Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент қызметінің уақытша екенін айтты

01.12.2022, 12:20 290

Аты ауысқыш қалада 26 қараша күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі мен ұлықтау іс-шарасы өтті. Бұл – оның президент ретінде екінші мәрте ұлықталуы. 2019 жылы сайлауға қатысқандардың 70 пайыздан, 20 қарашада өткен президенттік сайлауда 81 пайыздан астамы Тоқаевқа дауыс берген. Уақытында президент билігінің күшейе түскенін айтқандар болды. «Халық мемлекет басшысына сенеді» дейтіндермен қоса, сайлаудың әділ өтпегенін, «Тоқаевтан басқа кандидатты танымаймыз» деген «жоспардың» жақсы орындалғанын жазғандар да бар.

Негізі Тоқаев билікте шексіз отыруды қаламайды. Оны мына сөзінен байқауға болатындай. «…Қазір бізде барлығы президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. …Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады». Бұл – біздің емес, мемлекет басшысының осы жылдың наурыз айында халыққа жолдаған жолдауында айтқан өз сөзі. Осыдан соң президент 1 қыркүйектегі жолдауында көптеген өзгеріс турасында айтып, «Біздің бүгінгі бастамаларымыз – Қазақстанның болашағы» деп сендірді.

Сонымен, миллиардтардың «мұртын бұзып» сайлауды да аяқ­тадық. Екі ұлықтауда да Қасым-Жома­рт Тоқаев сайлауды әділ өтті деп бағалап,  халыққа ризашылығы мен  алғысын  білдірді.

– Биыл халқымыз үшін айрықша маңызды жыл болды. Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біз түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістер жасадық. Конс­титуциялық реформаны жүзеге асыр­дық. Мемлекетіміздің ең басты сала­ларын жан-жақты жаңғырттық. Соның арқасында халықтың болашаққа деген үміті артып, сенімі нығая түсті.

…Конституцияның жаңа талабына сәйкес бұдан былай президент жеті жылдық бір мерзімге ғана сайланады. Осылайша, саясаткерлердің жаңа буыны билік басына келе бастайды. Мен осы шешімнің дұрыс болғанына кәміл  сенемін.

…Сайлау әділ әрі ашық өтті. Бұл – байқаушылардың, сарапшылар мен журналистердің берген бағасы. Ел-жұрттың белсенділігі ерекше жоғары болды. Кейбір азаматтар бүкіл отбасымен келіп, дауыс берді. Бұл науқан ел мүддесі үшін ұлт болып біріге алатынымызды көрсетті, – деді президент.

2019 жылғы ұлықтауда Қ.Тоқаев­қа президент куәлігін Дариға Назарбаеваның құдасы, Орталық сайлау комиссиясының сол кездегі төрағасы Берік Имашев тапсырған еді. Бұл жолы Назарбаевтармен таныстығы болса да, туыстығы жоқ Нұрлан Әбдіров табыстады. Президенттік сайлауда бірінші рет жеңіске жеткенде Қ.Тоқаев құпиясын Н.Назарбаевтың стратегиясымен байланыс­тырған   болатын.

«Ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда  біздің  азаматтарымыз Елбасының стратегиялық бағ­да­рын қолдап дауыс берді! Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мо­йындаған даму моделін жасады. Қазақ­станның көк туын дүние­жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті. Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілектер келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, Стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту. Шын мәнінде, халықтың дәл осындай өтініш-тілек айтуы – заңды, орынды. Себе­бі, қазіргі дамыған Қазақстан – ең алдымен, Елбасының арқасы» деген еді.

Дәл осылай деген мемлекет басшысы бұл жолғы ұлықтауда экс-президенттің атын да атамады. Ал, Тоқаев 2019 жылы президенттік қыз­метке кіріскенде елде үлкен өзгеріс­тер  жүріп  жатты.

Мәселен,  кезектен тыс сайлау өтпей жатып, Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ұсынысымен Астана қала­сының атауы Нұр-Сұлтан, облыс­тардағы орталық көшелердің атауы Нұрсұл­тан Назарбаев болып өзгерген еді. «Қаңтар оқиғасы» тұсында және одан кейін елде бірқатар таға­йындау мен лауазымнан  босату болды. Оның ішінде экс-президенттің ту­ған-туыстары да бар. 2022 жылдың ортасында елде Конституцияны өзгерту референдумы өтіп, Нұр-Сұлтан қаласының атауы Астанаға қайтадан ауысты. Тұңғыш президентке қатыс­ты  заңдарды  өзгерту  қолға  алынды.

Бұл сайлау науқанында Н.Назарбаев елді 2019 жылғы сайлаудағыдай Қ.Тоқаевқа дауыс беруге үгіттемеді. Қарсы шықпады, дауыс беруге барды. Сол кезде «мәңгілік көмекшісі» Кәрім Мәсімовтің сатқын болып шығатынын Иса пайғамбардай білмегенін айтып өтті. Немере інісі Қайрат Сатыбалдыға қатысты қойылған сұраққа «Қаңтарды кім ұйымдас­тырғанын білу маған да қызық. Тергеу нәтижесін күтіп отырмын» деп қысқа  қайырды.

Сарапшылар «Қаңтар оқиғасы­нан» кейін бұрынғы президент пен қазіргі президенттің арасы айтарлықтай алшақтағанын айтады. Десе де, ат  құйрығын  кеспегені  анық.

Ұлықтау рәсімінде президент «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақ­стан» ұғымдары жай ғана айтылмай, нақты орындалуы үшін барын салатынын  жеткізді.

– Біз әділетті мемлекет, әділетті экономика және  әділетті  қоғам құрамыз. Осы  қағидаттар  менің  сайлау алдындағы тұғырнамамда нақты көрініс тапты. Мен оның әр сөзіне, әр сөйлеміне терең мән бердім. Сайлауалды бағдарламам – бұл ұзақ ой-толғау мен ізденістің нәтижесі. Тіпті, жүрегімнен шықты десем, артық айтқандық емес. Халықтың бастамаларға қолдау білдіріп, үлкен үміт күтіп отыр­ғанын  білемін. Тұғырнаманың  әрбір тармағы толық орындалуға тиіс. Мен ол үшін барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Осыған байланысты арнайы Жарлыққа қол қоямын. Бұл Жарлық нақты іс-шара­лардың жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Бағдарламаның мүлтіксіз орын­далуын жеке бақылауыма аламын, – деді Қ.Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде ел мүддесін бәрінен биік қоятынын айтты. Барлық мемлекет­тік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап ететінін, кәсібилік  және қарапайымдылық бас­ты қағидат болу керегін, қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бәрі бекер болатынын шегелеп  айтты.

«Тәуелсіз елімізді қуатты мемле­кет ретінде ұрпаққа аманаттау – біздің борышымыз. Алда талай сынақтар, күрделі кезеңдер болуы мүмкін. Дегенмен ырысты ынтымағымызды сақтай білсек, алын­байтын  асу  жоқ.

Мен бүгін халқымның алдында тұрып, бастаған ісіміз берекелі болсын  деп  тілеймін.

Қазақ – ырымшыл халық. Мен биыл қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде ата-баба рухына құран бағыштап, Алладан бір-ақ нәрсе сұрадым. Ол – елдің амандығы. Шын мәнінде, еліміз аман болса, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем, мемлекеттігіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақ­станның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым. Ашығын айтқанда, қызмет – уақытша, ал халық – мәңгі»  деді  мемлекет  басшысы.

Турасын айтқанда, президент қызметінің  уақытша  екенін  айтты. Сол  сөзге  ерекше  мән  бергендей…

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: