Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ баспасөзі қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр

02.02.2026, 19:15 31

2 ақпан – Ұлттық басылым күні

1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор қаласында алты Алаштың айбынына айналған тұңғыш ұлттық басылым – «Қазақ» газеті жарық көрді. Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы газет ұйымдастырушысы әрі тұңғыш редакторы болса, Міржақып Дулатұлы оның ресми шығарушы өкілі болды. Газет ұлт еңсесін көтеруге үндейтін, ұлттық идеяны насихаттайтын өзекті мәселелерді көтерді. «Қазақты» шығаруға Әлихан Бөкейхан сынды ұлт көшбасшылары да атсалысып, басылымның бағыт-бағдарын айқындауда ерекше рөл атқарды. Үш арыстың – Байтұрсынұлы, Бөкейханұлы, Дулатұлының кәсіби білігі мен қаламгерлік шеберлігі арқасында газеттің алғашқы сандарынан-ақ бүкіл қазақтың мұң-мүддесін арқау еткен үлкен басылым дүниеге келгені байқалды.

Алаш зиялылары газетті ұлтты оятудың құралы ретінде көрді. Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінің миссиясын «қазақ жұртына мәдени есік әрі жат жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп бейнеледі. Ахмет Байтұрсынұлы газетті «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп атап, «адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек» деген еді. Шынында да, қысқа уақыт ішінде-ақ бұл басылым ұлттың айнасына айналып, халық пен билік арасын жалғайтын көпір қызметін атқарды. «Қазақ» газеті 1913–1918 жылдары 265 нөмір шығарып үлгерді. Сол санаулы жылдарда Алаш ардақтыларының мақалаларын жариялап, қазақтың ұлттық санасын оятқан тегеурінді басылым болды. Таралымы алғашқыда 3000 данадан басталып, 5 жыл ішінде 8000-ға жетіп, Еуропа, Түркия, тіпті АҚШ жеріне дейін оқырман тапқаны – осының дәлелі. Зерттеушілер «Қазақ» газеті қазақ қоғамында ұлттық күрес идеясын өрістетіп, ұлттың санасын серпілткен тарихи басылым болды деп бағалайды. Бұл басылым мұзжарғыш кеме іспетті, өзінен кейінгі қазақ газеттеріне жол ашып, қазақтың әдеби тілінің таза үлгісін қалыптастыруға ықпал етті.

Қазақ баспасөзі бір ғасырға жуық уақыт ішінде ұлттық руханият пен қоғамдық ойдың ұйытқысына айналды. Басылымдар арқылы қазақ зиялылары халыққа білім мен мәдениетті насихаттап, елдік мүддені қорғаудың құралын жасады. Кеңес заманындағы қатаң цензураға қарамастан, газет-журналдар ұлт рухын жасырын болса да көтеруді жалғастырды. Төл баспасөзімізде айтылған идеялар кейін мемлекетіміздің қалыптасуына ықпал етті деуге болады. Ал тәуелсіздік дәуірінде қоғамдағы жаңғыру үдерістерін, тіл мен дәстүр мәселелерін, азат ойды алға тартуда баспасөздің рөлі айрықша көрінді. Рухани мәдениетіміз бен елдік санамыздың деңгейін бағамдасақ, осы жүзжылдықта халықтың нені сүйіп оқығанынан-ақ баспасөздің ықпалы қаншалықты терең болғанын аңғаруға болады.

Бүгінгі таңда ақпараттық кеңістік мүлде жаңа сипат алды. Теледидар, интернет пен әлеуметтік желілер үстемдік құрған дәуірде дәстүрлі газет-журналдың оқырманы күрт азайды. Жастар түгілі, бұрын газетке жазылатын аға буынның өзі сиреп барады. Көпшілік «газеттің дәуірі өтті, орнын интернет басты» деген пікірге бейім. Шынын айтқанда, қазіргі кезде көптеген газет тек мемлекеттік тапсырыс пен азын-аулақ жарнамаға сүйеніп күн көріп отыр, тұрақты оқырман саны тым шектеулі екені жасырын емес. Оқырманның азайғаны рас, оны баспасөз жанашырлары да мойындайды. Дегенмен, бұл үдерісті асыра драмалаудың жөні жоқ. Ең бастысы, баспасөздің бағыт-бағдары мен қоғамдық миссиясы өзгерген жоқ, өресі биік кәсіби журналистика өз бағасын жоғалтқан емес.

Медиа саласының сарапшылары дәстүрлі басылымның құндылығы уақытша құлдыраудан соң қайта таныларына сенімді. «…Қазіргі уақытта баспасөзді де іздеп жүріп оқитын адам қарасы азайғанымен, бұл оның заманы өткенін әсте білдірмесе керек. Өйткені жазу да – театр секілді өнер. Оны бағалайтын көзіқарақты оқырман бар кезде, газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі боп қала бермек» деп жазады тәжірибелі қаламгерлер. Расында, жылт еткен жедел жаңалықтар легі әлеуметтік желіде тез тарағанымен, салмақты сараптама, терең талдау жасайтын газеттің орны бөлек. Білімді, талғампаз оқырман азайса да, басылым мүлде жоғалған жоқ, баспасөз сол аз санды оқырманымен өз биігін сақтап келеді.

Осы тұрғыда ел басшылығы да ұлттық баспасөздің қоғамдағы рөлін жоғары бағалап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында дәстүрлі басылымдар дәурені жаңғырып келе жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Әлеуметтік желі адамның ойлау қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Қазіргі уақытта баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр» деп, баспасөздің қоғамға керек екендігін айқындап берді. Тоқаев журналистердің бүгінгі басты мақсаты жан-жақты шолу жасап, терең сараптама ұсыну, ағартушылықпен айналысып, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу екенін айрықша атап, өзі де жас кезінен баспасөз оқуды әдетке айналдырғанын тілге тиек етті. 

«Адырна» ұлттық порталының хабарлауынша, елімізде бұқаралық ақпарат құралдарының саны жылдан-жылға артып келеді. 1991 жылы бүкіл елде бар-жоғы 10 шақты республикалық газет-журнал болса, 2026 жылдың қаңтарындағы дерек бойынша елімізде 5 062 БАҚ тіркелген, оның ішінде 3 081-і мерзімді баспасөз, яғни 1 932 газет және 1 149 журнал бар екен. Газет нарығында ішкі бәсеке де орасан зор. Мыңнан аса газеттің әрқайсысы өз оқырманы үшін күреседі, мазмұн мен сапада жарысады. Бұл бәсеке бір жағынан пайдалы. Журналистер таланты шыңдалып, әр басылым өз бет-бейнесін қалыптастыруға тырысады. Екінші жағынан, газет саны көп болған сайын жұрттың назарын ұстап тұру қиындай түседі. Әлеуметтік желілердің әсерімен ақпарат тұтыну әдеті өзгерген заманда әр басылым оқырманға таласып, түрлі амал жасауда. Біреулері электронды жазылым ұсынады, енді бірі дизайн мен форматты өзгертеді, енді бірі эксклюзивті сараптамаларға мән береді. Ал қолыңыздағы «Халық» газеті 2000 жылдың 21 шілдесінде алғашқы саны жарық көргенде «Көптің бірі емес, бірегейі болу – арманымыз. Саны бар, сапасы аз басылымдардың қатарына қосылудан Құдай сақтасын. «Халық» газеті халықтың арман-тілегін қозғайды. Біз тәуекелге бел будық. Алла үнемі сіздермен бір болуды жазсын, құрметті оқырман!» деп жазды. Қазірге дейін сол ұстанымнан айнымай, оқырман олжасына қызмет етуден танбай келеді.

Қазақ баспасөзі «Қазақ» газетінің тарихи бастауынан бүгінге дейін ұлт руханиятына қызмет етіп келеді. Ғасырдан астам уақыт өтсе де, баспасөздің көздеген мақсаты – халықтың сөзін сөйлеп, кемшілігін түзеу, қоғамдық сананы алға жетелеу – өзгерген жоқ. Уақыт желі мен технология өтпелі құбылыс болғанымен, ұлттың көзі, құлағы һәм тілі болған баспасөз өз қадір-қасиетін жоймақ емес. Ұдайы жаңғырып, жаңа дәуір талаптарына бейімделе отырып, қазақ баспасөзі қоғамдағы айрықша рөлін, биік рухани тұғырын сақтап қалары сөзсіз.

Коллаж: egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: