Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қалалардың келбеті қалай өзгереді?

13.03.2025, 8:40 79

Жақында Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық акті­леріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгері­стер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жеті бағытты қамтитын заң жобасында жаңалық көп. Тізбелеп шығатын болсақ, Астана мен республикалық маңызы бар қалаларға бірыңғай дизайн-код енгізіледі. Мақсатына сай пайдаланылмаған жер учаскелері аукцион арқылы сатылады. Тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне жауапкершілік күшейтіледі. Қалалық инфрақұрылым нысандары мен қоғамдық көліктер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделеді. Астананың «жасыл белдеуін» қорғау заңнамалық деңгейде бекітіледі. Айыппұл тұрақтарының жұмыс істеу мәселелерін реттеу бойынша қағидаларды бекіту облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаттарының құзыретіне беріледі. Бұдан былай үлескерлердің ақшасын тартып, сатумен айналысатын компанияларға да заң талаптары қолданылады. Енді осы мәселелерді  жеке-жеке  тарқатып  көрейік.

Заңнамалық түзетулерді депутаттарға таныс­тырған Премьер-Министрдің орын­басары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин заң жобасы Мемлекет басшысының Астана қаласын дамыту жөніндегі қеңес­те берген хаттамалық тапсырмасын және Президент Әкімшілігінің астананы дамыту тәсілдерін республикалық маңызы бар қалаларға тарату тапсырмасын орындау үшін әзірленгенін мәлім етті. Заң жобасы жер қатынастары, сәулет, құрылыс, көші-қон, жарнама, экология және тағы басқа салалардағы мәселелерді шешу­ге  бағытталып, 1 Кодекс пен 6 Заңға түзету­лер  енгізуді  көздейді.

БІРЫҢҒАЙ  ДИЗАЙН-КОД  ЕНГІЗІЛЕДІ

«Заң жобасының бірінші бағыты бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыруды көздейді. Қазіргі уақытта қалалардың сәулеттік келбеті тек сыртқы (көрнекі) жарнама арқылы ғана емес, маңдайшалардың да ретсіз орналасуына байланысты нашарлауда. Сыртқы (көрнекі) жарнаманы жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру да қалалардың эстетикалық келбетіне теріс әсер етеді. Сонымен қатар, қаланың сыртқы келбетінің нашарлауына қоғамдық орындарда аудио жарнаманың кең таралуы себеп болуда. Бүгінгі таңда аталған іс-әрекеттер заңбұзушылыққа жатпайды және заңнамада ешқандай әкімшілік шаралар көзделмеген. Осылайша, қалалардың сыртқы келбеті бойынша мәселелерін шешу мақсатында заңнамалық өзгерістер дайындалды» деді С.Жұманғарин. Түзету енгізушілердің пікірінше, өзара үйлесімсіз әрі ретсіз орна­ластырылған сыртқы (визуалды) жарнамалар, маңдайшалар, көрсеткіштер  салдарынан  қазіргі  уақытта елорда мен басқа да қалалардың әсемдік және сәулеттік келбетіне нұқсан келтіруде. Осыған орай республикалық маңызы  бар  қалалар  мен  елорданың мәслихаттарының құзыретін кеңейтіп, дизайн-­кодты бекіту нормасын енгізу ұсынылады. Ал әкімдіктердің құзыретіне тұрақты емес нысандарды орнату және  олардың жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу мен бекіту енгізілмек. Түзетулер аясын­да ашық кеңістікте аудиожарнама таратуға, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолдарында, вело­сипед жолдарында, автожолдар мен көше­лерде сыртқы (визуалды) жарнамаларды орналас­тыруға тыйым салынады. Бұл өзгеріс азаматтардың  қауіпсіздігі үшін қажет. Сонымен қатар, аталған нормаларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (455-бап) енгізу мәселесі  пысықталуда.

ЖЕР  УЧАСКЕЛЕРІ  ҚАЛАЙ  САТЫЛАДЫ?

Заң жобасын дайындаушылардың пайы­мынша, қазіргі уақытта жер учаскелерінің иелері мен жер пайдаланушыларға белгілі бір себептермен тиесілі бола алмайтын учаскелер­ді қайта ресімдеу процедурасы реттелмеген. Сондай-ақ, қолданыстағы тетік бойынша жер учаскелерін талапқа сәйкес игермеген бұрынғы иелері еншілес тұлғалар арқылы жерді аукцион­мен сатып алып, өзінде сақтап қалады, аукционнан келген ақша да сол тұлғаға түседі. Бұдан басқа Жер кодексіне сәйкес игерілмеген жер  учаскесі аукционнан өткізілмеген жағдайда арнайы жер қорына есептеледі және оны одан әрі пайдалану мүмкіндігі жоқ. Осындай мәселелерді шешу үшін Жер кодексіне өзгеріс енгізу арқылы мынадай жаңа нормалар ұсынылады. Егер мақсатына сай пайдаланылмаған жер учаскесі жекеменшікке тиесілі болса, ол аукцион арқылы сатылуы тиіс. Осы ретте бұрынғы меншік иесіне тек жер учаскесін сатып  алуға  жұмсаған бастап­қы сомасы ғана өтеледі. Егер жер аукционда жоғары бағаға сатыл­са, қалған сома бюджетке аударылады. Бұл аукционға үлестес тұлға­лардың қатысуын болдырмауға және бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Осылайша, жер телімдерін мақсатына сай пайдаланбаған меншік иелері жерді сатып алу мен сату арасын­дағы  айырмашылықтан  пайда  таба  алмайды.

«РЕЗЕҢКЕ  ПӘТЕРЛЕРГЕ»  ҚАЛАЙ  ТОСҚАУЫЛ  ҚОЯМЫЗ?

Заң жобасының үшінші бағыты көші-қон үдерісін реттеуді көздейді. «Әлемдегі ірі қала­ларда сапалы білім мен медицина, дамыған инфрақұрылым, инновациялар мен технологиялар шоғырланған, бұл өз кезегінде урбандалудың тез жүруіне әсер етеді. Осы құбылыс Қазақстанға да тән. Қазіргі уақытта халық ірі қалаларда өмір сүруге ұмтылуда. Бұл пәтерлерде тұрғындардың санын шектеусіз тіркеу проб­лемасына алып келді. Тәжірибе көрсеткендей, тұрғын үй иелері үйінде нақты тұрмайтын жүздеген азаматты тіркеу фактілері бар. Астанада бір пәтерге 800 адам тіркелген. 924 мекен­жайда нақты тұрмайтын жүздеген азаматты тіркеу фактілері анықталған» деді нақты мысал келтіріп  С.Жұманғарин.

Түйткілді мәселені шешу үшін мынадай жаңа нормалар енгізіледі: елорда аумағында тұрақты  және  уақытша тұратын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту, яғни мәслихат алда­ғы уақытта бір азаматқа қанша шаршы метр тиесі­лі  екенін белгілейді; астана  аума­ғында бір мекенжайда  нормативтерден  артық тіркеу­ге тыйым  салу  бойынша  өзгеріс­тер  енгізі­леді. Бұл ретте, тіркеу нормативтері тұрғын үйдің меншік иесінің  және жұбайы­ның жақын туыс­тарына қолданылмайды. Сондай-ақ, Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу аясында тұрғын үйлер­де тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне жауапкершілік  күшейтіледі.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ  МЕН  КӨЛІК  ҚОЛЖЕТІМДІ  БОЛА  МА?

Қазіргі уақытта қалалық инфрақұрылым және қоғамдық көлік нысандары ерекше қажет­тілігі бар азаматтар үшін толыққанды бейімделмеген. Бұдан басқа тұрғын үй сек­торында, яғни  аулаларда көлік құралдарының жылдам  қозғалысы  және  бейберекет  қоршау­ларды, шлаг­баумдарды орналастыру проб­ле­масы  бар.

Осы  мәселені  шешу мақсатында: респуб­ликалық  маңызы  бар  қала  және астана мәслихатының құзыретіне қалада қолжетімді ортаны қамтамасыз ету қағидаларын бекіту, әкімдік құзыретіне тұрғын үй секторында қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді орнату қағидаларын бекіту ұсынылады. Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бұл іс-шаралар қалалық инфрақұрылым нысан­дары мен қоғамдық көлікті ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолжетімді етуді, сондай-ақ тұрғын үй секторында, аулаларда көлік қоз­ғалысы  мәселесін  шешуді  қамтамасыз  етеді.

ҚОРҒАУ  ЗАҢНАМАЛЫҚ  ДЕҢГЕЙДЕ  БЕКІТІЛЕДІ

Ұлттық экономика министрлігі бастамашы болған түзетулер елорданың «жасыл белдеуі» мәртебесін заңнамалық тұрғыдан анықтауға, оның жерлерін қысқартуға немесе зақым­дауға  жол  бермеуге, оның аумағындағы жасыл желек­тің сақталуын қамтамасыз етуге және «жасыл белдеуді» басқару ережелерін бекітуге бағытталған. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елорданың жасыл аймағының аумағы 15 мың гектарды құрайды, онда 11,5 миллионнан астам ағаш және 2 миллионға  жуық  бұта  өсіп тұр. Ұсыны­лып отыр­ған түзетулерге сәйкес, Астана мәслихатына қаланың  санитарлық-қорғау  жасыл аймағын басқару ережелерін бекіту және оның аумағындағы  қызмет  түрлерін  шектеу құзыреті беріледі.

Елорда «жасыл белдеуінің» шекарасын өзгер­ту тек Үкімет деңгейінде әкімдіктің ұсынысы  бойынша  жүзеге асырылады. Сондай-­ақ «жасыл белдеуді» күтіп-ұстау және дамыту жөніндегі тұрақты мемлекеттік әкімші енгізу, экологиялық жүйелердің жай-күйі мен тұрақтылығына, табиғи ландшафттарға теріс әсер ететін қызмет түрлеріне тыйым салу ұсыны­лады. «Жасыл белдеу» аумағында мал жаюға, үй жануарларын  айдауға, қоқыс жинау­ға,  аң  аулауға  және  басқа да әрекет­терге  тыйым  салынады.

АВТОТҰРАҚТАР  100  ПАЙЫЗ  МЕМЛЕКЕТ  МЕНШІГІНЕ  ӨТЕДІ

Қазіргі уақытта тәркіленген көлік құралдары арнайы айыппұл тұрағында сақталады. Алайда, оның жұмыс істеу механизмі реттелмеген. Осыған орай, облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаттарының құзыретіне айыппұл тұрақтарының жұмыс істеу мәселерін реттеу бойынша қағидаларды бекітуді беру ұсынылады. Сондай-ақ, «литерлік» нысандарды тазалау үшін қызметкерлерге қойылатын қауіпсіздіктің жоғары талаптарын ескере отырып, Астана қаласында автокөлік жолдары  мен  көшелерді тазалау бойынша заңды  тұлғаны  айқындау  ұсынылады.

Мәжіліс залынан тысқары жерде журна­листердің сұрақтарына жауап берген  Астана қаласы  әкімінің  орынбасары  Ерсін  Өте­баев  бұдан  былай  қалада  автотұрақ  мәселесімен 100 пайыз мемлекеттік мекеме айналысатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, елорда өсіп бара  жатқан соң тұрақ саны да көбейеді. «Қала­дағы  тұрғын үйлер мен саябақ алдындағы ақылы автотұрақтар алынып тастала ма, тастамай ма, әзірге нақты айта алмаймын. Меніңше дұрыс деп есептеймін. Қазір ол үй иелері үшін автотұрақ тегін. Үйі барларға өз атына тіркелген көліктерге тұрақ тегін, бірақ, үйге келген басқа  адамдарға  ақылы  болады»  деп  түсіндірді  Е.Өтебаев.

ҮЙ  САТАТЫНДАР  ДА  ЗАҢҒА  БАҒЫНАДЫ

Заң жобасының жетінші бағыты тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелерін реттеуді көздейді. «Қазіргі уақытта «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңы аясында бір тарап көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталғаннан кейін осы пәтерді екінші тарапқа беруге міндетті, яғни екі ғана тарап бар. Алайда, іс жүзінде құрылыс салушылар нысанның құрылысын бір компаниямен жүзеге асырады және азаматтарға басқа (үлестес) компания­мен сатады. Осылайша, үшінші тарапты қосу арқылы   «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңмен реттелетін талаптардан жалтару ықтималдылығы туындайды. Сондықтан, заң жобасында осы олқылықты болдырмайтын норма көзделген. Енді үлескерлердің ақшасын тартып, сатумен айналысатын компанияларға да заң талаптары қолданылады» деп түсіндірді жаңа нормаларды Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық  экономика  министрі.

Заң жобасын әзірлеушілер жоғарыда­ғы түзе­тулерді қабылдау қалалардың инфра­құрылымын дамытуға, қоғамдық нысандардың қолжетімділігін арттыруға, халықтың барлық топтары үшін қауіпсіз және жайлы орта құруға ықпал етеді деген пікірде. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық  салдарға  әкеп  соқпайды.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: