Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала өркениетінің көкжиегі

09.07.2025, 9:40 167

Бүгінгі  күні  урбанизация  тақырыбы  Қазақстан  үшін  демографиялық,  саяси, әлеуметтік, экономикалық маңызға ие өзекті үрдіске айналғаны айқын. Қала – күрделі механизм. Олай дейтін себебіміз, қала ұғымын тек географиялық нүкте ретінде түсінбеуіміз керек. Атап айтқанда, қалада бой түзеген рухани-мәдени нысандар мен үйлер арқылы халықтың өмір сүру сапасын, жалпы өңірдің даму үдерісін бағамдайсың. Сондықтан да, қалалар мен қала маңындағы аумақтарды орнықты, инклюзивті және климатқа бейім бейнеде дамыту қазіргі заманның  басты  мемлекеттік  басымдығына айналып  отыр.

Мінеки, осындай күрделі міндетті саралау әрі жүйелі шешімдерге жол ашу мақсатында Қазақстан тарихында тұңғыш рет Ұлттық Урбан Форум ұйымдастырылды. Оның алғашқы алаңы ретінде Қызылорда қаласының таңдалуы кездейсоқ емес. Бір жағынан, сан ғасырлық тарихы бар аграрлық өңір, ал екінші жағынан, қарқынды урбанизация дәуіріне қадам басқан қаланың қазіргі тынысы мен болашағы – еліміз үшін ортақ мәселені аймақтық деңгейде қалай шешуге болатынын көрсететін анық мысал.

«Қазақстан Ұлттық Урбан Фору­мы 2025 – Қызылорда» халық­аралық дәрежеде өтіп жатыр. Атап өту қажет, мұндай ауқымды басқосу бұрын-соңды Қазақстанда болмаған. Алғаш рет Қызылордада өтуде. Форумның ашылу салтанаты кеше облыс орта­лығындағы, дәл осы өңір урбанизациясының дамуының айғағы «Өнер орталығында» өтті. Форум жұмысына Қазақстан Респуб­ликасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Сырт­қы істер министрі­нің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, ҚР Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бауыржан Жүнісбеков, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, UN-Habitat атқарушы директорының орынбасары Рафаэль Тутс, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжимитов, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, еліміздің барлық өңірінен келген облыс әкімдерінің орынбасарлары мен басқарма басшылары қатыс­ты.

Форум басталмас бұрын ең алдымен Қызылорда өңірінің тыныс-тіршілігін ашатын бейнежазба көрсетілді. Онда Сыр елінің тарихынан бастап, соңғы уақыттары жүзеге асқан жобалар, қазіргі қала бейнесі  туралы  ақпарат  берілді.

Форум  модераторы – Ардақ Зебешов. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары. Модератор сөз басын аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлына  берді.

– Президентіміз Қасым-­Жомарт Кемелұлы «Қазақ­стан орнықты урбанизация үрдісімен келе жатыр. Тұрғын саны миллионнан асатын қала­лар еліміздің жа­һандық бәсекелестік қабілетінің тірегі, ал облыс орталықтары өз өңірлері өсімінің өзегі болуға тиіс»  деген  болатын.

Бүгінгі урбанизация дәуі­рінде қалаларды тұрақты дамытуда экологиялық тепе-­теңдікті сақтау, тұрғын­дардың өмір сүру сапасын артты­ру – басты міндеттердің бірі. Қызыл­орда  – дәстүрлі аграрлы аймақ! Қызылорда – мега­полис болмағанымен, қар­қынды урбанизация жолына түскен, өз деңгейінде қалалық инфрақұрылым мен өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы әртараптандыру ба­ғытында нақты  қадам жаса­ған қала. Қала халқының үлесі өсіп, өңір тұрғындарының шама­мен 50%-ға жуығы облыс орталығында тұрады.

Қызылорда облысы Прези­дентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін, нақты стратегия­ларға,  аймағымыздың зама­науи келбетін қалыптас­тыру­ға бағытталған жүйелі жұмыс  жүргізіп  келеді.  Қазіргі таңда облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағыт­талуда.

Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Инвестор  «Акса Энерджи» түрік компаниясы 135 млрд теңгеден астам инвестиция құйып, құрылыстың 80%-ы аяқталды. Орталық қыркүйек айында пайдалануға  беріледі. Сонымен қатар, Катармен  үкіметаралық келісім негізінде  оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қуаттылығы 1100 МВт, құны 892 млрд теңге болатын бу-газ қон­дырғысы салынады. Бұл мегажоба 2028 жылы толы­ғымен іске  қосылады.

Бүгінгі форум – қалаларды тұрғындарға қолайлы, климатқа төзімді, инклюзивті орталықтарға айналдыру жолындағы бірлескен бастамаларымызды нығайтатын алаң. Біз үшін форум – тек талқылау емес, нақты әріптестікке бастайтын жол. Осы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге серпін беріп, қалалардың болашағын қалыптастыру жолындағы ортақ мақсаттарға жетуде маңыз­ды қадамдар жасауға ықпал етеді деп сенеміз, — деді  Н.Нәлібаев.

Осылайша, аймақ басшысы Қызылорданың дәс­түрлі аграрлы өңір бола тұра, қазіргі урбанизация дәуірінде заман талабына бейімделіп келе жатқанын атап өтті. Ол қаланың инфра­құрылымдық дамуы мен тұрғындар сапасын арттыру жолында атқарылып жатқан ірі жобаларға тоқталып, жаңа жылу-электр орталығы мен болашақ бу-газ қондырғысының маңызын ерекше атады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының урбанизацияға қатысты ұстанымын негізге ала отырып, Қызылорданың өңірлік тірекке айналу жолындағы әлеуетін нақты стратегия­лық  ұстаныммен  жеткізді.

Облыс әкімінен ке­йін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Ныса­нбаев  сөйледі.

– Бұл форум заманның аса маңызды мәселелерінің бірі тұрақты, жайлы және қауіпсіз қалалар құру, оларды климатқа  бейімдеу және экологиялық жауапкершілік үлгісіне айналдыру тақыры­бына арналады. Бүгінгі кездесуіміз өтіп жатқан Қызыл­орда жері символдық маңызға ие. Бұл өңір экологиялық қиындықтарды, оның ішінде Арал теңізінің құрғауы секілді мәселелерді басынан өткерді. Су ресурстарының азаюы мен жердің тозуы – кешенді шешімдерді талап ететін өзекті мәселе. Мұндай шешімдер экологиялық, урбанистикалық және әлеу­меттік күн тәртіптерінің бірлігін қажет етеді. Соны­мен қатар, халықаралық серіктестердің қолдауымен, ынтымақтастық арқасында өңірді қалыпқа келтіру жолын­да маңызды өзгеріс­терге қол жеткізіп жатыр. Осы  орайда  біз БҰҰ-ның  көшбасшылығын жоғары бағалаймыз, — деді  министр.

Сондай-ақ, Экология минист­рі Ерлан Нысанбаев халықаралық серіктестермен, әсіресе БҰҰ агенттіктерімен бірлескен жұмыс­тың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, осы ынтымақтастықтың арқасында өңірде қалпына келтіру мен орнықты дамуға бағытталған нақты трансформациялар жүзеге асуда. Бірлескен күш-жігер біліммен бөлісуге, заманауи тәсілдерді енгізуге және өңір тұрғындарының  өмір сапасын жақсартуға  мүмкіндік  берді.

Қазіргі уақытта Қазақ­стан ұлттық бейімделу жос­пары мен парниктік газ шығарындыларын азайтуға бағытталған ОНУВ 3.0 құжатын әзірлеп жатыр. Елде климатқа бейімделу заң­намалық деңгейде бекітілген Экологиялық кодекске климаттық тәуекелдерді ескеретін жеке тарау енгі­зілсе, жаңа Су кодексі құрғақшылық пен су тасқынының салдарын азайтуға бағытталған.

Министр жақында Қазақ­стан мен БҰҰ қол қойған Өзара түсіністік туралы меморандум негізінде 2026 жылы өтетін өңірлік экологиялық саммитке дайындық басталғанын айтты. Арнайы жұмыс тобы құрылып, үйле­сімді әрі нақты жоспармен жұмыс  жүргізілуде.

Осы тұста министр «Жасыл белдеу» секілді бастамаларды өзге өңірлерде де кеңейту қажет екенін ес­кертті. Сонымен қатар, Президент тапсырмасына сай, соңғы үш жылда елде 1,3 млрд-тан астам ағаш отырғызылып, Аралдың құрғаған табанында 595 мың гектарға сексеуіл егілгенін мәлім  етті.

Жалпы, форум барысында ҚР Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комите­тінің төрағасы Бауыржан Жүнісбеков, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, UN-Habitat ұйымы атқарушы директорының орынбасары Рафаэль Тутс, БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжимитов сөз сөйледі. Әсіресе, шетелден келген БҰҰ өкілдері қызылордалықтардың қонақжайлығын ерекше атап өтіп, Сыр еліне әртарапты көмек көрсеті­летінін, урбанизация тақырыбының облыстың дамуы­на ерекше әсер ететінін айтты.

Осылайша, Қызылордада алғаш рет өткен Ұлттық Урбан Форумы Қазақстанның орнықты қала даму жолындағы нақты қадамына айналды. Бұл басқосу тәжірибе алмасу алаңы болып ғана қоймай, мемлекеттің урбанизацияға деген стратегия­лық көзқарасын, өңірлік дамудың жаңа бағытын айқындап берді деуге болады. Ендігі мақсат – айтыл­ған бас­тамаларды жүзеге асырып, қалаларды адамға жайлы әрі болашаққа бейім ортаға  айналдыру.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: