Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы жолы 4 жолақты болады

27.01.2020, 7:53 820

Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев 40 мыңнан астам тұрғыны бар Әйтеке кентінде есеп берді. Басқосуда аудан басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Өздеріңізге белгілі 2019 жылы Қазалы ауданы үшін табысты жыл болды. Оның ішінде аудан орталығы – Әйтеке би кентінде де ауқымды жұмыстар атқарылды. Жаңадан тұрғын үйлер бой көтеріп, жолдар жөндеуден өткізілді.

Әйтеке би кентінің 6 (Жетес би, Мағзаман, Жалаңтөс батыр, С.Сүлейменов, Қ.Ерімбет, Ж.Аймауытов) көшесі асфальтталды. Ал, 12 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 4 көшеге қиыршық тас төселді.

Биыл Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығындағы жолды кеңейтіп, 4 жолақты етіп жасау жұмыстары басталады. Бұған республикалық бюджеттен қаржы қаралды.

Аудан орталығын абаттандыруда да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар істелді. Мәселен, тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, балаларға ойын-сауық және спорттық тренажерлық құрылғылары бар алаңдар салынды.

Атап айтар болсақ, Әйтеке би ескерткішінің алаңы, Қ.Пірімов көшесінің бойындағы демалыс алаңы, Әйтеке би кентінің бас қақпасының айналасы, Жанқожа батыр көшесінің бойы абаттандырылып, Т.Бөріқұлақов көшесі бойындағы «Сұлутам» қорымы қоршалды. Әйтеке би кентінің батыс аймағы мен «Мелиоратор» мөлтек ауданына тренажер салынды.

Сондай-ақ, В.Счастнов, Т.Бөріқұлақов көшесіндегі тұрғын үйлердің ауласына қоғамдық әжетхана, қалдық су төгетін септик, қоқыс контейнерлері қойылып, жарық шамдар орнатылды.

Одан бөлек, ауданда құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлердің көмегімен Әйтеке би кентіндегі 4 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры жөнделді. Ал, «ГазСтрой» ЖШС өз қаражаты есібенін 14 үйге жылу жүйесін орнатса, «РемСтрой» ЖШС 22 тұрғын үйдің ауласына дейін газ желісін жеткізіп берді.

Әйтеке би кентінде жыл ішінде жаңадан «Nur-Med.kz» медицина орталығы, «Рау-Илья», «Орда» тойханалары, «Sulpak», «Alser», «Рамазан», «Нұр-авто» сауда орталықтары ашылып, халыққа қызмет көрсетуде.

Бұл күні аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбитбек Арынов пен Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров 2019 жылы атқарылған жұмыстары туралы халыққа есеп беріп, жылды қорытындылады.

Тұрғындар сұрақ қоюда…

Аудандық оқушылар үйінде өткен кездесуге келген тұрғындардың бірі өткен жылы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп жатса, енді біреулері өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Мәселен, кент тұрғыны Кемалбай Көпжасаров аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлерінің штат санын арттыру, жаңа талаптарға сай аялдамалар салу сияқты ұсыныстарын айтса, Болат Өтепов В.Счастнов көшесін жөндеп, жарықтандыруды сұрады. Ал, Беганыш Жақсыбаев М.Шоқай көшесін жарықтандырып, жаяу жүргіншілер жолын қоршап алған тұрғындарға шара қолдануды ұсынды.

Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан кенттегі 5 қабатты тұрғын үйге ауыз суды тәулік бойы беру, А.Айбосынов тұйығы мен С.Сейфуллин көшесінің бас жағын жөндеу, Жетес би көшесіне жол белгілерін орнату жөнінде ұсыныстар айтылды.

Халықтың өтініш-тілектеріне байланысты аудан басшысы толыққанды жауап берді. Барлық мәселелер де орынды екенін айтып, олар кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Кейбір мәселелерді шешу үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді.

Есепті кездесуден кейін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: