Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЗАЛЫ: Қазыналы өңірдің даму қарқыны қуантады

18.02.2025, 10:00 376

Жақында  Өңірлік  коммуникациялар  қызметінде Қазалы  ауданының  әкімі  Мейрамбек  Шермағанбет ауданның  әлеуметтік-экономикалық  даму  барысы жөнінде  сөз  сөйледі. Жиынға  жергілікті  бұқаралық ақпарат  құралдарының  өкілдері  қатысып, өңірдегі  негізгі көрсеткіштер  мен  алдағы  жоспарлар  талқыланды.

Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары ауданның даму динамикасы тұрақты өсімді көрсетуде. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, инфрақұрылымдық жобалар бойынша оң өзгерістер байқалады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Сонымен қатар, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында да бірқатар жетістікке қол жеткізілген. Брифинг барысында аудан басшысы осы бағыттардағы атқарылған  жұмыстарға  кеңінен  тоқталып,  журналистердің сұрақтарына  жауап  берді.

Өнеркәсіп өнімі – өңір азығы. Қазалыда өнеркәсіп өнімінің көлемінде  айтарлықтай өзгеріс бар. Нақтыласақ, ауданның аталған  саладағы  биылғы  бюджет  көлемі 27,1 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 24,3 млрд теңгені құрап, екі  есеге,  яғни, 100,1 пайызға  көтерілген.

Жалпы, өңірде кәсіпкерлікті қолдау шаралары тұрақты түрде жүріп жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы ұйым­дары тарапынан 565 жоба бойынша аудан кәсіпкерлеріне 6,5 млрд теңге  несие  берілді. Бөлшек  сауда  айналымы 14,6 млрд теңге болып, 105  пайызға  дамыды.

Ауыл  шаруашылығына келер болсақ, 2024 жылы жалпы өнім­нің көлемі 25,7 млрд теңгені құрап, өткен жылғы нәтижеге қара­ған­да 100,1 пайызға артқан. Диқандар болса 17 мың 29 гектарға ауыл шаруашы­лығы дақылдарын орналастырып, егін мерзімінде кідіріссіз  жиналды. Негізгі дақыл саналатын күріш өнімі 6 мың 200  гектарға  егіліп, әр гектардан 40,4  центнерден  өнім  алынды, 26 мың 95 тонна  күріш  жиналды. 2025 жылы  аудан  бойынша  17 322 гектар  жерге  ауыл  шаруашылығы дақылдарын орналас­тыру  басты  жоспарда  тұр.

Сонымен қатар, Қазалының тағы бір ақжолтай жаңалығы – Абай ауылының «көгілдір отынға» қосылуы. Бұған дейін көмір жағып, әбігерге түскен ауыл тұрғындары шат-шадыман күйде. Жалпы, ауданда газбен қамтудың индикаторлық үлесі 17 пайызды құрайды. Ал жеке тұрғын үйлердің 73 пайызы «көгілдір отынға» қосылған. «Елді мекендерді газдандыру» жобасы бойынша әлі Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев ауылдарын да газбен қамтамасыз ету жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.

Жол құрылысы да біраздан бері Қазалы ауданы тұрғындары арасында мәселе болып көтеріліп келген. Бүгінде ауданда ауыл арасындағы жолдар мен елдімекенішілік көшелердің жағдайы дұрысталып  келеді.

– Ауданның коммуналдық меншігінде 406,2 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары болса, оның 261,8 шақырымы – асфальт­ты, 96,4 шақырымы – қиыршық тасты, ал 48 шақырымы – топырақты  жолдар.  Жолдардың  жақсы  және  қанағаттанарлық жағдайдағы  үлесі  88,2  пайызды  құрайды.

2024 жылы  ауданымызда 27,5 шақырым маңызы бар автомобиль жол  құрылысы  жөндеуден  өткізілді.

Сонымен қатар, өткен жылы Қазалы ауданында бірнеше жыл бұрын басталып, артынша тоқтап қалған Әйтеке би мен Қазалы қала­сы  аралығындағы 7  шақырымды құрайтын жолға күрделі жөндеу жұмыстары  қайта  жүргізілуде, – деді  Мейрамбек  Зинабдинұлы.

Сондай-ақ, жаппай  аудандарда  салынып  жатқан  «Жайлы  мектеп» құрылысы да Қазалыдан айналып өтпеді. Беделді ауданның білім  саласында  да  жақсы жаңалық көп. Атап айтқанда, былтырғы жыл басында Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп ғимараты пайдалануға берілсе, бүгінде ел президенті Қасым-­Жомарт Кемел­ұлы  бастамасымен «Жайлы мектеп» жобасы аясында Жанқожа  батыр  ауылында  300  орындық  мектеп  құрылысы  жүріп  жатыр.

Мәдениет  пен  спорт  саласы  да  тасада  емес. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы  аясында  үш  спорт кешені мен бір ауылдық клубтың  құрылыс жұмыстары бастау  алды. Жобаның жалпы құны – 1,9  млрд  теңге. Құрылыс жұмыстарына  мемлекет  қаржысынан 1,5 млрд  теңге  бөлінген.

– Олар – құны 628,7 млн теңгеден тұратын Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс»  саябағынан  спорт  кешені, 398,4 млн теңге болып белгіленген Бекарыстан би ауылынан спорт кешені, Қожабақы ауылынан спорт кешені.  Қатарында 399,1 млн теңгелік Майдакөл ауылынан 100  орындық  клуб  та  бар, – дейді  аудан  әкімі.

Спорттағы ахуал да көңіл көншітеді. Олай дейтін себебіміз, Қазалы ауданында бұқаралық спортпен айналысушылардың индикатор­лық пайызы 39-ды құрайды. Аудан спортының әжептәуір  дамығанының  дәлелі  қазалылық  спортшылардың жақсы  нәтижесі  болып  отыр. Парижде өткен жазғы олипиадада дзюдодан Абылайхан Жұбана­зар бақ сынап, топтық ойында бразилия­лық  қарсыласын  сұлатып  түсірді. Сондай-ақ, Тайландта өткен  бокстан   әлем   біріншілігінде  қазалылық  қаһарман қыз Гүлсая  Ержан  алтын  иеленіп,  тек  аудан  тұрғындарын  емес,  барша  қазақстандықты  қуантты.

Аудандағы басты жаңалықтар легі – осы. Жиын барысында көтерілген мәселелер де назардан тыс қалмады. Журналистердің сауалдарына  жауап  берген  әкім  алдағы  жоспарлармен бөлісіп, аудан  халқының  тұрмыс  сапасын жақсарту бағытындағы жұмыс­тар жалғасатынын жеткізді. Жалпы, Қазалы ауданының даму динамика­сы тұрақты өсімді көрсетіп, өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған   жобалар   кезең-кезеңімен   жүзеге  асып  келеді.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер:
  • Қазыналы қазалы осы Шермағанбет ағай келгелі біраз оң нәтижелер болып жатқаны рас біраз қозғалмай тұрып қалған жұмыстарды жүргізді өз ойым үлкен алғыс айтам жол салып берді мектеп жаны өмірде қозғалмаған еді…

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: