HALYQLINE.KZ Қазалы ауданында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі міндеттерін түсіндіруге бағытталған жиын өтті. Жиынға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, Әйтеке би кенті, Қазалы қаласының әкімдері, дербес бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Активте аудан басшысы Мұрат Ергешбаев Жолдаудың бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқатын одан ары арттыруға бағытталған маңызды құжат екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуындағы көптеген мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, қоғамдағы тұрақтылық пен сенім, ел экономикасының қарқынын одан әрі күшейту, халықтың тұрмысын жақсарту жағдайына көңіл бөлінді. Бұл бағытта нақты 11 міндетті айқындап берді. Жетістіктер мен табыстарды еселейтін, қажеттіліктер мен сұраныстарды қанағаттандыратын негізгі бағдарламалық құжатты жүзеге асыру бағытында нақты жұмыстар жүзеге асады, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Басқосуда облыстық мәслихат депутаты, «Тілеп» ЖШС директоры, Қазалы кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Ібайдулла Тілеп, Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақытгүл Әлішева, Абай ауылындағы №90 орта мектептің директоры Ділдәбек Айтмамбет хабарлама жасап, Жолдаудың халық үшін маңыздылығы зор екендігіне тоқталды.
Биылғы Жолдауда азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы да жан-жақты айтылды. Осыған орай билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог болуы қажет. Әлеуметтік желіде және баспасөз беттерінде көтерілген мәселелер ешқашан назардан тыс қалмауы керек. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов толыққанды айтып берді.
Актив отырысын аудан әкімі Мұрат Ергешбаев «Мемлекет басшысының Жолдауында ұтымды ұсыныстар, кесімді пікірлер мен нақты тапсырмалар берілді. Осы тапсырмалар – жалпы халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту бағытының бастауы. Жолдаудың басты артықшылығы осы, яғни, елдің талап-тілегімен үндестігі. Сондықтан баршаңызды Жолдауда берілген басым-бағыттарды орындауға жұмыла кірісіп, сапалы жұмыс істеуге шақырамын!», – деген сөзімен қорытындылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!