Бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс 22-сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібіне 2022-2024 жылдарға арналған қалалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу және қала әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы мәселелер енгізіліп, талқыланды.
Cессия отырысына мәслихат депутаттары, қала әкімі А.Шаменов, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Ш.Әбдірахманов, қала әкімінің орынбасарлары Р.Нұрмағамбетов, А.Қасымова, Ж.Сейілов, қалалық дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Баймаханова, қала әкімі аппаратының басшысы Б.Ахмет хабарлама жасады.
Алдағы уақытта сессияда қаралған бюджет жобасына сәйкес, қалаға 150 автобус алу, «Су жүйесі» мекемесіне арнайы техникалар алу, СПМК тұрғын ауданында 10-нан аса көп қабатты үйлер салуға, сол жағалаудан 7 қабатты үйлер салуға жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге, Белкөл кентінде теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу, Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы жаяу жүргіншілер көпірін салу, Бәйтерек тұрғын ауданынан «оң жақ магистральды» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірін салу, «Күнекей» балабақшасының қазандық ғимаратын қайта жаңарту, I және II топ көз мүгедектеріне қоғамдық көліктерде тегін жүруі, Титов тұрғын ауданындағы №173 мектеп жанында орналасқан ұзындығы 600 метрді құрайтын Т.Бокин көшесіне Көкенов көшесінен Қашаубаев көшесіне дейін жарық бағаналарын орнатуға жоба-сметалық құжаттамаларын қаржыландыру жоспарланған.
Өз кезегінде депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты ұсыныс пікірлерін білдірді.
Атап айтқанда, осы уақытқа дейін депутаттар тарапынан жергілікті атқарушы органдарға берген ұсыныстардың орындалуы баяу жүріп отырғандығы, аяқ суға берілетін су көлемін қаржыландыру, апатты үйлер мәселесі, Сүлейменов, 51-үй аумағындағы кварталаралық жолдарды жөндеу, Мойынқұм көшесіндегі ауызсу жүйесінің жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлу, Қызылжарма ауылына спорт-ойын алаңын салу, қоғамдық көлік мәселесін қыркүйек айына дейін реттеу және Әл-фараби мөлтек ауданына қолдан тартылған электр желілерін талапқа сәйкестендіру, спорт-ойын алаңын салу және басқа да ұсыныстар берілді.
Қала әкімі А.Шаменов сессия барысында қала бойынша атқарылып отырған жұмыстар барысы мен алдағы жоспарларымен бөлісті.
Сессия отырысына қалалық мәслихат хатшысы И.Құттықожаев төрағалық етті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!