Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент сайлауы: Кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталады

22.09.2022, 16:20 371

HALYQLINE.KZ

Қазақстанда президенттіктен үміткер кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталып, 11 қазан кешкі сағат 6-да аяқталады. Орталық сайлау комиссиясы 22 қыркүйек күнгі брифинг кезінде осылай деп мәлімдеді.

«Президенттікке кандидаттарды қолдау үшін облыстар, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың кем дегенде 2/3 атынан теңдей өкілдік ететін, сайлаушылар санының кем дегенде 1 пайызының қолын жинау қажет. Қол қою парақтарын беру кандидаттың Конституция мен конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтағаннан кейін 5 күннің ішінде жүргізіледі» деді ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.

ОСК өкілдерінің мәліметінше, 2022 жылдың 1 шілде күнгі жағдай бойынша, елде 11 827 277 адамның дауыс беруге құқығы бар. Сәйкесінше, әрбір кандидатта өзін қолдайтын кемінде 118,2 мың қол болуы тиіс. Кандидаттар төлейтін жарна көлемі – 3 млн теңге.

Елде кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Оған бюджеттен 20,5 млрд теңге қаражат бөлінеді. Қаржы үкімет резервінен алынады.

Қазақстанда президенттікке 40 жастан асқан, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік қызметте кемі бес жыл жұмыс істеген, кейінгі 15 жылда елде тұрған адам үміткер бола алады. Азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар мемлекеттік қызметтегі бес жылдық өтіл азаматтардың президенттікке сайлану құқығын бұзатынын айтады.

Халықаралық және жергілікті тәуелсіз байқаушылар Қазақстандағы бірде-бір президент сайлауына ашық әрі әділ өтті деп баға бермеді.

2019 жылғы маусымда өткен президент сайлауында елде жаппай наразылық өтіп, мыңдаған адам ұсталған.

Конституцияға енген соңғы түзетуге сәйкес, елде президент жеті жылға сайланады және одан кейін қайта сайлауға түсе алмайды. Сарапшылар Тоқаев алдағы сайлау арқылы өз билігін күшейтіп алуды көздейді деп топшылайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: