Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан картасында көп ұзамай жаңа облыс пайда болатын сияқты

30.10.2025, 12:00 212

Бұған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы сөздері дәлел бола алады. «Торғай жеріне баса назар аудару керек» деген мемлекет басшысы биыл міндетті түрде Қостанай облысына баратынын да айтты. Ол «бұған дейін берген уәдені орындайтын уақыт жетті» деп есептейді.

– Амандық болса, биыл Қостанай облысына міндетті түрде барамын. Жоспарымда бар. Жолдауымда Қостанай облысын арнайы атап өттім, Торғай жеріне баса назар аудару керек деп айттым. Арқалыққа биыл міндетті түрде барамын. Кезінде уәде бердім, оны орындайтын кез келді. Торғай өңіріне көңіл аудару керек, — деді  Қасым-Жомарт  Тоқаев.

Иә, тарихқа көз тастасақ, деректерде Тобыл-Торғай өңірінің талай теперіш көргені сайрап тұр. Тағдыршешті әрекет болмағандықтан, аталған аумақтың тұрғындары әркез және әр уақытта мұң-мұқтажын, мәселесін жоғары жаққа жеткізумен келеді. «Торғай жұртының екінші тынысы ашылар күн қашан туады?» деген сұраққа ел президенті өз Жолдауында да жауап беріп өткендей. Соңғы уақыттары аталған аумаққа ерекше жанашырлық танытып  жүргені  бір  жақсылықтың   нышаны   болса   керек-ті.

Осы  орайда, біз бірнеше  кейіпкермен сөйле­сіп, «Торғайдың қайтадан облыс болып ашылу ықтималдығы  қаншалықты?»  деген  сұраққа жауап  іздеп  көрдік.

Әлбетте, бұл бүгін және ойда-жоқта қозғалып отырған мәселе емес. Ондағы жұртшылық жаңа облыст­ың ашылар күнін асыға күтіп жүр және оның  «белгілі бір  деңгейде  алғышарттары жасалып  жатыр» деп есептейді. Яғни, сүйінші  сұрайтын  күн  де  алыс  емес  болуы  керек.

«Торғай облысының ашылғаны экономикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді?» деген сұрақты тарихшы, өлкетанушы Амандық Әмірхамзинге бағыттадық. Ол  бізге  нақты 4 фактімен жауап беру­ге  тырысты.

– Біріншіден, Торғай облысы Солтүстік Қазақ­станда  орналасқан болса да, географиялық орналасуы бір жағы батыспен, екінші жағы Қарағанды, Ұлытау облыстарымен және Қазақстанның оңтүстік-батысы Қызылорда облысымен шектесе­ді. Сәйкесінше, Қос­танай, Ақмола облыстарымен. Яғни, орналасуы өте тиімді. Осыны пайдаланып, транзиттік әлеуетін арттыруға болады. Ол туралы Президент те айтты ғой. «Орталық – Батыс» жолын биылдан қалдырмай салу керек» деп. Яғни, біз  елдің  батысына бару үшін 800 шақырым айналма жол арқылы, Қостанайға тұрақтап, одан Алтын­сарин арқылы Ақтөбеге шығамыз. Ал әлгі жол түссе, Астана мен Арқалықтың арасы 390 шақырым десек, екінші жағы Торғай мен Арқалықтың арасы – 285  шақырым,  Ырғыз  бен  Торғайдың  арасы тиіп тұр. Яғни, транзит арқылы қаншама үнем жасар едік. Ол әрине, жергілікті инфрақұрылымның дамуына әсер етеді, халықтың қайтадан жол бойына  шоғыр­лануына мүмкіндік туады. Және ауыл және мал шаруа­шылығының дамуына себеп  болады. Бұл – Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етудің де бір жолы, — деп  түсіндірді  жанашыр  азамат.

Оның сөзінше, бір уақыттары Торғайдың астығы Италияға дейін экспортталған. Бұл – ауыл шаруашылығы  және  мал  шаруашылығын дамытуға  таптырмайтын  өңір.

– Екіншіден, Торғай кенді аймаққа жатады. Бір ғана Арқалықтың өзінде 40 шақты кен орны бар. Сол кеніштерді игеру арқылы халықты жұмыспен қамтуға болады. Үшіншіден, транзиттік аймақ, оған жоғарыда тоқталып өттім. Төртіншісі әрі маңыздысы – аймақта туризм саласын дамыту. Бұл өңір қазақтілді, салт-дәстүрді сақтап қалған, тари­хи тұлғасы көп. Қай жағынан алса да, облыс болуға  лайықты. Торғай дегенде көбі Арқалық қаласы  мен  Жангелдин,  Амангелді  аудандарын  айтады. Негі­зі, оның 10  шақты  категориясы  бар. Қостанай  облысына  берген 5 ауданы және Ақмола облысы­на   берген 5 ауданы бар. Барлығы 10 ауданында әлі де 180 мыңдай халық тұрады. (Бұрын 360 мыңдай халық болған). Егер облыс орталығы ашылатын болса, жаңа жұмыс орындары көбейсе, өнеркәсіп дамыса, халық тезірек көшеді. Қазір халық мобиль­ді халыққа айналды. Жаңылмасам, 1989 жылдары Түркістанда 70-80 мың ғана халық тұрған, қазір 270-280 мыңдай, яғни 200 мыңға артты. Сондықтан, халықтың көбеюі тез қарқында өтеді. Салыстырмалы түрде біз Солтүстікке де жақынбыз. Облыс ашу халықты теріскейге шоғырландырудың да бір жолы саналады. Мен «Орталық – Батыс» жолының салынуы, жергілікті кәсіпкерлерге 1 пайыз­дық жеңілдікпен несиелердің берілуі, Арқалықта әуежайдың салынуы, «Қостанай облысының оңтүстік аудандарын дамыту» деген секілді арнайы қабылданған бағдарлама және сол сияқты бірнеше мысалды Торғай облысын ашудың алғышарты деп ойлаймын, — деп үмітті екенін де жеткізді А.Әмірхамзин.

Ал  қоғам  белсендісі Ербол Бекбосын Торғайда игерілмей жатқан жерлердің өте көп екенін айтады.

– Өте өзекті мәселе бар, ол – бос жердің   жау  шақыратыны. Осы  кезде  Жангелдин ауданында 2 миллион гектар, Амангелді ауданында 1,5 миллион гектар, Арқалық қаласында 500 мың гектар жер бос, игерілмей жатыр. Онда мал өсіп жатқан жоқ, егін тағы егілмейді. Сырттан инвесторлар да келмейді. Жолдың қашықтығын себеп  етіп біраз азамат елден көшіп кетті. Ауылдардың көбі жабылудың алдында тұр. Әйт­песе, олар – нағыз туризмге сұранып тұрған ауылдар. Қаншама көрікті жерлер, тарихи-мәдени ғимарат­тар бар. Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының басына бару үшін әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар келеді. Соны ұйымдастыра алмай отырмыз. Соның бәріне жол секілді, тағы да басқа өзекті мәселелер қолбайлау болады. Торғай облысы ашылса, Арқалықтың өзіндік әлеуметтік кен-байлықтары бар, солар зерттелуі, игерілуі керек. Торғай өңірі арқылы мал шаруашылығын дамытып, әлемге әйгілі болуға мүмкіндік бар. Облыс болған жағдайда, өзінің әлеуметтік жобалары болады, бизнес жоспарлары туындайды. Сол арқылы облыс та алға басушы еді, — дейді  ол.

Сөз басында жазғанымыздай, Торғай облысын ашу туралы идея қоғамда көп қозғалып жүр. Тіпті, Абай, Ұлытау және Жетісу облыс­тары құрылған уақытта торғайлықтар біраз талпыныс жасаған еді. Әлбетте, Торғай тоқалдан туған жоқ. «Облыс болып қайта ашылсын!» деп бастама көтеріп жүргендердің де өзіндік уәжі, нақ­ты талабы және орынды ұсыныс­тары  бар.

Шежіреші Амандық Әмірхам­зин өткен жылы Қостанай облы­сында 25 ауылдың жабылғанын сөз  етті. Ол мұны халықтың көшуі­мен  байланыстырады.

– Қазіргі уақытта Қазақстандағы халық саны ең азайып жатқан өңірлер – Солтүстік Қазақстандағы аймақтар. Павлодар облысы, СҚО және Қостанай облысы. Мысалы, былтырғы жылы Қостанай облысының 25 ауылы жабылған. Оның ішінде Қарабалық ауданында  9 ауыл картадан жойылды. Қарап отырсаңыз, халықтың ішкі көші-қоны тым көп. Егер жағдай қайталана беретін болса, онда ол жерлер бос қалады. Ал, бос қалған жер жау шақырады. Мысалы, 1989 жылы қазіргі сол кездегі Торғай облысы­ның Жангелдин және Амангел­ді аудандарында 32 мыңнан 36 мыңға дейін халық тұрған. Қазір Жангелдин ауданында – 12500, Амангелді ауданында 16500 жобасында ғана халық бар. Әрине, халық саны өсіп жатыр, бірақ  ішкі  көші-қон  көп, — деп  налиды  тарихшы.

Торғай өңірі туралы жиі-жиі мәселе көтеріп жүрген жандардың бірі – Ербол Бекбосын. Ол БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы өзінің ғана емес, күллі Торғай жұртының базынасын жоғарыға жеткізіп  келеді.

– 3 жыл бұрын «Торғай облысы ашылсын!» деген митинг өтті, бұл – өте маңызды мәселе, үлкен іс-­шара. Астана қаласынан басталып, Арқалық, Амангелді, Жангелдин аудандарында, Қостанай қаласында өтті. Жергілікті халық қатты қолдады. Мұндай деңгейдегі жоба, жоба болғанда халықтың осындай нақты талабы басқа ешқайда болған жоқ. Өте мәдениетті түрде жеткіздік. Бұған дейін Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕС­КО көлемінде аталып өтуге дайын болды. Сол кезде Аманқарағайда өрт шығып, той өтпей қалды. Мерейлі датада Торғайға қатысты ерекше жаңалық жарияланар деп үміттеніп едік, — деп нақтылай  түсті  ол.

Кеше ғана 2025 жылғы «Алтын домбыра» қорытындысында айтыс­тың «Асан Қайғысы» атанып кеткен Айбек Қалиев жеңімпаз  атанды. Қаншама жылдан бері Тобыл-Торғайдың мұң-мұқтажын билікке батырып айтып жүрген қайраткердің жеңісін көпшілік жақсылыққа  балап  жатты. Ай­тыс­тарда да «Торғайдың алтын дәуірі басталсын», «облыс болып құрылсын» деген сыңайдағы талап-­тілектер  төбе  көрсетті.

Жалпы, бұл ұсыныс көп ұзамай жүзеге асатын секілді. Әлбет­те, жаңа облысты қайта ашу туралы бастаманың экономикалық тұрғыда қандай мәнге ие екенін нақтылай түсу керек. Мәселе сол, тек облыс ашқаннан бәрі шешіле ме? Әрине, артықшылығы көзге анық көрініп тұр  десек те, кедергілері  де  соншалықты  кездеседі.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: