Кеше қала әкімі Ғанибек Қазантаев Қосшыңырауға барып, округтің тыныс-тіршілігін көзбен көріп, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Аралауда қала басшысы округ құрамына кіретін Абай және Досан елді мекендеріндегі орта мектептерге аялдап, ұстаздармен тілдесіп, жазғы лагерь жұмысымен танысты. Досандағы 2013 жылы пайдалануға берілген 100 орындық мектепте қазіргі таңда 398 оқушы білім алуда. Оқу ордасы ауыл балаларымен қатар іргелес орналасқан «Бәйтерек» мөлтек ауданының 100-ден аса бүлдіршінін қамтып отыр.
Ал Абай ауылындағы сыйымдылығы 624 оқушыға негізделген №138 орта мектептің оқу үдерісі екі ауысымда жүргізіледі. 2020-2021 жылдары жалпы 474 оқушы білім алған. 1987 жылы өз жұмысын бастаған мектеп осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген. Бұл мәселеге қатысты қала әкімі жауаптыларға жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, білім басқармасы арқылы облыстық бюджетке өтінім беруді ұсынды.
Келесі кезекте қала басшысы Абай ауылындағы жалпы тәжірибелі дәрігерлік амбулаториясына барды. Қызмет көрсету аймағына Абай, Досан елді мекендері кіретін медициналық мекеме 2015 жылдан бері ауыл халқына қызмет етуде. 2019 жылдан бері ауыл тұрғындарының ұсыныстарына сәйкес Абай ауылының емханасынан 3 орындық күндізгі ем алатын стационар жұмыс істеуде. Сонымен қатар, екі елді мекенді қамтып отыратын бір жедел жәрдем автокөлігі беріліп, қазіргі таңда ауыл тұрғындарына қызмет жасауда. Амбулаторияда жыл басынан бері 2 931 тұрғын дәрігерлік көмек алған.
Абай және Досан елді мекендері бойынша ауызсу мәселесі толығымен шешілген. Ауызсу сапасы да жоғары. Тұрғындардың ендігі сұрауы – ауылдық амбулатория ішінен дәріхана ашу. Бұл ретте Ғанибек Қонысбекұлы тиісті жұмыстар жүргізіліп, алдағы уақытта түйткілдің түйіні тарқатылатындығын жеткізді.
Ал «ауылымызға газ қашан келеді?» деген Қосшыңырау жұртына қала әкімі жоспарға сай жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын айтып, «Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде», – деді.
Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!