Әлем назарын саяси ахуалымен өзіне аударған Қарабақ қырғыны кеше басталып, ертеңіне аяқтала қоятын құбылыс емес. Ол – жылдар бойы тізбектелген тарихи, шешімінен гөрі шиеленісуі басым географиялық саяси текетірес. Олай дейтін себебіміз, дәл осы Таулы Қарабақ оқиғасы осыдан 30 жыл бұрын болған. Сол кезде де ортақ тіл табыса алмаған Әзірбайжан мен Армения тақырыпты «жылы жауып» қоя салған. Жалпы, бұл аймақтың ресми атауы – Арцах Республикасы. Өздерін тәуелсіз деп жарияласа да, әлем елдері мойындамаған бірден-бір президенттік мемлекет – осы. Онда тәуелсіз елді ту-талақайға салып, Армения мен Әзірбайжан шекарада несіне «шөкелесіп» жатыр?
Шілде-тамыз айларында Армения шекарасы шектесіп жатқан Әзірбайжанға әскери арандатушылық шабуыл жасаған. Салдарынан бейбіт тұрғындар мен әскери қызметшілер қаза тапқан. Ал 1988 жылдың басында басталған Қарабақ жанжалына әлем саясаткерлерінің көзқарасы да түрлі-түрлі және бұл халықаралық мінберлерден мәселесі түспеген оқиға. Тек тіршілік тінімен халықтың санасынан ұмытылып кеткені болмаса, саяси құжаттарда өз осъін таппай тұрған тарихи түсініспеушілік. Дәл осы жылы Таулы Қарабақ автономиялы облысы Әзірбайжан құрамынан шығатынын жариялаған. Алайда оны дербес ел ретінде әлемнің санаулы елдері ғана мойындады. Осыған қарамастан кей елдерден арнайы өкілдіктер ашып, тырбанып күн көріп отыр.
30 ЖЫЛҒА ҰЛАСҚАН ЖЕР ДАУЫ
Кері шегінейік, 1992-1994 жылдары болған қанды қақтығыста армяндар Әзірбайжан жерінің 20 пайызын құрайтын жеті ауданы мен Қарабақты басып алған. Жылдар өтсе де, жарасының беті қатпаған жер дауында екі жақтан да адам шығыны тіркеліп, миллионнан астам бейбіт халық босып кеткен болатын. Екі жылға ұласқан қырғын Ереван мен Бакудың бейбіт келісімі нәтижесінде тоқтаса да, шекарада кеткен жер кері қайтарылған жоқ. Дәл осы мәселеге байланысты 2015 жылы Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев:
– Даулы мәселенің бейбіт түрде реттелгенін қалаймыз. Алайда 90-жылдардан бері істің оңтайлы шешім тапқанын көрген жоқпын. Армян жағы түрлі сылтау айтып, мәселені ушықтырып келеді. Армяндардың қол астында қалған жеті аудан мен Қарабақ – әзірбайжандықтардың ежелгі атамекені. Мәселе бейбіт шешілмесе, қолға қару алып, өз жерімізді азат етуге дайынбыз. Өйткені жер дауына байланысты әлемде кей мемлекеттер арасында 40-50 жыл шешімін таппаған келіссөздерді көріп отырмыз. Бізге ұзақмерзімді келіссөздер керек емес. Армения кесімді жауап қатпаса, мәселені қарумен реттеуге тура келеді, – деген еді өз халқының алдында.
Одан бері табандай бес жыл өтті. Жыл сайын жағдай ушыға түсті. Нәтижесінде Армения мен Әзірбайжан елі арасындағы қарулы қақтығыс қайта басталды.
ӘСКЕРИ ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАН ҚАЙ ТАРАП?
Әзірбайжан Республикасы президентінің ресми мәліметіне сүйенсек, 27 қыркүйекте таңертең Армения Әзірбайжанға қарсы әскери арандатушылық жасаған. Ауыр артиллериялық қондырғыларынан оқ атқылау нәтижесінде екі күн ішінде әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындар қаза тауып, материалдық шығындар келтірілген. Содан кейін Әзірбайжан жағы қарсы шабуыл операциясын бастаған.
– Арменияның әскери арандатушылығымен байланысты әрекеттер Арменияның саяси және әскери басшылығына жүктеледі. Әзірбайжан армиясы өз жерінде шайқасады және армян армиясы Әзірбайжан жерінде болмауы керек. Армения шетелдік азаматтарды Әзірбайжанның оккупацияланған аумақтарына заңсыз қоныстандырып жатыр. Бұл Женева конвенциясына сәйкес, халықаралық құқықты өрескел бұзу және әскери қылмыс, – деді И.Әлиев Германия канцлері Ангела Меркельмен өрбіткен диалогында.
МӘСЕЛЕНІ ШЕШУДІҢ ЖОЛЫ БАР МА?
Әлем елдерінің сыртқы істер министрлері алаңдаушылық білдіріп отырған Армения-Әзірбайжан арасындағы жер дауына қашан нүкте қойылары белгісіз. Десек те, Ресей қарулы қақтығысқа қатысы бар қос тарапқа да атыс-шабысты тез арада тоқтатуды ұсынды. Олай болмаған жағдайда аймақтық қауіпсіздік жүйесінің бұзылуы әбден мүмкін. Мәселе кімнің және қашаннан бері келіспей, қанша оқ жаудырғанында емес, халықтың алаңсыз өмір сүруіне мүмкіндік беру, Қарабақ оқиғасы бойынша тиімді келіссөздерге қол жеткізуде. Өйткені екі елдің алдында да одақтастармен ортақ міндет бар. Бұл – ауқымды халықаралық келісімдер мен тараптардың ортақ мүддеге ойысуына кедергісін тигізуі мүмкін.
– Біз өз позициямызды жоғалттық, әлі де жоғалтамыз. Бірақ басқа позициямызға ие боламыз, – деп мәлімдеді Таулы Қарабақ (Арцах – ред.) Республикасының президенті Араик Арутюнян.
Ширек ғасырдан астам уақытта түйіні тарқатылмаған жер дауы мәселесінің жуық уақытта және қарумен шешілмейтіндігін өздері де, ЕҚЫҰ-ның Минск тобы да ескертіп отыр. Егер шекаралас елдер шектен шыққан әрекеттерін шетелдік күшке салатын болса, онда қауіпсіздікті сақтап отырған кей елдердің арасындағы соғыс өрті қайта тұтануы ықтимал. Ал, Әзірбайжан елінің президенті И.Әлиев «Таулы Қарабақ» жанжалын Әзірбайжанның аумақтық тұтастығы шеңберіндегі халықаралық құқықтың нормалары мен қағидалары негізінде ғана шешуге болатынын айтып отыр.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Тақырыпқа тұздық
Марат БӘЙДІЛДАҰЛЫ (Тоқашбаев),
журналист
ӘЗІРБАЙЖАН – АРМЕНИЯ:
БҰҰ қарары орындалсын!
Әзірбайжан мен Армения арасындағы қақтығыс қазақ жұртын алаңдатып отыр. Үкімет әзірше бейтарап саясат ұстанғанымен Бағдат Әміреев басқаратын Түркі Кеңесі кеше БҰҰ-ның 1993 жылғы қарарына сәйкес Армения жағы Таулы Қарабақты Әзірбайжанға қайтару керектігін ескертті.
Бұл дауға 1991 жылы нәтижесіз араағайындық жасап Қазақстан да араласқан. Соның салдарынан 1991 жылы 20 қарашада Таулы Қарабақта тәуелсіз бақылаушы миссиясымен жүрген Қазақстанның Ішкі істер министрінің орынбасары, бауырымыз, полковник Сайлау Серіков қаза тапты. Ол мінген тікұшақта 22 адам болған. Ешкім тірі қалмады. Тікұшақты армяндар атып түсірген.
1975 жылы 1 тамызда жасалған Хельсинки келісімі Еуропада Екінші жаһан соғысынан кейінгі шекараның мызғымастығын баянды еткен болатын. 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматыда ТМД-ны құру туралы қол қойылған шартта да оған мүше мемлекеттер бір-бірінің аумақтық тұтастығын танитынын әрі құрметтейтінін мәлімдеген. Достастық шартына Әзірбайжан жағынан президент Аяз Муталибов, Армения тарапынан президент Левон Тер-Петросян қол қойған. Мемлекеттердің қалыптасқан шекарасы мойындалған.
Армения болса осы келісімдерді аяққа таптап отыр. Таулы Қарабақпен қоса Әзірбайжанның жеті ауданын оккупациялап алған. Тіпті БҰҰ-ның 1993 жылғы Таулы Қарабақты Әзірбайжанға қайтару туралы қарарына да бағынбайтынын көрсетті.
Таулы Қарабақ Арменияның қолдауына арқа сүйеп, 1988 жылы Әзірбайжан құрамынан шығатынын жариялаған. Сепаратистер өздерін дербес құрылым ретінде көрсеткісі келгенімен іс жүзінде Армениядан жем жеп отыр. Арменияның болса да Ресеймен ымы-жымы бір. 1994 жылы екі тарап та қол қойған Бішкек хаттамасынан кейін қарулы қақтығыстар тоқтатылған. Алайда алты жылға созылған қырқыста 30 мың адам қаза тапты, жүздеген мың жан босып кетті.
Енді міне, армяндар 27 қыркүйекте опасыздықпен келісімді бұзып, әзірбайжан тарапына оқ жаудыра бастады. Жерін басқыншылықпен тартып алғаны үшін кеудесінде өштік оты маздаған әзірбайжандар қарсы шабуылға шықты. Біз қазақ жұрты қақтығыстың дереу тоқтатылуын, халықаралық нормаларды өрескел бұзып отырған Армения жағы Таулы Қарабақ пен жеті ауданды заңды иесі Әзірбайжанға қайтарып беруін талап етеміз. Әзірбайжанның аумақтық тұтастығын қолдаймыз.
Сондықтан да әлемдік қауымдастықты осы мақсатта бірігуге шақырамыз!
Фейсбуктегі парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!