Кеше Жалаңтөс батыр ауылдық клубында Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Ажаркүл Алдажарованың 70 жылдығына арналған «Еңбек, абырой, құрмет» атты салтанатты шара өтті.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұрат Ергешбаев мерейтой иесіне Қызылорда облысының «Құрмет Грамотасын» табыстап, гүл шоқтарын табыс етті.
– Ажаркүл Алдажарова саналы ғұмырын ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласы қызметіне арнап, ерен еңбегінің арқасында үлкен құрметке ие болды. «Үлкенге – ізет, кішіге – құрмет» деген қазақтың қарапайым қағидасын берік ұстанып, ұлық дәстүрлерімізді жастарға үлгі етуде үнемі жоғары буынға тән ардақ тұтар қалпынан таймай, биік тұғырдан көрініп келеді.
Осындай еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке басының кіршіксіздігі Еңбек Ерінің отбасы үшін ғана емес, өзімен қанаттас жүрген әріптестері, тілектес дос-жаран үшін де зор мақтаныш, ізіне ерген жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі екендігі даусыз.
Уақыт адамға емес, адамның уақытқа бағынатыны шындық. Өмір – көшкен өзен. Шыр етіп өмір есігін ашқан адамның атаулы кезеңдерден тұратын тұтас ғұмыры – оның азаматтық келбеті мен адами қасиеттерінің айнасы. Осы тұрғыдан алғанда, Ажаркүл апамыздың жүріп өткен жолы кейінгі ұрпаққа үлгі, білетін азаматтарға зор мақтаныш.
Ұзақ жылғы еңбек ескерусіз қалған жоқ. Осы жылдары ішінде бірнеше рет Социалистік жарыстардың жеңімпазы атанып, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің алтын медалімен марапатталды. 6 баланы тәрбиелеп өсіріп, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазалы ауданының құрметті азаматы атануы көп нәрсені аңғартса керек, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Одан әрі аудандық мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова, аудандық мәслихат депутаты Қасқырбай Әлімбай, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайын Дәуітов Ажаркүл Алдажарованың ел үшін жасаған ерен еңбегінің бүгінгі ұлы көштің үлкен легіне айналып келе жатқан жастар үшін үлгі-өнеге екенін жеткізіп, мерейтойымен құттықтады.
Шара соңында Ажаркүл Алдажарова жастық шағы мен еткен еңбегі жайлы сыр шертіп, жастарға баянды болашақ тіледі.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!