Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда «Бокассаның елесі» болған еді…

30.08.2023, 10:20 189

Африкадағы бір кедей елдің аз уақытта басынан өткерген «күлкілі» тарихын оқып отырып, менің Қазақ­станым да сол елдің кебін киіп барып, Құдай  қағып  аман қалғанымызға тәубе  дедім.

Хош, сонымен…

Еліміз Еуразия құрлығының дәл жүрегіне орналасқан, әрі осы құрлық­тың  кіндігі  болып  табылады.

Осыған ұқсас Африка құрлығының дәл жүрегіне орналасқан, әрі кін­ді­гі іспетті ОРТАЛЫҚ АФРИКА РЕСПУБ­ЛИКАСЫ (ОАР) деген ел бар. Кедейлігінде шек жоқ, ол жағынан Аллаға шүкір, біздің елге шаңын да көрсетпейді. Соншалықты кедей ел. Ондай болудан бізді Құдай өзі  сақтасын.

1961 жылы Африка құрлығын тәуелсіздендіру үшін еуропалықтар әртүрлі шара жасады. Соның бір бөлігі ретінде француздар ОАР-дан кетіп, оны тәуелсіз Республика деп жариялады. Былайша, тегін берілген сыйлық  деген  сөз.

Ел президенті болып ДЭВИД ДАКО дегенді «сайлайды». Дэвид Дако Қара Африкалықтардың Әлеу­меттік-революциялық Партия­сы (ҚАӘРП) дегенді құрып, жаңа Конс­титуция бекіткенін мәлімдейді. Соны­мен қатар өзінің жақын туысы ЖАН БЭДЭЛЬ БОКАССАны Ұлттық Армияның Бас штабының басшысы етіп тағайындады. Ал бұл Бэдэль Бокасса есімді туысы ағасы Дэвид Даконың елде болмаған кезін пайдаланып, 1967 жылы мемлекеттік төңкеріс жасап жібереді де Партия Төрағасы, ел Президенті, Премьер-Министр және Парламент спикері деген төрт негізгі лауазымды бірден-бір  өзінің  уысына  алады.

Географиялық орналасуының ма­ңыздылығына байланысты Франция өз әскерлерін осында орналастырып қойған-ды. Сондай-ақ халқы өте аз бұл кедей елді француздар асырап отырған болатын. Несие бере береді. Елдің қарызы көбейіп, оны төлеу мүмкін емес екенін білген әлгі Бокас­са Франция президенті Шарль де Голльді ресми түрде Орталық Африка елінің «әкесі» деп жариялайды. Ол кезде Де Голль де ұяттан жерге кірер­дей болған шығар. Бокасса билікке келе сала жұмысын Конституцияны өзі мүддесіне сай өзгертуден бастайды. Ол соншалықты білімді адам емес еді, 1954 жылы француз армиясына шақырылып, Вьетнам соғысына қатысқан кезінде қара танып, кіші сержант дәрежесіне дейін көтерілген болса  керек.

Ол басқарған ҚАӘРП партиясы елдегі жалғыз партия болғанымен, оның саяси бағдарламасы да, идеологиясы да болмады, тек ғана Бокассаның елді басқару жұмысының құралы ғана болды. Партияның 1972 жылы шақырылған төртінші съезі Бокассаға «маршал» атағын беру туралы жалғыз мәселені талқылаған деп айтылады. Бокасса кез келген уақытта партия жиналысын ашады да өзінің басты қарсыластарын бас көтертпей жаншып тастайды. Мемлекеттік министр Бонга, Кәсіподақ басшысы Сандосса, Премьер-Министр Патасселар жыл сайынғы партия жиналысында талқыланып қамауға алынып, түрмеге жабылса, басқа да көптеген министр жұмбақ  жағдайда  қайтыс  болды.

1976 жылы, яғни осы кедей ел тәуел­сіздік алғанына тура 15 жыл толғанда Бокасса жоғарыда аталған төрт негізгі лауазымнан басқа, Баспасөз министрлігі, Қорғаныс министр­лігі, Сауда министрлігі, Пош­та министрлігі, Тау-кен өнеркәсібі министрлігі және Ақпарат министр­лігін түгелдей өз қолына алып басқаратын болды. Көп әйелінің бірі болған ең үлкен бәйбішесін Орталық Барлау Басқармасының басшысы етіп  тағайындайды.

Оның сыртқы саясаты тіптен ерекше болды. 1970 жылы КСРО-ға ресми сапарға барғаннан кейін бұл ел өзін «социалистік лагерьдің» ажырамас бөлігі  деп  жариялады.

1975 жылы Францияның жаңа презид­енті Жескар де Эстанмен бол­ған кездесуге жауап ретінде өз халқын француз елінің жолымен өркендейтінін  мәлімдеді.

