Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала әкімдігінде өзекті мәселелер талқыланды

27.04.2021, 18:00 438

HALYQLINE.KZ

Бүгін қала әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов пен шаһар басшысы Ғанибек Қазантаевтың басшылығымен мәжіліс өтті. Бірқатар басқарма басшылары, қалалық бөлімдер мен коммуналдық мекемелердің және пәтер иелері кооперативтерінің басшылары қатысқан мәжілісте коммуналдық мәселелердің өзекті тұстары талқыланып, оны шешу жолдары сараланды. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Күн тәртібінде жол, тұрғын үй құрылысы, газ, жарық, жылу және тасымалдау саласы бойынша түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылды. Алдымен шаһардағы тұрғын үй құрылысы, осы салаға қатысты проблемалық мәселелер талқыланды.

Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары апаттық үйлер кезегінде тұрған азаматтар мен көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамту мәселесін тезірек шешу керектігін баса айтты.  

Одан әрі қаланың сәулеттік келбеті туралы сөз болып, алдағы жоспарлар мен атқарылатын жұмыстар да айтылды. Жоспарға сай жүзеге асатын ауқымды жұмыстардың қатарында сол жағалаудан салынатын Гүл бульвары бар. Жиында 12 гектар аумаққа орналасуы тиіс жаңа бульварды салу жоспары тағы бір мәрте пысықталды.

Мәжілісте қалаға қарасты ауылдық округтерді газбен қамту мәселесі де қаралды. Бұл мәселеге қатысты хабарлама жасаған облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов ағымдағы жылы Ақсуатты газбен қамту жұмыстары басталатындығын айтып, Абай ауылын газдандыру жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып жатқандығын атап өтті.

Отырыста ортаға салынған келесі тақырып – жол құрылысы. «Өткен жылы қалада жүргізілген қарқынды жұмыстар негізінде көптеген тұрғын жол азабынан құтылып, жаңа жолдың игілігін көрді. Биыл да бұл жұмыстар қарқынды түрде жалғасады» – деген қала әкімі Ғанибек Қазантаев мәжілісті қорытындылай келе, басқосуда көтерілген мәселелердің шешілуі, берілген тапсырмалардың хаттамаға сәйкес облыстық басқармалармен бірлесе атқарылуы қатаң бақылауында болатындығын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: