Өткен жылы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Корея Республикасы, Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырза өңірлер арасындағы байланысты өркендету үшін бауырластық қатынастар орнату туралы Меморандумға қол қойған болатын.
Осы Меморандум аясында бүгін қала әкімі Нұржан Ахатов Тэджон қаласы, Юсонгу ауданы әкімі Чон Ен Рэ мырзамен кездесті. Кездесуде Корея Республикасы мен Қызылорда облысы арасындағы жан-жақты байланысты, әр саладағы озық көрсеткіштерді сөз етті. Сондай-ақ, инвестициялық, туризм, ауыл шараушылығы және көгалдандыру бағытындағы даму көрсеткіштері жөнінде атап өтілді.
Шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы Меморандумда көзделген бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізуге дайын екендігін жеткізді.
Айта кету керек, Қызылорда облысы мен Кореяның ең ірі қалаларының бірі және ғылыми-технологиялық астанасы – Тэджон қаласын тарихи байланыстар біріктіреді. 2021 жылдың тамыз айында Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның сүйегі Қызылордадан осы Тэджон қаласының Ұлттық зиратына әкелініп жерленген болатын. Сондай-ақ, Меморандумда сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, туризм, білім және ғылым салаларында өзара ынтымақтастықты дамыту көзделген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!