Соңғы уақыттары, дәлірек айтқанда премьер-лига басталғалы 6-7 ай аралығында «Қайсар» футбол клубында көптеген ауыс-түйіс, өзгеріс болды. Соған сәйкес, жыл басында экс-басшы Садық Мұстафаев орнын босатып, тізгінді Талғат Әбдіғаппарұлы алғанына байланысты газетімізде «Қайсарды жаңа маусымда не күтіп тұр?» деген мақала жариялаған едік. Басшылықтың ауысқанымен қатар, бар легионердің командадан кетіп, тек қазақ аяқдопшылары доп тебеді деген тың жаңалық футбол жанкүйерлері мен сарапшыларының «қасқырларға» деген назарын одан сайын үдетті. Содан бері жарты жыл өтті. Көптен күткен премьер-лиганың көп бөлігін «Қайсар» артқа тастады. Не болды, не өзгерді, ойын мен клубтың экономикалық әл-ауқаты қалай? Клубтың айналасындағы осы және өзге де тақырыптар мен мәселелерді қамтығалы отырмыз.
«ҚАЙСАР» ТУРНИРЛІК КЕСТЕДЕ ҚИЫН ЖАҒДАЙДА КЕЛЕДІ
Әрине, осыншама өзгеріс пен мәселеден соң «Қайсардан» алғашқы үштікті, ең болмағанда жетілікті талап ету орынсыз болар. Команданың әуселесін жоғары деңгейде бағалай алмаймыз. Бұдан алдыңғы маусымға қарағанда ойын әжептәуір төмен. Дегенмен де, «Қайсар» әдеттегідей маңызды матчтарда намысты бермей ойнап, мінез танытып келеді. Қазіргі сәтте турнирлік кестеде бірінші орынды бермей келе жатқан, оның үстіне өз тарихында тұңғыш ЧЛ-ның квалификациясының үшінші кезеңіне өткен «Қайратқа» екі ойында да есе жібермеді. Екі ойын – екі тең ойын. Команданың орташа жасы мен легионерлердің жоқтығын ескерсек, алғашқы маусым үшін атап өтетіндей нәтиже. Өкініштісі сол, барлығы 19 тур өтті, небәрі үш жеңіс. Қызылордалық команда түркістандық «Тұранды», «Атырау» мен «Қызылжарды» қапы қалдыра алды. Ал жеке ойынына қарап баға берсек, барын салып ойнап жүрген клубтың ең тәжірибелі ойыншысы Думан Нәрзілдаевты, маусым басындағы таңғаларлық транфсер Айбол Әбікенді, бомбардиріміз, ұлттық құрамаға азды-көпті шақырылып жүрген Айбар Жақсылықовты атап өтсек болады. Және де команда қақпашысы Нұрымжан Салайдиннің ерлігін де тілге тиек етпеске болмайды. Былай қарап тұрсаң, негізгі құрамда мен деген ойыншылар бар. Ол жайында «asi_inside» арнасында болған соңғы подкастта клубтың спорт директоры, қызылордалық команданың аңыз ойыншысы Мақсат Байжанов та айтты. «Жалпы, клубтың негізгі құрамы жақсы. Тек «глубина», яғни қосалқы құраммен сәл мәселе орнығып тұр» дейді ол өз кезегінде.
Енді лиганың аяқталуына шамамен сегіз тур қалып отыр. Қиыны сол, оның жартысы емес, тек екі ойыны ғана өз алаңымызда өтпек. Қалған алты ойын сырт алаңда болады. Бұл да – атап өтетіндей жайт. «Ұшу» зонасындағы «Ұлытау», «Тұран», «Атырау» клубтарынан төрт ұпай көлемінде алда келеміз. Математикалық есепке салсақ, 22-23 ұпай лигада қалуға толықтай мүмкіндік береді. Алайда, үздік жетілікке кіру, яғни кестенің тура ортасына орнығу қиынға соққалы тұр. Тіпті мүмкін еместей көрінеді. Соған қарағанда «Қайсар» лиганы ары кетсе оныншы орынмен тамамдайды деген тұжырым бар.
ТРАНСФЕР МӘСЕЛЕСІ. БАҚТИЯР АРТАЕВ «УӘДЕ ЕТКЕН» ҮШ ОЙЫНШЫ НЕ БОЛДЫ?
«Қайсар» мәселелерінің ең бірінші көзге түсетіні – қаржылық жағдай және трансфер. Ана клубтан мына клубқа ойыншы алып келу, оған тиісті жалақысын беру басшылыққа кәдімгідей қиынға соғуда. Оның үстіне маусым басталар тұста спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев қалың жұртқа «ТОП» деңгейдегі үш ойыншыны аламыз» деп уәде еткендей болып еді. Бірақ, трансферлік терезенің де аяқталуына азғантай уақыт қалды, тіпті қандай да бір «ТОП» ойыншымен келіссөздің де иісі жоқ. Жанкүйерлердің шамданатыны да – осы. Трансфер болмады емес, болды. Бірақ, бірінші лигадан келген, оның үстіне жасы да біразға тақаған Әмірсейітовты жоғары деңгейдегі, көбі күткен ойыншы санатына жатқызуға келмейтін секілді. Бұл – осыдан төрт жыл бұрынғы Дани Алвестің «Барселонаға» оралуына ұқсас ауысым. Басты мақсат мәселелі позицияны қалай да жабу, сондай-ақ, команданың ішкі құрылымына әсер ету мақсатында лидерлік қабілетке ие ойыншыны алып келу жобасына ұқсайды. Не десе де, «прайм» «Қайсардың» негізгі аяқдопшыларының бірі болған Ілиясқа ешкімнің шатағы жоқ.
Трансфер барысында осы сөз негізінде жанкүйерлер біршама ойыншы күтті. Олардың қатарында тіпті құраманың белді ойыншысы Бауыржан Исламхан да бар. Сонау ақпанда басталған сыбыстар сәтсіз аяқталды. «Тұранда» жарытып ойнамаған Исламхан реабилитация негізінде «Астанаға» ресми ауысты. Олай дейтін себебіміз, ауыр жарақаттан соң аяқдоп аламанына қайта оралу – көптің қолынан келе бермейтін іс. Ал ондай жарақаттың алдын алып, ойыншыны қайта қатарға қосу үшін мықты техника мен медицина қажет екені бесенеден белгілі. Клуб басшысы Талғат Әбдіғаппарұлы осыны алға тартады.
– Мен Бауыржан Исламханмен жүздесіп, клубқа шақырдым. Бірақ, ол ашығын айтты. Жарақатына сәйкес адаптациядан өту үшін біраз қаражат пен ресурс керек деді ол. Қаржылық қиындықта жүрген «Қайсарда» мұндай мүмкіндік жоқ. Ал екі арада қатынап жүру біраз уақыт алатынын айтты, — деді «Қайсар» директоры.
Одан бөлек бір кездері қайсарлық болған, бүгінде шау тартып, жасы келсе де формада жүрген Серікжан Мужиков пен «Тұранның» жартылай қорғаушысы Аслан Дарабаевпен де трансфер болуы мүмкіндігі топшыланған. Алайда, қазіргі жағдайды ескере отырып, аталған ауысымдардың жүзеге асуын Байжанов мүмкін емеске балайды. Оның есебінше, осы жағдайда бар құрамға қанағат етпеске амал жоқ. «Тіпті кей белді ойыншының маусым соңында басқа командаға ауысуына да дайын болуымыз керек» деді ол.
Спорт директорының айтқан уәжіне жанкүйерлердің реакциясы әрқилы. «Байжановтың бұл сөзі – жұбату сөз. Басқарма басшысының берген уәдесі міндетті түрде орындалуы керек емес пе?» деушілер көп.
ҚАРЫЗ МӘСЕЛЕСІ һәм «ҚАЙСАР» ЖАҢА СТАДИОНДА ҚАШАН ДОП ТЕБЕДІ?
Жоғарыда атап өткендей, қаржылық қиындық – «қасқырлардың» басты жауы. Біраздан бері клуб басшылығының да, жанкүйерлердің де осы жағдайға орай әбден мазасы қашты. Команда ойыншылары үш ай көлемінде жалақысын ала алмай, «мұндай жағдай қайталана берсе, алаңға шықпаймыз» деп шорт кескен сәттер де болды. Бұл тек ойыншылардың емес, басқа да персоналдардың ортақ мәселесі саналады. Сонымен қатар, клуб басшылығы, атап айтқанда Кумыковтың өзі баспасөз конференциясында қызылордалық команданың Қазақстандағы ең «кедей» клубтарының бірі екендігін ашық айтқан. 1,2 млрд теңге қаржымен маусымды бастап кеткен клубтың сондай-ақ, 700 млн теңге қарызы бар. Журналист Әділбек Жақановтың осы мәселе төңірегінде қойған сұрағына директор Т.Әбдіғаппарұлы былайша жауап берді.
– 700 млн теңге қарыздың бар екені рас. Қазіргі сәтте бұл мәселенің алдын алу үшін барымызды салып жатырмыз. Дегенмен де, келесі маусымға мүлде қарызсыз қамдана алмаймыз. Бұл қаражатты толық жабу – бүгінде үлкен мәселе. Оның 50 пайызын жапсақ, межеден асқан болар едік. Ал 40 пайызын жабу – биылғы жылдың нақты міндеті, — деп жауап қатты ол.
Тағы атап өтетін жағдай – стадион мәселесі. Стадион құрылысы айтарлықтай жүріп жатыр. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері елімізде салынып жатқан үшінші стадион. Алғашында арена тамыз айында қолданысқа беріледі деп жобалаған. Артынша қыркүйекке шегерілді. Жанкүйерлер биылғы маусымда сүйікті клубтарының ойынын жаңа стадионда көре алмаймыз ба деп алаңдайды. Алаңдауға себеп баршылық. Өйткені, атап өткендей, маусым аяқталар тұста тек екі ойын ғана Қызылордада өтеді. Егер ол уақытта стадион құрылысы бітпесе, жанкүйерлердің арманы келесі маусымға қалу мүмкіндігі жоғары.
Стадион демекші, «Қайсардың» қазіргі алаңы жайлы сын көп. Футбол маманы Болат Есмағанбетовтың айтуынша, Қызылордада доп тебу – кәдімгідей азап.
– Мен оңтүстік өңірлерде әлі күнге дейін неліктен жасанды алаң екенін түсінбеймін. «Қызылордаға жасанды алаң жарайды» деген шенеунік осында доп теуіп көрсін. Осыншама ыстықта синтектикалық алаңда ойнау мүмкін емес. Бұл – үлкен мәселе және футболшыларға деген құрметсіздік, — деді ол.
Атап өту керек, жаңа стадионда да жасанды алаң салынбақ. «Ақыры жаңа арена салынады екен, неге аталған мәселенің шешімін таппасқа» дейді көпшілік. 21 млрд теңге жұмсалған стадионда жасанды алаңның болуы көбі үшін шынымен де абсурд секілді.
ТҮЙІН. Қызылордадағы футбол жағдайы – осындай. Негативке қарағанда позитивті, жақсы жаңалықтарға бет бұрайын десең, болмай тұр. Расын айту керек, аталған мәселелердің шешімін таппасақ, Сыр футболының болашағы бұлыңғыр бола беретіні анық. Дегенмен, кез келген нәрсеге оптимистік көзқараспен қарай алған да жөн. «ТОП» ойыншылар болмаса да, неше түрлі талантты жас ойыншы ауысып-ақ жатыр. Оларға керекті уақыт берілсе, топты жарып шығатындарына сенім мол. Жаңа стадион жайы да – сол. Енді су жаңа аренаға сай белді аяқдопшы сапқа қосылса, нұр үстіне нұр болар ма еді деп қиялдап қоясың. Жаман айтпай жақсы жоқ. Сын түзелмей, мін түзелмейді.
Айтілес АБАЙҰЛЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!