Келесі 1976 жылы мұнайға бай ел Ливияның президенті Кадаффи ресми сапармен келген кезде, ол өз елінің мұсылман болғанын жариялап, үкіметтің барлық мүшесін сүндетке отырғызып Исламды қабылдау рәсімін өткізді, өздеріне Мұхаммед, Ахмед, т.б. ат қойып алды. Қасиетті Құранды жаңадан француз тіліне өзім аудардым деп мыңдаған данамен басып шығарып, оларды бүкіл елдегі әрбір үйге таратты. Әрине, оның араб тілі білімі туралы не айтуға болады, бірақ Каддафи де бұл ақымақ қараны ақшамен қолдамады, сондықтан Орталық Африка мемлекетінің мұсылман  мемлекеті болғанын келесі жылы бүкіл әлем ұмытып кетеді. Соны­мен Бокасса батыс және шығыс Германиядан, Тайваньнан ақша сұрап жалынып, Қытаймен кенеттен дипломатиялық қатынасын үзіп, т.б. әрекеттерімен  де  әлемді  шулатады.

1976 жылы мемлекеттің 15 жылдығына орай ол елді Орталық Африканың империялық патшалығы деп жариялап, өзін император етіп таға­йындады. «Итті қорқытатын ағашы» секілді бұл шешім әлгі ҚАӘРП пар­тиясының жиналысын шақыру ар­қылы қабылданады. «Император партиядан жоғары болуы керек» деп, партиясынан уақытша бас тартып бұраңдайды.

Ең қызықты аттракционы Бокассаның таққа отыруы болды. Француз армиясында қызмет еткен кезінде ол Наполеонның кенеттен өз Республикасын патшалыққа айналдырып, өзі император болғанын естігені осы бір алып қара адамның кішкентай миына қатты әсер қалдырса керек. Бірақ ол Наполеонның Біріккен Еуропаға деген ұмтылысы, әлемдегі алғашқы заманауи басқару жүйесін ойлап табуы, теңдесі жоқ ақыл-ойдың иесі, керемет әскери қолбасшы болғаны туралы ешқашан естімеген сияқты. Ол Француз революциясының тарихы, Мон­тескье принциптері, шашыраң­қы Италия, неміс империализмі, ағылшын бәсекелестігі, әлемнің көшбасшы өркениеті қатарлы ұғымдарды естісе  де  қабылдап  түсіне  алмас  еді.

Сонымен әлемдегі ең кедей ел патшаны таққа отырғызу рәсіміне бола барлық дәулетін шашыпты. Орталық Африка Республикасында іске татитын жалғыз мүлік – гауһар тастардың аздаған қоры бар болатын. Оның өзі әлгі Бокассаның өзі толығымен басқаратын жеке біліміндегі байлық екен. Патша тәжіне екі мың бриллиант орналастырып әсемдеу сол кездің бағасымен 5 миллион долларға бағаланған. Патша тағын ұшып бара жатқан бүркіт бейнесімен жасап, алтынмен аптағандықтан, салмағы екі тонна болыпты. Тақты толығымен барыс терісімен қаптапты. Киімдерін еуропалық ең жақсы ательелер тіккен. Киімнің материалдары әлемнің түкпір-түкпірінен сатып алынды. Жамыл­ғысының өзі бес түсте жарқырайтын өте қымбат арнайы материалмен Үндістанда арнайы қолөнершілер арқылы жасалды. Бұл жамылғы тура­лы ол өзін ұлықтау рәсімінде қара түс мемлекеттің темір жұдырығын бейнелейді, сары түс императордың рақымшылығын білдіреді, ал жасыл түсі Орталық Африка шөлінің жасыл елге айналып, жасарып өсетінін білдіреді,  т.б.

Барлау басқармасының басшысы болған бәйбішесін Патшайым деп, үш жасар ұлын тақтың мұрагері деп жариялайды. Туған-туыстары ханзада, герцог, ханшайым сияқты ежелгі француз дворяндарының атақ­тарымен марапатталды. Салтанатты рәсімге орай жауынгерлерінің формасын жаңалап, бірнеше күн бойы жаттығу  жасап дайындалған аш сарбаздар екі тонна алтынмен апталған тағында бес түрлі түспен жарқырап желбірейтін жамылғысын жамылып отырған есуас патшасының алдынан шөлдің шаңын бұрқыратып француз стилінде парад жасапты. Онысы бұл аймақта кең таралған адамды өлтіріп сойып, етін қақтап жеудің алдында билейтін «марзан» деп аталатын биіне қарағанда әлдеқайда өркениетті көрінсе  керек.

Салтанатқа қатысқан Франция және  Африка елдері елшілерінің біразы қалтасын томпитып, осы мүмкіндікті пайдаланған итальян, неміс және швед кәсіпкерлері салтанатты тағамдардан ауыз толтыра асап қуа­нышқа бөленіпті. Бокассоның тегі адам етін жейтін тайпадан шыққан екен. Сонымен қатар, оған Інжілдегі «Соңғы кешкі ас», оны бейнелеген Леонардо да Винчидің суреті өте ұнаған екен. Сондықтан түрме басшысына хабар жіберіп, мәсіхтің «Соңғы кешкі асын» ұйымдастырады. Тойғанынша тамақтандырып, шарап­қа мас болдырғаннан кейін, тұтқындарды сойып, етін мұқият тазартып патшаның асханасына жібергені, банкетте қонақтардың тамсана жеген асы осы болса керек. Кейінірек, барлық шындық анықталған кезде, қонақтардың кейбірі өзінің адам етін жегенін білгенде есінен танып, жынданып қайтыс болыпты деп те айтылды. Рәсімнің жалпы құны 50 миллион долларды құрауы осынау кедей елдің жалпы ұлттық өнімінің 50 пайызына тең  қаражат  екен.

Барын құртып, мемлекеттік қазы­наны тықырлап тастаған патша қа­йыр-садақа сұрау үшін Парижге келе­ді. Өзі «аға» деп атаған президент Жескар де Эстанмен кездескенде қалтасынан бір уыс гауһар алып, оларды көптің көзінше тікелей ағасының қалтасына сүңгіте салыпты. «Маған ақша берсең, мен күлемін, көп ақша берсең, одан да көп күлемін» деген тарихи афоризмнің авторы болған Бокасса еді. Жескар соңынан бір уыс гауһарды мемлекетке тапсырғанымен бірақ бір-екеуі қалтасының түбінде қалды деген қауесет тарағандықтан келесі сайлауда жеңіліп қалған болатын-ды.

Бокасса қоржынының түбі тесілгендіктен ақша табу үшін сан түрлі әдіс ойлап тапты. ҚАӘРП-тің съезінде жекеменшік мүліктерін мемлекетке тәркілеу туралы шешім қабылдатты. Бұл съезде сонымен қатар осы елдегі жалғыз  мектептің барлық оқушысына аса  қымбат  тұратын мектеп формасын сатып алып сәнді киінуді бұйырды. Жалаң аяқ,  жалаңбұт балаларына ата-анасы киім алатын ақшаны қайдан таппақ? Ал сол форманы тігетін фабрика патшаның жекеменшігі  бола­тын.

Наполеонның өнерге деген сүйіс­пеншілігі  туралы  естіген Бокасса театр, ансамбль, әртүрлі зәулім мүсін тұрғызуға шешім шығарып, олардың барлығын сенбілік арқылы тегін істеуге бұйрық қабылдады. Жалпы, ол ештеңе түсінбесе де өнершіл, сауықшыл, әртүрлі рәсімге, лента қиюға, жиналысқа, шеруге белсенді болды. Екі жүз кішкентай баланы киім сатып алма­ғаны және ешқашан театрға келіп көрмегені үшін қамауға алып, түрмеге жабады. Сонымен қатар, оларды соя бастайды, өзінің жеке тоңазытқышын балалардың жұмсақ етімен  толтырады.

Әр нәрсенің соңы болатыны белгілі…

Осы елді жауаптанып, бюджетке қаражат тауып беріп қамқорлыққа алып отырған франция президенті Жескер «аға»-ның сабыры сарқылып, 1979 жылы француз армиясының шетел­дік легиондарын Орталық Африка­ға жібереді. Ел қайтадан рес­пуб­лика болып құрылып, президент болып бірнеше жылдың алдындағы төңкерісте тағынан тайдырылған бұрынғы туысы Дэвид Дако қайта «сайланды». Ал Бокасса патша шетел­ге қашып кетеді де, содан қайтадан мемлекеттік төңкеріс жасау үшін 1986 жылы Кот-д’ Ивуардан жасырын түрде еліне оралды. Бұл жолы ол ұсталып, түрмеге жабылып, ақыры сонда өліп тынған  секілді…

Бұл тарих күлкілі болып көрінгені­мен нағыз трагедия да еді. Содан бері отыз бес жылға жуық уақыт өтіпті. Ол кезде Африкада осыған ұқсас оқиғалар тек осы ғана емес болатын. Угандалық Иди Амин, танзаниялық Нерере, Заирде Мобуту, эфиопиялық Менгесту  және т.б.

Бүгінде Африка әлдеқайда өр­кениетті. Мұндай жауыздар мен есуастар Африка билігінде пайда болған кезде тығырықтан шығар жолдар мүлде жабылған болатын. Біраз уақыт бойы әлем Африканы өзінің тарихы мен өмірбаянына байланысты қоқысқа тастап қойған-ды. Бірақ қазіргі таң­да өркениетке бұрылып, мемлекеттік тәжірибе жинақтап, ақыл-есі кіре бастағандықтан олардың болашағы­нан үміт күткен әлем елдері  қайтадан мойын  бұра  бастады.

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: