Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Путин ядролық қару қолдана ма?

30.06.2022, 11:40 593

Ресейдің Украинаға соғыс ашуы мен Мәскеудің «блицкриг» жоспарының іске аспауы, Украинаны жылдам жаулап алу әрекетінің тас-талқан болуы мен мыңдаған әскерінің қаза табуы Кремльді өзге шешімдер қабылдауға итермелеуі мүмкін. Бұл туралы Батыстық сарапшылар да, Украина мен ресейлік сарапшылар да айтуда.

Ресей ядролық қаруды қолдануы бек мүмкін дейді мамандар. Ресейлік пропаганда қызметкерлері 140 миллион аудиториясына бұл туралы күнделікті айтуда. Олар НАТО елдеріне ядролық соққы жасауды жиі қозғайды. Соңғы бір ай ішінде Польша мен Балтық елдерін ядролық соққы астына алу керектігін айтуда.

Ядролық қаруды қолдану сөзсіз жаһандық қақтығысқа ұласары анық. Ресейлік сарапшылар сияқты қуатты қарудың барын әр алаңда айта бермейтін НАТО елдері соңғы аптада азу тісін бір ақситып қойды. Мысалы, Германияның бас қолбасшысы Инго Герхартц ядролық қаруды қолдануға дайын болу жайында айтты. Герхартц былай дейді:

«Қарсыласты тоқтату үшін бізге ядролық қаруды қолдана алу керек, ол үшін саяси жігер қажет. Іс қарсыласпен төбелеске ұласқан сәтте Германия төбелесуге дайын, қажет болса біз өз аумағымыздағы АҚШ-тың ядролық қаруын қолдануымыз керек».

Осы сөздің өзі Ресей мен Украина соғысында жұмсақ позиция ұстанып келген Германия тарапынан айтылды. Бұл – Мәскеуге үлкен сигнал, бұған дейін дәл осындай ескертуді Ұлыбритания басшысы Борис Джонсон айтқан болатын.

Кей саясаткерлер Украинаға ядролық оқтұмсықтар беру керектігін айтуда. Польша саясаткері, поляктардың бұрынғы Сыртқы істер министрі, бүгінде Еуропарламент депутаты саналатын Радослав Сикорский былай дейді:

«Ресей өзінің ядролық қаруы жайлы айтып, үнемі НАТО елдері мен Украинаға айбат шегумен келеді. Кейде Ресей ядролық қаруына соншалықты сенім артып, халықаралық қауымдастықтың барлық ережесін еш жазасыз бұзуға болады деп санайды. Менің ойымша Ресейге НАТО-ның аса қуатты ядролық альянс екенін еске салуымыз керек».

Ол «Батыс елдері Украинаға ядролық қару беруі керек пе?» деген сауалға жауап берді.

«Қазір емес. Менің ойымша, Ресей ядролық қарумен ядролық қарудан бас тартқан елге соққы жасаса, әлем елдері оған қуатты жауап беруді ойластырады деп ойлаймын. Ресей билігі біздің өз нұсқаларымыз бар екенін ұмытпағаны жөн, – дейді  ол.

Ресейдің әскери сарапшысы Владимир Евсеев  Польша  саясаткерінің сөзіне жауап қатып, былай  дейді:

«Ресей НАТО елдерінің Калининградқа қауіп төндіріп, оны жаулап алу ойы барын білсе, бірден ядролық соққы жасап, Литва арқылы Калининградқа жол ашады. Егер Батыс дәл осындай жағдайға дайын болса, онда жағдайды ушық­тыра  берсін».

Соңғы аптада ресейлік саясаткерлер Литва Калининградқа апаратын жүк көліктерінің жолын жауып, қолдан шектеу жасап жатыр деп байбалам салуда. Литва билігі барлығы да Батыс­тық санкциялар аясында, ешқандай заңсыз әрекет жоқ деп мәлімдеді. Ресей билігі «Литва  дереу арада шектеулерді жоймаса, біз қатаң жауап береміз» деп ескертті. Алайда нақты  қандай  жауап  болатынын  айтпады.

Мамандар Путиннің ядролық қаруды қолдануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дей тұра, ол Путин билігіне үлкен қауіп төндіретін қадам болмақ. Біріншіден, ядролық соққы жасауға бұйрық берілсе де, оны орындау бірнеше сатыдан тұрады. Сондықтан қолбасшылар бұйрықты орындамай, керісінше бұйрық  берушінің  көзін  жоюға  ұмтылуы мүмкін. Екіншіден, ядролық соққы жасау тура­лы шешім қабылданса, НАТО елдері қарсы жауап ретінде Ресейдің ірі қалалары мен әскери нысандарын ядролық соққы астына алады. Бұл Ресейді толық жоюмен тең, сондықтан Кремль ондай қауіптің бар екенін жақсы түсінеді. Үшіншіден, ядролық қарудың нақты қолданылатынын НАТО барлаушылары білсе, НАТО бірінші болып соққы жасап үлгеруі мүмкін. Міне, аталмыш қауіптің барлығын Путин  билігі  ескерері  анық.

Жоғарыда айтылған қауіпке қарамастан, Путин «ядролық қаруды қолдану керек» деп шешім қабылдауы да ықтимал. Оған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Украинадағы әскери жеңіліс пен сәтсіздік артса, Украина әскері Қырымға басып кірсе немесе Қырым аймағын зымыран соққысының астына алса (Ресейдің конституциясына сай оккупациядағы Қырым Ресейге тиесілі және оны қорғау мақсатында ядролық қару қолданылу мүмкіндігі қарастырылады), Швеция мен Финляндия НАТО-ға мүше болса және аталмыш елдерге НАТО әскери арсеналы орналастырыла бастаса. Міне, осындай жағдайда Путин ойланбастан ядролық  қару  қолдануы  мүмкін.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: