Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ ауылдары да зардап шегуде

02.05.2020, 14:06 977

HALYQLINE.KZ –| «Бірлігіміз жарасқан» деп атойлатып, ұлтаралық татулығымыз мәңгі болсын деп мерекені онлайн тойлап жүрген жұртшылықты оффлайн бірлікке шақырған оқиға болды. Өзбекстан Республикасы, Сырдария облысы, Сардоба ауданы, Сардоба су қоймасындағы бөгет бұзылып, Мақтаарал ауданындағы «ЦГК» каналына 300 миллион текше метр су келіп құйылуының зардабы Өзбекстанмен іргелес жатқан қазақ ауылдарына да тиді.

Тілсіз жаудан сескенген халыққа жанын шүберекке түйіп, өз тұрағын тастап қашуға тура келді. Кейіннен Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекендерде орналасқан коллекторларға су толды деп хабарланды. «Коллекторларға су толды» дегеннен құжаттарын жинап, басқа аймаққа кетуге бекінген халық саны көбейді. Осыған орай, эвакуациялауға 4 мектептен орын дайындалып, төрт елді мекеннің тұрғындарын толығымен көшіруге мәжбүр болды. Ауыл мен егін алқабын су шайып кеткен. «Ел жатса да, енекем жатпайды» демекші, бүгінде Мақтаарал ауданында төтенше жағдай қызметкерлерінен бөлек еріктілер де қолдан келгенше көмек беруде.

Эвакуациялауға көмек беруде біреулер көлігімен адамдарды тасымалдаса, енді бір тобы азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Сонымен қатар, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев келіп, жағдайдың бақылауда екенін айтты. Ел басына күн туса қарап жатпайтын қаймана қазақтың осындай ауызбіршілігі барда біз қашанда мықтымыз! Біз біргеміз!

Ақтолқын БЕЙСЕНОВА,

Мақтаарал ауданы,

арнайы «Halyqline.kz» үшін

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: