Дос КӨШІМ,
қоғам қайраткері:
— Қазақстанда оппозициялық партиялар болды. Бірақ, ол оппозициялық партия қоғамды өзгертемін деген мақсат қойған жоқ. Олар тек ғана Назарбаевпен күресу үшін құрылған сияқты. Шынымен, биліктің маңайында жүрген, Назарбаевтың командасында болған адамдар ғой. Біреуі ренішпен, біреуі кек алу үшін, енді бірі билік үшін келген шығар. Біздегі оппозиция сондай бағытта болды. Әрине, олар – оппозиция, оппозиция емес деп айтуға болмайды. Олар билік үшін таласты. Бірақ, билік үшін таласқан уақытта АҚШ-тың демократиялық және республикалық партиясы арасында да айырмашылық жоқ ғой, бірақ олар қоғамды өзгертпейді. Дәл сол сияқты біздегі партиялар да қоғамды өзгертеміз деген мақсат қойған жоқ. Сондықтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейін, тіпті оның кететіні байқалған уақытта олар да бірте-бірте «жоғала» бастады. Себебі, олардың объектісі, «соғысатыны» – Назарбаев, оның қызы, күйеу баласы деген сияқты болды.
Қазір оппозициялық партияның бірі парламентте отыр, біреуі «жоғалып» кетті, келесісі қолын бір сілтеді. Өйткені олардың күресетін «жауы» саяси аренадан кетті. Сондықтан Қазақстанда оппозициялық партиялар жоқ. Егер олар қоғамды өзгертемін десе, онда жағдай мүлдем басқаша болар еді. Одан әрі жұмысын күшті жалғастырар еді. Сол қоғамды өздері құрды ғой, қалай өзгертеді? Олар тек ғана Назарбаевты биліктен кетіріп, орнына келгісі келді.
Бұл мен күткен және менің саяси мақсатыма сай келетін оппозиция дей алмаймын. Өкініштісі сол, көптеген ұлтшыл азаматтар да солардың соңынан ерді. Ал қазір бәрімізге «бөжей» болған Назарбаев саяси аренадан кетті. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Билікке «Назарбаев моделін» жалғастырушы, «сабақтастық» терминін шығарушы сол биліктің өкілі келді. Қысқасы, «жеке адаммен жағаласатын» оппозиция ештеңе өзгерте алмады. «Шал кетті», ал билік жүйесі сол қалпында қалды.
Жазып алған
Н.АҚПАН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!