Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтетіні алдын ала хабарланды. Сарапшылар аталған жиында ел тағдырына қатысты көптеген өзгеріс болатыны туралы жорамал жасаған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан жиында Үкімет басшысы Олжас Бектенов, премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар әкім баяндама жасады.
«Бүгін біз Үкіметтің кеңейтілген отырысында өте өзекті мәселелерге тоқталамыз. Себеп – бәрімізге белгілі. Қазір дүниежүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық» деген Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының өсіп жатқанын, бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп екенін жеткізді.
Ел Президентінің Ұлттық қор, Ұлттық банк және «Самұрық-Қазына» туралы айтқан сөзі қоғамда кең талқыға түсті. Еліміздің экономикасын әртараптандыру міндеті тиісті деңгейде орындалмағанын сөз еткен Мемлекет басшысы «Экономикамыз Ұлттық қордың қаржысына аса тәуелді болып тұр. Бірақ, осы жерде атап өтуіміз керек, Ұлттық қор – бұл мемлекеттік экономиканың ажырамас бөлігі. Бизнестің инвестициялық белсенділігі әлі де болса төмен деңгейде. Бұл олқылықтарды биылдан қалдырмай дереу жою қажет. Үкімет нақты шаралар қабылдауы тиіс» деп атап өтті.
Келесі сөз кезегі Ұлттық банкке арналды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев ел-жұртты ең алдымен ұлттық валюта бағамының құбылмалылығы алаңдататынын жеткізген. Сондықтан, сарапшылар АҚШ долларының нығаюы мен валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету есебінен теңге бағамына қысым жасауды күтіп жүр. Негізінен, жалпы инфляцияны тежеу маңызды жұмыс саналады.
Президент «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына да тоқталып өтті.
– «Самұрық-Қазына» қорының алдында тұрған ең маңызды міндет – қорды реформалау. Бұл бағыттағы жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр деп айту қиын. Әрине, нәтиже бар, бірақ әлі де атқарылатын жұмыс көп. Қордың қызметі ақпан айында арнайы талқыланады, – деді ол.
Сонымен, жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және басқа да құзырлы органдардың жақын арадағы негізгі 8 міндетіне тоқталды.
БІРІНШІ. Экономикаға инвестиция тартудың маңызы зор.
Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде өсім 6 пайызға жуықтап отыр. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен, тоқмейілсуге негіз жоқ.
Президенттің сөзінше, инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Сондықтан, Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек.
– Әлем Қазақстанға зор сенім артады, бізді «орта держава» ретінде таниды. Алайда бұл жоғары мәртебе тек сыртқы саясаттағы нақты нәтижелермен ғана емес, экономика, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы жетістіктермен де бекітілуге тиіс, – деді нық сеніммен Қасым-Жомарт Тоқаев.
ЕКІНШІ. Инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керек.
«Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруы тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес» деген Президент су үнемдеу тақырыбына баса назар аударды. Бұл тәжірибеде Қытайдың әлемдік деңгейдегі озық технологиясы бар екенін, тіпті олардың тәжірибесін бөлісуге дайын екенін жеткізді. Ең өкініштісі, біздің жақ оған құлықсыз боп отыр.
ҮШІНШІ. Цифрлық технологияны жан-жақты енгізу қажет.
Қазақстан цифрландыру ісінде, әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жеткені рас.
Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керегін айтты. Сондай-ақ, қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасқан.
– Статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Рас, мұндай қылмыстарды ашу оңай емес. Үкімет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және басқа да ведомстволар күш-жігер біріктіруі керек. Ішкі істер министрлігіне осы сипаттағы қылмыстарды әшкерелеуге көмектескен жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
ТӨРТІНШІ. Энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру.
Еліміз өзін-өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға көңіл бөлуі керек. Мемлекет басшысы бұл салада жетістіктеріміз болғанымен, әлдеқашан ескірген технологиялар бойынша салынған ЖЭС-терді инновациялық көмір стансаларын алмастырудың уақыты келгенін жеткізді. Сонымен қатар, кезінде Балқашта көмір электр стансасы салынбай қалғанын өкінішпен айтып өтті. Оның сөзінше, біз мықты қуат көзінен айырылып қалдық. Егер ондай станса салынса, бізге артық болмайтын еді.
БЕСІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажет.
Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шыққаны көпшілікке белгілі.
Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттыру себеп болған.
– Былтыр диқандарымыз мол астық жинады. Бірақ бидай бағасы тым арзандап кетті. Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл – уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек, – деді Президент.
АЛТЫНШЫ. Салық-бюджет саясатын реформалау.
Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда бұл жүйенің жұмыс істемей тұрғаны белгілі. «Неліктен олай болды?» деген сұраққа Үкімет өзі жауап беруі тиіс» деді Мемлекет басшысы.
Жалпы, Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік беріп отыр. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті Президент жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдауды тапсырды.
ЖЕТІНШІ. Маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз ету керек.
2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілген. Кейбір банк өз шығындарын әлдеқашан өтесе де, мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпай отыр. Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отырғандары да бар.
– Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді. Қомақты қаражат бергеніміз рас, – деп қысқа қайырды Қасым-Жомарт Тоқаев.
СЕГІЗІНШІ. Әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажет.
«Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма бердім. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады» деген Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керегін шегелеп айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы екенін айта отырып, соңғы жылдары мемлекеттің ғылымға бөлінетін қаражат көлемін едәуір арттырғанын айтты. Десе де, аталған қаржының нақты мақсатқа сай жұмсалуын қадағалау, бюджет қаржысы сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдарға ғана берілуді бақылауда ұстаған жөн.
– Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек. Онсыз болмайды. Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға көбеюде, – деп атап өтті Президент.
Бұл өз кезегінде жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетіп отыр. Осы орайда, «Заң мен тәртіп» қағидасы да халықтың санасына терең орнығуы тиіс.
– Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс. Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін-өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе, – деп алаңдаушылығын білдірді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен, Үкіметтің кеңейтілген отырысы да өтті. Бірақ, жұрт күткендей Үкімет отставкасы болмады. Әрі әкімдердің ауыс-түйісі де сезілмеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке көп үміт артатынын, сонымен қоса бірқатар тапсырма жүктегенін байқадық. Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап берген Президент «Экономикамыз дамып жатыр. Бірақ оның қарқыны ойдағыдай емес» деген сөзімен біраз нәрсенің жайын аңғартқандай. Кадрлық өзгеріс демекші, Мемлекет басшысы ең алдымен білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керегін, дәл сондай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымға тағайындайтынын жеткізді.
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!