Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент теміржол саласының өсімі және жаңа жобаларымен танысты

16.01.2026, 15:20 23

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдап, саланың өткен жылғы нәтижелері мен алдағы даму жоспарларын талқылады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесу барысында Президентке теміржол саласындағы негізгі көрсеткіштердің оң серпін көрсеткені туралы баяндалды. Атап айтқанда, тарифтік жүк айналымы бір жылда 10 пайызға өсіп, 289 миллиард тонна-шақырымға жеткен. Ал жалпы тасымал көлемі 5,5 пайызға артып, 320 миллион тоннаға дейін ұлғайған. Экспорттық бағыттағы жүк көлемі 89 миллион тоннадан асса, транзиттік тасымал 20 пайыздан астам өсіп, 33 миллион тоннаны құрады.

Сонымен қатар, Президентке стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы таныстырылды. Былтыр пайдалануға берілген Достық – Мойынты теміржолының екінші желісі арқылы 6 миллион тоннадан астам жүк немесе 100 мыңнан аса вагон тасымалданған. Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісінде техникалық қозғалысқа рұқсат берілгені де айтылды.

Қазіргі таңда теміржол инфрақұрылымын кеңейту және жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың жалпы ұзындығы 3900 шақырымды құрайды. Бұл елдің транзиттік әлеуетін арттырып, мультимодальдық логистиканы дамытуға серпін бермек.

Кездесуде компания қызметіне цифрлық шешімдерді енгізу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қауіпсіздікті күшейту, тиімділік пен ашықтықты арттыру мақсатында жасанды интеллект негізіндегі жобалар іске асырылып жатқаны айтылды. Сонымен бірге, тәлімгерлік институты жолға қойылып, жас мамандардан кадрлық резерв қалыптастырылған.

Мемлекет басшысы теміржолшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне тоқталып, сала қызметкерлеріне арналған қолжетімді тұрғын үй салу бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын трансформациялау жұмысын жалғастыру, ірі шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты нығайту, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу және логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: