Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қызылорда облысының жұртшылығымен, еңбек ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен және өңірдегі дарынды жастармен кездесті. Кездесулерде Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтылған бастамаларды, сондай-ақ, елімізде жүргізіліп жатқан өңірлерді орталықсыздандыру бағдары мен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы тапсырмаларды іске асыруға қатысты мәселелер талқыланды. Одан бөлек, бірқатар маңызды бағыт бойынша Сенаттың мәслихаттармен бірлескен жұмысының негізгі басымдықтарына мән берілді.
Палата Спикері мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен кездесуде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларды сапалы іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың бірлескен жұмысы ерекше мәнге ие екенін айтты. Сондай-ақ ол ел Президенті «Turkistan» газетіне берген сұхбатында белгілеп берген міндеттерге назар аударып, цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және Қазақстанды цифрлық державаға айналдыру жөніндегі бастамалар аясында күш біріктірудің маңызына назар аударды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Басты мақсат – әділетті мемлекет, тиімді экономика және жауапты басқару жүйесін қалыптастыру. Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында еліміздің қазіргі ахуалына және алдағы даму бағдарына кеңінен тоқталды. Президентіміздің барлық бастамасы Қазақстанды әділетті, демократиялық, ашық мемлекетке айналдыруға бағытталған. Сондықтан Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы іске асыру үшін сенаторлар мен мәслихат депутаттарының жүйелі өзара іс-қимылын және бірлескен жұмысын белсенді түрде жалғастыра береміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, фискалдық және салық саясаты толығымен қайта қаралған жаңа Бюджет, Салық кодекстерінің, сондай-ақ, қабылданған басқа да заңдардың маңызына назар аударды. Палата Спикері ел Президентінің өңірлерді орталықсыздандыруды және олардың дербестігін арттыруды көздейтін бұрын-соңды болмаған бағдары мен «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатының негізгі мәнін де тілге тиек етті. Мұндай қадам өзекті проблемаларды жедел шешу жолында бюджеттік дербестікті және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілікті арттырады, сондай-ақ, жергілікті билік институттарының рөлін нығайтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аймақтардың құзыретін күшейтіп, бірқатар өкілеттікті орталықтан өңірлерге беруді маңызды міндет етіп белгіледі. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік дербестігін кеңейту үшін ауқымды өзгерістер орын алуда. Соның нәтижесінде салықтар мен төлемдердің 25 түрі жергілікті деңгейге, оның ішінде аудандар мен ауылдарға берілді. Ең осал аймақтарға стандартты даму деңгейіне жету үшін көбірек ресурстар беріледі. Мұндай тәсіл инфрақұрылымдық олқылықтарды барынша азайтуға және елді мекендердің дамуын нақты жоспарлауға жол ашады. Өңірлердің кірістерінің 70 пайызы аудандық деңгейде және облыстық маңызы бар қалаларда шоғырланған. Бұл – жергілікті әкімдерді бизнес ортаны дамытуға және табыс базасын ұлғайтуға ынталандыратын қадам. Осындай ауқымды жұмыста мәслихаттарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл ретте Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы іске асырылуын бақылауды күшейтудің маңызы зор», – деді Сенат Төрағасы.
Кездесуде Мәулен Әшімбаев саяси жаңғыру жолындағы тағы бір маңызды мәселе – парламенттік реформа жөнінде айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қоғам мен сарапшылар талқылауына шығаруды ұсынды. Бұл бастама демократиялық институттар мен тетіктерді нығайтуға бағытталған дәйекті реформалардың қисынды жалғасы екені анық. Осы жолда кеңейтілген өкілеттіктерге ие Парламент маңызды рөлдердің бірін атқарады. Аталған реформа аясында Конституцияның 40-қа жуық бабына өзгерістер енгізіледі. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім халықтың пікірін ескере отырып, референдум арқылы қабылданады. Жалпы, парламенттік реформа өкілді билік тармағын одан әрі тиімді, икемді және заманауи сын-қатерлерге төтеп беретін жүйе ретінде күшейтуді көздейді», – деді Палата Спикері.
Мәулен Әшімбаев Қызылорда облысының экономикалық өсу перспективалары мен қарқынына назар аударып, жаңа даму тетіктерін жетілдірудің және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге кездесуге қатысушылар облыстың инвестициялық әлеуетіне, осы бағыттағы негізгі міндеттерге, олардың ерекшелігіне тоқтала келе, іске асырылып жатқан бірқатар жобаның тиімділігін және инфрақұрылымды жаңғыртуға, жолдар желісін, су мен инженерлік жүйелерді жаңартуға қатысты мәселелерді талқылады.
Өңірдің креативті жастарымен кездесуде елді жаңғырту процесінде білімді жас буынның рөліне, олардың бойына жасампаз құндылықтарды, жауапкершілік пен прогрессивті идеяларды сіңірудің маңызына және өскелең ұрпақты жүйелі қолдауға баса мән берілді. Атап айтқанда, үздіксіз даму, цифрлық сауаттылықты арттыру және озық технологияларды игеру жөнінде кеңінен сөз болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!