Президентке облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды, – деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен жылы өнеркәсіп өндірісі 8 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 28 пайызға және тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 30 пайызға өскені жөнінде баяндалды.
Облыс әкімі Дастан Рыспековтің айтуынша, былтыр өңірге 226 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның 89 пайызы – жеке инвестиция. Жалпы сомасы 940 миллиард теңге болатын инвестициялық пул жасақталды. Биыл құны 138 миллиард теңгені құрайтын 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл орайда құрылыс, сауда, логистика, энергияның балама көздері және туризм салалары инвестиция тартуға айтарлықтай тартымды деп танылған.
Мемлекет басшысына жылыту маусымының барысы және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізу жайында мәлімет берілді.
Президентке қатерлі өндіріс орындарында еңбек ететін азаматтардың қауіпсіздігін сақтау бағытында бұған дейін берген тапсырмасына сай атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Тиісті шараларды әкімдік Үкіметпен бірлесіп жүргізіп жатыр. Дастан Рыспеков «Қазақмыс» корпорациясының кенішінде таяуда болған апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасыларына қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру үшін жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялармен жұмысты жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.
Облыс әкіміне көлік-логистика әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, сапалы медициналық қызмет көрсету, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету және экологиялық мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!