Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президенттікке әркімнің-ақ бар таласы…

13.10.2022, 12:00 601

«Тоқаевқа тең келер кандидат табыла ма?» деген тақырыпта газеттің бұған дейінгі санында мақала жазғанбыз. Бұл – соның жалғасы. Шынын айту керек, биылғы сайлауда «Тоқаевқа тең келер үміткер жоқ» деген пікір ашықтан-ашық айтылып, жиі-жиі жазылып жатыр. Президенттікке үміткер адамдардың тізімін көргеннен соң осылай болуы заңдылық секілді. Өйткені, олардың арасында танымал, елге сүйкімі бар кандидаттар жоқтың қасы. Бұл туралы саяси сарапшы Виктор Ковтуновский «Азаттыққа» берген сұхбатында айтып өтті.

«Тоқаевтың «бәсекелестеріне» келсек. Әзірге жеті кандидат ұсынылды. Бәрі – халық танымайтын, қандай да бір әрекетімен немесе мәлімдемесімен есте қалмаған адамдар. Ақордадағы технологтар осы арқылы Тоқаевты бәсекелестерімен салыстырғанда президенттікке лайық кандидат етіп көрсеткісі келе ме?» дейді ол.

Президент сайлауына  кандидат ұсыну 23 қыркүйек пен 11 қазан аралығында жүзеге асты. 21 қазанға дейін кандидаттарды тексеру, қол жинау процесі жүреді. 21 қазаннан 18 қарашаға дейін сайлауалды үгіт-насихат жүргізу болса, 19 қараша – тыныштық күні. Ал, 20 қарашада азаматтар өз таңдауын жасап, дауыс береді. 21-27 қараша аралығында сайлаудың алдын ала қорытындысын шығарады. 27 қарашада сайланған президентті тіркейді.

Айтқандай, 8 қазанда орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың президенттіктен үміткерге қойылатын барлық талапқа сәйкес келетінін мәлімдеген  болатын.

ОСК хатшысы Мұхтар Ерман То­қаев кандидатурасына қатысты барлық мемлекеттік органнан жауап алғанын, кандидатты сайлауға өткізуге кедергі келтіретін ешқандай жайт анықталмағанын айтты. Оның айтуынша, заңнама бойынша қазіргі президент мемлекеттік тіл емтиханын тапсырмаса да болады. Сондықтан, енді кемінде 118,2 мың қол жинауға  кірісе  беруіне  кедергі  жоқ.

Жалпы, тіл емтиханы үш кезеңнен тұрады: белгілі бір тақырыпта жазбаша тапсырма орындау, мәтін оқу және белгілі бір тақырып бойынша көпшілік алдын­да  кемінде 15 минут сөйлеу.

Апта басында президент сайлауына  тіркелген  бес  кандидат қол жинауға кірісіп кетті.  Орталық сайлау комиссиясы оларды мемлекеттік тілді  еркін  меңгерген, Конституция  талаптарына  сай деп таныды. Ал  үміткер  ұсынудың соңғы күнінде саяси додаға қатысқысы келетін тағы үш адам құжатын өткізіп, жалпы тіркелген кандидаттардың  саны  12-ге жетті.

Бұған дейін президент сайлауына қатысуға ниет білдірген үміткерлерге жеке-жеке тоқталған едік. «Ауыл» партиясы ұсынған Жигули Дайрабаев ОСК-ға 6 қазанда құжаттарын өткізді, 8 қазанда тіл емтиханынан өтті. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке 6 қазанда құрылған «халықтық коалиция» ұсынған. ОСК-ға құжаттарын 7 қазанда өткізді, тіл емтиханын тапсырмайды. Нұрлан Әуесбаев – ЖСДП ұсынған кандидат. Құжаттарын 7 қазанда өткізді. Мейрам Қажыкен болса «Аманат» кәсіподақтар достастығы атынан президенттікке ұсынылып отыр. ОСК-ға  құжаттарын 4 қазанда өткізген, 8 қазанда тіл емтиханынан өтті. Әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы ұсынған Қарақат Әбден ОСК-ға құжаттарын 8 қазанда өткізді. Сондай-ақ, Салтанат Тұрсынбекова «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінен президенттікке кандидат ретінде ұсынылды. Ұйым мәліметінше, 11 қазанда Астанада қоғамдық бірлестіктің жалпы жиналысы өтіп, онда президенттікке кандидат ұсыну мәселесі қаралған. Сондай-ақ, теңгенің дизайнын салған суретші Қайролла Ғабжәлелов «Асар» қоғамдық бірлестігінің атынан сайлауға қосылса, Бақыт Жаңабаев – «Қазақстан әуесқой футболшылар» қоғамдық бірлестігінің өкілі. Соңғы болып орталық сайлау комиссиясына «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігінен ұсынылған Фатима Бизакова тіркеліпті.

Айтпақшы, өткен аптада құжатын өткізіп, ұзақ тексерілген «Мұқалмас»  қоғамдық  бірлестігінің өкілі Нұржан Әлтаев та қазақ тілінен емтиханда жоғары баға алғаны белгілі болды. Ал, Қазақстан құрылысшылар одағы ұсынған Талғат Ерғалиев пен «Халық  демографиясы»  қоғамдық бірлестігінен  қатысатын  Жұматай Әлиев  тіл  сынағына  әлі кірген жоқ.

Бұған дейін Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева президенттік сайлауға 20 млрд теңге жұмсалатынын айтқан еді. Ел арасында мұны да сөз ететіндер өте көп. Қалай болғанда да әліптің артын бағу керек.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: