Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қ.Тоқаев: Орталық Азияда көшбасшы ел болуымыз керек

02.09.2021, 12:00 428

Бұл Жолдау бұрынғыдан өзгерек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа моделі, жаңа жағдайдағы экономикалық даму, теңгерімді аумақтық даму, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, экология, азаматтардың мүддесін қорғау, цифрландыру, азаматтарды мемлекетті басқару ісіне тарту, ұлттың жаңа болмысы бағыттары қамтылған. Елдегі саяси тұрақтылық алдымен экономикалық ахуалға тікелей байланысты. Жағадан алып, жағдайды қиындатқан пандемия ел экономикасының тұралауына алып келді. Индустрия мен инновация, кәсіпкерлік, жалпы ішкі өнімнің азаюы, экспорт пен импорт платформасындағы құлдырауды орнына келтіру мақсатында Президент ауқымды стратегиялық жоспармен жұмыс істейтінін жеткізді.

Мемлекет басшысы  Қазақстан халқына Жолдауын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сөздерімен бастады.

 – Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз, Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құруымыз. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда, – деді президент.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ  ӨРЛЕУ  БОЛАДЫ

– Менің Қазақстан халқына биылғы Жол­дауым мынадай мәселелерге арналды. Бірінші  –  пандемиядан  кейінгі  кезеңдегі  экономикалық даму. Орта­лық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан қазір пандемияның зардабын тартуда. Дегенмен, қиындықтарға қара­мастан бағдарымызды берік ұстанып келе­міз. Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейін дамудың ұлттық жоспарын және мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйе­сін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін  бола­ды. Стратегиялық  мақсатымыз –  Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орны­мызды  нығайту, – деді  президент  Қ.Тоқаев.

Осыған дейін мемлекет «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы экономиканы тұрақтандыруда  тиімді  жұмыстар атқарып  келді. Енді осы аталған бағдарламалардың мерзімі қайтадан 2022 жылға дейін ұзартылмақ.

– Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен қызметтің жалпы құны 3,5 трлн теңге болды. «Бизнестің жол картасы»  бағдарламасының   арқасында   66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді, – деді ҚР Президенті.

Бұл мақсатта бюджеттен 1 трлн теңге қаржы бөлінбек.

МЕДИЦИНА  САЛАСЫНЫҢ  БЮДЖЕТІ  ЕСЕЛЕНЕДІ

Екпе мәселесі де екпінді мәселелерден тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы халыққа антивак­серлердің жетегіне еріп кетпеуге кеңес  берді.

– Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа індеттер пайда болатынын айтуда. Біз оның қашан болатындығын күтіп қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүруге, әрі қарай дамуға бейімделуіміз керек. Қазір бізге керек вакцинаны сатып алу өте маңызды. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажет. Сонымен бірге бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн, – деді  Қ.Тоқаев.

Енді денсаулық сақтау саласының бюджеті жылдағысынан да арта түспек. Салаға қомақты қаржы құйылып, ол мамандар санын арт­тыруға, дәрі-дәрмек қорын көбейтуге бағытталмақ.

ӘКІМДЕР  ЫҚПАЛДЫЛАРДЫҢ  ЫҒЫНДА  ЖҮР

Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп жайы­лым мәселесіне қатысты батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жайылымдық жерлердің дені қазір жекешеленіп кеткен. Қарапайым шаруа малын емін-еркін жайлай алмайды. Ал әкімдер сол жерді иеленіп алған ықпалды адамдардың ығына жығылып, мәселені шеше алмай отыр. Осыны  мемлекет  басшысы  Қ.Тоқаев  баса айтты.

– Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсететін қолдау тәсілдері  «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы»  бөлек  заңда  көрініс  табуы  керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс, – деді  ол.

ЖАЛАҚЫ  АРТЫП,  ЖАҒДАЙ  ЖАҚСАРАДЫ

Жалақы жыры – жылдар өтсе де күн тәр­тібі­нен түспей келе жатқан тақырып. Ең төменгі жалақы 42500 теңгеден енді 60000 теңгеге дейін артпақ. Аталған бастама 1 млн-нан астам қазақстандықты қамтиды. Бұл өз кезегінде көлеңкелі жалақы мәселесін жойып, ел экономикасына оңтайлы әсерін тигізеді. Және сарапшылардың пікірінше бұл жалпы ішкі өнімді 1,5 есе артуына ықпал етпек. 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20  пайызға  өседі.

– 2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары мұнан тыс қалды. Бұлар – мұражай қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері  және  басқалары. Сондықтан 2022 жылдан  2025  жылға  дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайыз­ға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді,  – деді  мемлекет  басшысы.

Жалақыдан кейінгі азық-түлік бағасы да халықты барынша қынжылтып тұр. Тіпті көпшілігінің тапқан табысының көлемі азық-түліктің айналасына ғана жетеді десе де болады. Өйткені жалақы көлемі аз, ал азық-түлік бағасы аспандап кеткен. БАҚ арқылы бұл мәселе талай мәрте көтеріліп жүр, бірақ биліктен бір шара қолданылып жатқан жоқ. Президент  бұл  проблеманы  да  айналып  өтпеді.

– Қазақстанның аграрлық әлеуеті туралы көп айтылады. Дегенмен АӨК саласында мәселе аз емес. Алдымен, ол – жөнсіз бағаның өсуі мен тауар өнеркәсібі жұмысын дұрыс үйлестіру. Мен бұған дейін елімізде көтерме үйлестіру желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет жүзеге асу деңгейінде тұр. Ұсақ ауылшаруашылық тауар өндіруді сол желімен қамтамасыз ету керек. Сол арқылы ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілердің өз шаруа­шылығы болады. Бұл салада монополия­ға жол жоқ. Жауап­кершілікті зонасын шектеп, бір ғана негіз­гі органды белгілеп, ол нақты регламент­пен бекітілуі тиіс. Қазір бұл сұраққа бірнеше орган жауапты. Баға өскен сәтте олар талдау жасап, тиісті шараларды қабылдаудың орнына бір-біріне сілтеп отырады. Бағаны реттеу мәселес­ін жөнге  келтіру керек. Бұл ретте Үкімет  бір  айдың  ішінде  шешім  қабылдауы тиіс, – деді  ол.

ҮЙ  мен  КҮЙ

Баға тұрақтанса, халықтың көңілі де жайла­нар еді. Талайды тезге салған баспана да бас мәселелердің қатарында. Тұрғын үйдің қолжетімсіздігінен талай отандасымыздың тауы шағылып жүр. Үйі жоқтың күйі болмайтынын да  ескеру  керек.

– Тұрғын үй – азаматтарымыз үшін қашан да басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Сонымен қатар, нарықтық ипотека «ставкасы» әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай «Бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы» әзірленетін болады. Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы» банкі оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында бір терезе қағидаты бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр, – деді президент Қ.Тоқаев.

ҚАСТАНДЫҚҚА  ЖОЛ  БЕРІЛМЕЙДІ

Мемлекеттік егемендігімізге және аумақ­тық тұтастыққа қастандық жасатуға жол берілмейді. Президент этносаралық қаты­настардың үйлесімді дамуы мемлекеттік саясат­тың магистрал­ды бағыттарының бірі болып қала беретінін, біздің азаматтар үшін келісім мен толеранттылық өмірдің мәні екенін  атап  өтті.

– Біздің мемлекеттік егемендігімізге және аумақтық тұтастыққа қастандық жасатуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай  сақтауымыз керек. Этнос­аралық және конфессияаралық қаты­настың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсіну қажет. Біз қашан да алауыз­дыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тию­ге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қайшы мұндай жауап­сыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделер­іне  зиян  келтіреді, – деді  Қ.Тоқаев.

ТІЛ  МӘРТЕБЕСІ  ТӨМЕНДЕМЕЙДІ

Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Және солай болып қала береді. Ал қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінде қалып, мемлекеттік тіл мәртебесінен ажырап жатыр деу – қате түсінік. Мемле­кет басшысы Қ.Тоқаев қазақ тіліне қатысты біраз шиеленіскен мәселелерді айта келе, тіліміздің мәртебесі Ата заңмен қорға­латынын  баса  айтты.

– Болашағын Отанымызбен байланыс­тыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады. Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін жетік меңгерсе, бұдан еш ұтылмайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара –әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі – БҰҰ-дағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымыз қажет. Еліміз өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуі керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл саладағы рөлі айрықша. Біз Отанымыз және барлық азаматымыз үшін жауап­кершілікті сезінуіміз қажет, – деді прези­дент.

ТҮЙІН. Сан саланы қамтыған мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында біраз түйткілді мәселелер қаузалды. Тек айтылған маңызды жайттар жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуді талап етеді. Жоспар аяқсыз қалмай, нәтижелі жүргізілсе, президент айтқан маңызды стратегия бір ізге түсері хақ.

Ә.БОЗАНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: