Қала әкімдігіндегі кадрлық өзгерістер
HALYQLINE.KZ Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Күн тәртібіндегі тақырыптар талқыланбас бұрын шаһар басшысы кадрлық өзгерістерге тоқталды.
Бұған дейін қаланың ең күрделі саласы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келген Рахматуллаев Елмұрат Нұрмаханбетұлы Қызылорда қаласы әкімінің өкімімен қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанын айтып, еңбек жолында Тасбөгет кенті әкімінің орынбасары, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі, қала әкімінің кеңесшісі сынды жауапты қызметтерді атқарған, жоғары білімді және тәжірибелі маманның жаңа қызметімен құттықтай отырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жаңа басшысы Далабаев Біржан Далабайұлын таныстырды.
Заңгер, құрылыс мамандықтарын игерген Біржан Далабайұлы еңбек жолында қызметтің түрлі сатыларынан өтіп, 2014 жылдың наурыз айынан бастап осы кезге дейін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып, Қызылорда қаласы әкімінің өкімімен бөлім басшысы қызметіне тағайындалды.
Мәжілісте «Қызылорда жылу электр орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның жаңа директоры Науырыз Сатханов та таныстырылды. Бұған дейін қалалық электр тораптары басқармасының директоры қызметін атқарып, әріптестерінің арасында зор абырой мен беделге ие болған Дінмұханбет Әбдіреевтың жаңа қызметке ауысуына байланысты басшылық қызмет Орынбек Дәуеновке сеніп тапсырылды.
Келелі жиында шаһар басшысы Дінмұханбет Сейдуллаұлын жаңа қызметімен құттықтай отырып, жұмысына сәттілік пен табыс тілеп, қаланың энергетика және коммуналдық саласының дамуына, қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығын сақтауға лайықты үлесі үшін «Құрмет грамотасын» табыстады.
Шаһар басшысы: «Көрсеткіш жоғары болуы керек»
Бұл туралы қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала әкімдігінде болған аппараттық мәжілісте айтты. Шаһар басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте жылу беру маусымы кезінде өрт қауіпсіздік талаптарының сақталуы және мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарының жүргізілу барысы қаралды.
Бірінші мәселе – жылу беру маусымы кезінде өрт қауіпсіздік талаптарының сақталуы. Жыл басынан бері Қызылорда қаласы бойынша 178 түрлі өрт оқиғасы орын алса, оның ішінде 90 оқиға жылу беру маусымы кезінде өрт қағидаларының сақталмауынан болған. Ағымдағы жылу маусымындағы қауіпсіздік шараларының сақталуы туралы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов баяндап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын-алу бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Басқарма бастығының баяндауынша тұрғындар арасында төтенше жағдайдың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрмысы төмен және аз қамтылған 200 отбасыға көмірқышқыл газын анықтайтын арнайы датчиктер орнату жоспарланып, қосымша 300 датчикке тапсырыс берілген. Ал өткен жылу беру маусымында бұл датчиктер 198 отбасыға орнатылған.
Қала әкімі басқарма басшысына көмірқышқыл және табиғи газды анықтайтын датчик орнату жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді жүктеп, қала аумағында орналасқан барлық әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардағы өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында заңдылыққа сәйкес тексеру жұмыстарын жүргізуді, басқа да сала басшыларына өздеріне қарасты ғимараттардың эвакуациялық шығу есіктерінің оңай ашылуын және өрт қауіпсіздігін насихаттайтын жадынамалардың көпшілікке көрнекті жерлерде ілінуін, нысандарындағы алғашқы өрт сөндіру құралдарының жарамдылығын қатаң бақылауға алуды нықтап тапсырды.
Екінші мәселе: мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарының барысы. Мәжілісте бұл туралы толығырақ қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы Руслан Намазбаев баяндады. Ағымдағы жылы қаладан көктемгі шақырылымда 144 азамат әскер қатарына алынып, бұл қажетті мөлшердің тек 62,6 пайызын құраған. Сонымен бірге әскери борышын өтеуден себепсіз қашып жүрген 78 азамат қалалық полиция басқармасының іздеуіне іліккен.
Тиісті жұмыстарды дұрыс ұйымдастыра алмаған басқарма басшысының жұмысын сынға алған қала әкімі күзгі мерзімді әскери қызметіне берілген тапсырыс 226 азаматты құрап отыр. Берілген межені 2 ай ішінде 100% жеткізу қажет екенін айтып, кент және ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ қалалық полиция басқармасына белгісіз себептермен әскерге шақыру комиссиясынан жалтарып жүрген азаматтарға іздестіру жұмыстарын күшейтіп, заңға сәйкес шаралар қабылдауды жүктеді.
Мәжіліс соңында шаһар басшысы берілген тапсырмалардың мерзімінде және нәтижелі орындалуы тікелей өз бақылауында болатынын жетікізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!