HALYQLINE.KZ Кеше қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 2020 жылы қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен қол жеткізген жетістіктерін саралап, толайым табыстарға толы болған жылды қорытындылады.
Салтанатты шарада шаһар басшысы алдымен барша қызылордалықтарды санаулы күндерден кейін табалдырықтан аттап, төрімізге енетін Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, қалада жыл көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстарды жіктеп, әр саладағы негізгі көрсеткіштерін көпшілікке баяндады.
Бүгінде Қызылорда қаласы елмен етене еткен еңбектің арқасында облыс экономикасының барлық салаларындағы өрелі өзгерістердің алдыңғы шебінен көрініп, көш бастап келеді деген қала әкімі өтіп бара жатқан 2020 жыл Сыр жұртшылығы үшін қиын кезеңге қарамастан бергені мол берекелі кезең болғанын айтты.
Өз сөзінде әр салаға арнайы тоқталған шаһар басшысы жыл басында Қызылорда қаласының бюджеті 68,9 млрд теңге болып бекітілсе, жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 95 млрд теңгеге жеткенін және қарқынды құрылыс алаңына айналған Сырдың бас шаһарында биылғы жылы 1 500-ге жуық отбасы баспаналы болғанын ерекше атап өтті. Қалада тағы 2 мың 380 пәтерлік 52 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқандығын жеткізіп, ағымдағы жылы республикалық, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 408 көшеге орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне тоқталды.
Биыл облыс орталығында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 8,5 млрд теңгені құрап, өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 101,4 пайызға, артығымен орындалса, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 46,2 пайызы аймақ бойынша Қызылорда қаласының үлесінде.
Білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу мақсатында қала тұрғындарының сұранысына сәйкес «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Бәйтерек шағын ауданында 600 орындық мектеп құрылысы, «Саяхат» мөлтек ауданынан 300 орындық тағы бір білім ұясының құрылысы жеке инвестор есебінен жүргізілуде.
Жыл қорытындысында шаһар басшысы қала экономикасына өрелі өзгерістер әкеліп, өрісін кеңейткен мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстарды да тарқатты.
Мәселен «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына сай қала бюджетіне бөлінген қаражаттар қаладағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталып, бірнеше мәдениет, білім нысандары күрделі жөндеуден өткізіліп, «Тағзым» мемориалы, «Сыр Ана» монументі, «Темір жол» паркі, Назарбаев даңғылы абаттандырылды деген қала әкімі «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы арқылы Ақсуат ауылдық округіндегі №143 мектептің күрделі жөндеуден өтіп, ауылдағы 16 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін атап өтті.
Салтанатты шарада сондай-ақ жылдағы дәстүрге сай ел дамуы жолында еселі еңбегімен ерекшеленген, қаланың қоғамдық-саяси өмірінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, әр салада табысты еңбек етіп жүрген жыл үздіктері марапатталды.
Биыл «Жыл меценаты» атағы қаламызда қауіпті індет тарап, ел басына күн туған шақта алдыңғы шептен табылып, қиналған жандарға қамқор қолын созып, қайырымды істермен көпке үлгі болған «Олжас» ЖШС-нің директоры Талғат Жұматовқа бұйырды. Номинация иегері ел үшін еткен еңбекті елеп, марапаттаған ел азаматтарына алғысын жеткізіп, алдағы уақытта да қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тұрақталып, дамуына өз үлесін қосатындығын жеткізді.
«Қиын кезеңде көпті сақтық шараларын сақтауға үндеп, қоғамның негізгі сұранысына айналған нақты ақпаратты жедел жеткізген «Жаңалық жаршысы» «Qyzylorda» телеарнасының бас редакторы Айнұр Тұңғышбаева Пандемия кезінде тәулік тынысын дөп басып, аймақ ахуалын бұқараға анық, айқын жеткізу көп күш салуды қажет еткендігін айтып, «Еткен еңбектің барлығы ел амандығы үшін» – деп, түйіндеді сөзін.
Ал коммуналдық салаға 24 жыл еңбегін арнап, жылдың «Тазалық сақшысы» атанған Марат Тұрсынбеков «Бұл менің ғана емес қалада күнделікті тазалық жұмыстарын жүргізетін, әріптестерімнің де марапаты және баршамызға көрсетілген құрмет деп білемін» – дейді.
Бұдан бөлек жыл қорытындысымен «Жылдың үздік ұстазы» номинациясын иеленген ұстаздар да марапат биігінен көрініп, қаржылай сыйақыға ие болды. Салтанатты шара жергілікті өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік бағдарламамен қорытындыланды.
Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!