Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси қызметінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі орасан зор. Елбасының саяси философиясы заманауи мемлекет құрылысының негізі болып табылады және уақыт тәжірибесінде қисындылығын танытып, Қазақстан халқының Батыс пен Шығыс құндылықтарын біріктірген менталитетіне сәйкес келеді. Мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуындағы таңдау жолында күрделі шешімдер қабылдау Тұңғыш Президентке жүктелді. Егер, ақиқаттың негізгі өлшемі деп тәжірибені санасақ, бүгінгі тәжірибе және шынайы нақтылық заманауи үдерістерге сай дамудың «қазақстандық жолының» дұрыстығын көрсетеді. Бұл еліміздің тәуелсіздік алған жылдарынан бастап ұлттық қауіпсіздікті бекітудегі негізгі басымдықтар беруімен байланысты.
Қазіргі ғылымда «саяси көшбасшы» термині кеңінен қолданылғанымен, оның нақты мағыналық түсіндірмесі толықтай қалыптаспады. Көп жағдайда басқарушы көсем, басшы, жетекші ұғымдарымен ұқсас негізде пайдаланылады. Әлбетте, әрбір басқарушы көшбасшы емес екені анық. Тек бұқараны басқара алатын, оларды жаңа бастамаларға жұмылдыратын, әрбір қимыл үдерісін үнемі бағыттап және түзеп отыратын тұлғаны ғана саяси көшбасшы дегеніміз дұрыс.
Посткеңестік мемлекеттер көшбасшылары саяси басқарудың жеке стилін иеленгенде қарулы қақтығыстарды теледидар алдында қарап отырар ма еді? Бұл мәселеге жауаптар тұрғындар арасында өзара мәндес болуы мүмкін. Бірақ Елбасымыздың Қырғызстанды азамат соғысынан сақтап қалуы аймақтағы көшбасшының қимылы емес пе? Сондықтан саяси көшбасшының негізгі қызметі қоғамның түрлі топтары арасындағы жалпы идеялар, құндылықтар мен идеалдарды мәмілеге келтіру және бірлестіру болып табылады. Басқаша айтсақ, көшбасшы қызметінде саясаткердің байланыстырушы қызметі басым болатындығын айтқан жөн. Егер белгілі бір қоғамда әлеуметтік шиеленістер дәрежесі жоғары болса, бұл мемлекеттердің саяси көшбасшылары байланыстырушы қызметін әлсіз жүргізеді.
Тәжірибе көрсеткендей, мемлекет басында тұрған саяси көшбасшы қоғамдағы келісімді қалыптастыра алса ғана заңды саналады. Тек осы тұлға қоғамдағы түрлі мақсаттар мен бір-біріне қарама-қайшы мүдделерді біріктіре алады.
Жаңару болған алған қоғамда саяси көшбасшының рөлі ерекше. Өйткені, осы шарттарда көшбасшы тұрақтылық факторы болады және жаңа өзгерістердің бастамашысы саналады. Көшбасшы осы шарттарда қоғам дамуының стратегиясын қалыптастырады және оны орындау құралдарын айқындайды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қауіпсіздік саясатының философиялық тұғырларын былайша жинақтап көрсетуімізге болады.
1. Диалектикалық-конвенционалистік ұстаным. Елбасы өзінің саяси көшбасшылық рөлінде тарихилық пен логикалықтың, дәстүршілдік пен жаңашылдықтың, батысшылдық пен шығысшылдықтың, тіпті мұсылмандық пен әлемдік діндер үйлесімділігін шебер пайдалана білді. Мұндай конвенционалистік саясат біржақтылыққа ұрынбауға, сәйкесінше, әлем дамуындағы жаңа, озық, тиімді, пайдалы модельдерді өзімізге көшіріп алуға мүмкіндік берді. 1991 жылдардан бастау алған мұндай әдіснама, кешікпей-ақ өзінің нәтижесін көрсете бастады және бүгінгі таңда да осындай екіжақты ұстанымды басшылыққа алмаудан басқа жол жоқ екендігін дәйектеп берді. Бұл тарихты, дәстүршілдікті, өткенді ұмыт қалдыру дегенді білдірмейді, осы ұмыт қалдырмаудың дәлелі бүгінгі біздің Ұлттық мемлекетіміз болып отыр. Себебі, тым тарихилық ұстаным әлемдік өркениеттік сахнадан оқшаулап тастауы ықтимал сыртқы қатер, ал керісінше, тым батысшылдық пен логикалық ұлттық құндылықтарға қауіп төндіретін ішкі қатерлер болып табылады. Жаңашылдыққа ұмтылмаудағы ұлтымыздың «жеңілісін» 18-19-ғасырлардағы қазақ қоғамының даму келбеті анықтап берген еді. Сондықтан Елбасы тарих қателігін қайталамауымызға тиіс екендігін байыпты түйсініп, ұлттық рух жаңашылдық арқылы қайтадан өзін-өзі тани түсетіндігін тереңірек ұғынды.
2. Прагматикалық-персоналистік ұстаным. Тәуелсіздік алған жылдардағы халықтың қиын жағдайы, қатерлердің арта түсуі, шындығында, алдымен, тек ғана экономикалық өрлеуді талап етіп, руханилықты кейінге қалдыруға мәжбүрледі. Халықшылдығымыз бен Елдігіміздің сұраныстары да мемлекет пен тұлғаларымыздың материалдық жағдайын жақсартып алуы тиіс екендігіне қарай жетеледі деуімізге де болады. Сондықтан, экономикалық даму мен жаңашылдыққа басымдық беру өзінің жетістіктерін көрсете бастағаннан-ақ, Елбасы рухани салаға, мәдениет пен өнерге, ғылым мен руханиятқа қайтадан айрықша көңіл аударды. Нақтылық пен тиімділік, пайдалылық пен нәтижелік сияқты прагматистік ұстанымдар бастапқыда «Тым капиталистік – нарықтық есепке» құрылғандай болып көрінді, бірақ бұл ұстаным қазақ дүниетанамындағы «Аш бала тоқ баламен ойнамайды», «Күлтөбенің басында күнде жиын (болмауы тиіс)» деген сияқты қауіпсіздікті сақтаудың нышандарының дұрыстығын дәлелдеп беретіндей саясаттың мағынасын ашып берді.
3. Органикалық тұтастық ұстанымы. Бұл тұста Н.Назарбаев алдымен ұлт бірлігі, одан соң жалпықазақстандық идея, сосын аймақтық және жалпыадамзаттық тұтастық идеясын алға тартты. Қазақстандағы көпұлттылық пен көпконфессионалдық саясат, түптеп келгенде, еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндігі түсінікті жайт. Тарихтағы Қазақ Еліндегі ауызбіршіліктің жоқтығының қайда жетелейтіндігін түйсінген Елбасы, алдымен, жергілікті ұлт – қазақтар ішіндегі осы алауыздықты жоюдың «әзірге» қолайлы тетігі – осы көпұлттылық екендігін байыптады. Одан соң аймақтық пен жалпыадамзаттық бірлікті қуаттады, экономикалық қатынастар арқылы саяси-мәдени бірлікке оңайырақ қол жеткізуге болатындығын түйсінген көшбасшымыз, алдымен, ең түпкі мәселе, Кеңес заманынан қалған әлемдік саяси сахнадағы «қырғиқабақтық-психологиялық соғыстық» сананы жоюды көздеді. Әлемде бүкіл саяси сахнаны оңайырақ мойындата алатын тәсіл – өз еркімен ядролық қарудан бас тартуды мақсат етті. Ол біріншіден, алып империялар алдындағы ұлттық қауіпсіздікті сақтау болатын болса, екіншіден, әлемдік соғыс қауіпсіздігін сейілтуге болатын жалпылама сенімді нұсқа еді. Міне, Қазақстанның мүмкіндігінше, көбірек халықаралық ұйымдарға мүше болуы және мүмкіндігінше оны басқаруының түп мәні осы еді. Қазақ халқының тарихи санасы да бейберекетсіз-себепсіз жаугершілік пен соғыстан жалыққандай десе де болады. Сондықтан да, біздің еліміз «халықаралық бейбітшілік – жеке-жеке ұлттық және жалпыадамзаттық қауіпсіздікті сақтаудың түп алғышарты» деген мотивті басшылыққа алып жұмыс істеп келеді.
4. Футурологиялық-прогностикалық ұстаным. Елбасы қашанда, тек бүгінмен емес, болашақпен өмір сүру қажеттігін басшылыққа алды. Сондықтан да, оның саясаты көрегенділік сияқты сипат алды да, идеялары кейіннен ғана өзінің өзектілігі мен қажеттілігін дәйектей түсті. Бірақ оны кезінде, оппозициялық күштер мен бұқара халық түсіне бермеді. Мысалы, Елорданың қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшірілуі, облыстарды біріктіру, территорияны анық белгілеп алу, атом қаруынан бас тарту, т.б. кезінде айтарлықтай қарсылықтар туғызғанмен, 1-2 жылдық болашақ емес, алыс болашақты болжаудың нақты стратегиялары болып шықты. Бүгінгі таңда оның тәуелсіздік алған тұстағы және одан кейінгі жасаған әрекеттері мен саяси іс-қимылдары ақылға сыйымды екендігін халық түсініп келеді. Қашанда заманынан озық жүру қажеттігін терең байыптаған Елбасының ұстанымы оның саясатының философиялық негіздері болып табылады.
Сондықтан Н.Назарбаевтың бұл шаралары ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың және оны нақты болжай білудің негізгі тұғырнамасы болып табылды да, ол өз ісін «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» стратегиялары арқылы жалғастыра түсті.
Қайнар ҚАЛДЫБАЙ,
PhD, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы,
Ботагөз ПАРИДИНОВА,
философия магистрі, Қызылорда «Болашақ» университетінің
аға оқытушысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!