамен 680 млрд теңге, қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлауға 100 млрд теңге инвестиция тартылады деген дәме бар.
Н.ҚАЗИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!