Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты өңірде жүрген отандастар саны туралы мәлімет жариялады. Ведомство дерегіне сәйкес, қазіргі таңда қарулы шиеленіс болып жатқан аймақтарда бірнеше мың Қазақстан азаматы бар.
Министрлік мәліметінше, Біріккен Араб Әмірліктерінде шамамен 3,5 мың, Сауд Арабиясында 3 мыңға жуық, ал Қатарда 1,5 мыңдай қазақстандық жүр. Сонымен қатар Иранда 82, Бахрейнде 168, Кувейт пен Иорданияның әрқайсысында 134 азамат тіркелген. Израильде шамамен 100 қазақстандық бар.
СІМ таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта қазақстандықтар арасында зардап шеккендер туралы ресми дерек түспеген.
28 ақпаннан бері өңірдегі әскери іс-қимылдардың басталуына байланысты бірқатар елдер әуе кеңістігін уақытша жапқан. Соның салдарынан халықаралық рейстердің басым бөлігі тоқтатылды немесе кейінге шегерілді.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанның шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктері туристік компаниялармен бірлесіп, отандастарды уақытша қонақүйлерге орналастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жағдай тұрақталғанша азаматтарға ресми ақпарат көздерін қадағалап, қауіпсіздік талаптарын сақтауға кеңес берілген.
| Ел | Қазақстан азаматтарының саны |
|---|---|
| 🇦🇪 Біріккен Араб Әмірліктері | 3 500 шамасында |
| 🇸🇦 Сауд Арабиясы | 3 000-ға жуық |
| 🇶🇦 Қатар | 1 500 шамасында |
| 🇧🇭 Бахрейн | 168 |
| 🇰🇼 Кувейт | 134 |
| 🇯🇴 Иордания | 134 |
| 🇮🇱 Израиль | 100 шамасында |
| 🇮🇷 Иран | 82 |
Дереккөз: ҚР Сыртқы істер министрлігі
Фото: ЖИ негізінде жасалды
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!