Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыдағы қарқынды қимыл

04.04.2023, 16:20 531

HALYQLINE.KZ

«Құрылысқа кең өріс». Бұл қағида ел арасында кеңінен мәлім. Сәл уақытқа бәсеңдеген құрылыс саласы қазір кемелдене түсуде. Көкке бой түзеген алып ғимараттар көкейге осындай пікір түйгізері анық. Бір құрдасымның «Бұрын шағын үй тұрғызу үлкен күшке түсуші еді. Алдын ала құрылыс заттарын жинап әуреге қалатынбыз. Жабылып жүріп зорға бітіретінбіз. Қазір тез әрі әсем салынатын коттедж, ғимараттарға қайран қаласың» дегені бар.

Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі бірқатар құрылыс нысандарын аралап шықты. Алдымен аудан басшысы 5 квартал аймағындағы 210 гектар жердегі инфрақұрылым жобаларымен танысты. Бұл маңдағы қалып қойған тұрғын үйлерді төмен қысымды газ желілерімен және электр желісімен жабдықтау жұмыстары ағымдағы жылы аяқталмақшы. Жоба бойынша 137 тұрғын үй электр желісімен, 450-ге жуық тұрғын үй газ желісімен қамтылады. Аталған жұмыстарды «Ремстрой» ЖШС жүргізіп жатыр.

Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы Достық көшесінде салынып жатқан 250 орындық мектептің құрылыс нысанымен танысты. Мектеп ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа оқу жылында мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аудан әкімі М.Оразбаев мердігерлерге сапаны басты назарға алып, құрылысты тиянақты аяқтауды жүктеді.

Аудан басшысы «Водокачка» елді мекеніне барар жолда және Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығынан салынатын жаңа арендалық үйлердің орналасатын жерін көріп шықты. Нақты кезеңде Қазалы ауданы бойынша тұрғын үйге мұқтаж 1879 азамат кезекке тіркелген. Соның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін тұрғынжай сатып алуға жоба әзірленіп, республикалық бюджет қаржысы есебінен қаржыландыруға ұсынылды.

«Жол азабын жүрген біледі». Америка Құрама Штатын дамытқан көлік қатынасы жолы екені тарихтан мәлім. Әлеуеті дамыған елдердің «байығың келсе, жол сал» деген ұстанымы да бекер болмас. Сондай-ақ, «жол салған, өткел салған сауап арқалайды» дегенді естіген шығарсыз. Биыл аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі 37 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы 5-ші квартал аймағындағы қиыршық тас төселетін көшелер мен Т.Әубәкіров көшесіндегі асфальт қабатын төсеу жұмыстарын бақылады. Т.Әубәкіров көшесін орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 32,4 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда «Нұрас и К» ЖШС негізгі қабатын тегістеу жұмыстарын жүргізуде. Аудан басшысы жол жөндеу жұмыстарына жауапты мердігерлермен кездесу барысында жұмыстың сапалы атқарылуын қатаң назарға алуды тапсырды.

Сондай-ақ, Ғани Мұратбаев елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар үшін «Көлік инфрақұрылымын дамыту» бағдарламасы аясында 131,1 млн теңге бөлінген.

Аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы аудандық маңыздағы жол құрылысына арнайы барып, бақылады. Жол жөндеу жұмыстарын қолға алған мердігер компанияның өкілімен жүздесіп, жолдың бекітілген стандартқа сай сапалы болуын қадағалауды қатаң ескертті. Бүгінгі күні «Строймодуль Астана» ЖШС жолдың бұзылған учаскелерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.

Агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Бұл бағытта Қазалы ауданында да атқарылған істер баршылық. Көктемнің әр күнін жылға азық санайтын дала перзенттері шуақты сәтті қалт жібермеуге тырысуда. Ауыл арасындағы қарбалас қимылдар соны аңғартады. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев егістік жерді аралап, Бекарыстан би ауылындағы «Сақыбай» каналын механикалық тазалау жұмыстарымен танысты. Бұл жұмыстар егістік және жайылымдық жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуде өз тиімділігін көрсететінін айтқан М.Әуесұлы маңызды істі бірлесе атқаруды тапсырды. Сонымен қатар, Майдакөл ауылдық округіндегі жайылымдық және шабындық жерлерді ағын сумен қамтамасыз етіп отырған «Қараарық» каналында болып, мұндағы ағайынның жұмысына сәттілік тіледі.

Келесі кезекте аудан әкімі «РЗА-Агро» ЖШС-нің егістігінде болды. Мұнда көктемгі егіс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 600 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, 120 гектар жаңа жоңышқа егілген.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудан көлемінде атқарылып жатқан көктемгі дала жұмыстары күн тәртібінен түспей, бақылауда болатынын жеткізді.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: